Қоғам

Тұтқында қаза тапқан боздақтардың суреттері табылды

Газетіміздің биылғы 7 қаңтартардағы санында нацистік лагерьлерде тұтқында жүріп қаза тапқан шығысқазақстандық боздақтардың бірнешеуінің тізімі жарияланған болатын. Тұтқында жүріп шейіт болған азаматтар туралы ақпараттар жинау жұмыстары әлі күнге дейін тоқтаған емес. Редакцияға келіп түскен тізімге қарап отырып біз ғаламтор көмегі арқылы бірнеше боздақтың концлагерьде түскен соңғы суреттерін тауып алдық.
Сол кезде әскерге алынып жатқан азаматтардың тым көптігінен бе, әлде құжат толтырып отырған военкоматтағылардың сауатсыздығынан ба, әйтеуір тізімдегілердің аты-жөндері түгелдей дерлік қате жазылған. Кейбіреуін шамалап, қайсыбірін болжап келтіріп дегендей, әйтеуір тізімдегі түсініксіз есімдерді қазақшалап алудың өзі оңай болмады. Түлкібайды Тулковай, Жарқынбайды Яркинвей деп жазған тізімдегі көп есімдер мүлдем түсініксіз
Ғаламтор көмегіне жүгіне отырып, біз тізімдегі боздақтардың әрқайсысы жөніндегі ақпараттарды сүзгіден өткіздік, архивтерді ақтардық. Таңғалатын дүние – сол кездегі фашистік Германияның суретке түсіру технологиясының дамығандығы. Өлімге айдалып бара жатқан тұтқындарды суретке түсіріп, олардың саусақтарының таңбасын алып қалуға ерекше мұқият қарағаны көрініп тұр.
Фотосуреттер сол кездің деңгейі үшін өте сапалы. Адамның бет нобайын ғана емес, көңіл күйін де анық беріп тұр. Сіздердің назарларыңызға туыстары, үрім-бұтағы табылып қалар деген үмітпен суреттері табылған бірнеше боздақтың аты-жөндерін ұсынамыз.

Байбосынов Тілеубай (тізімде Байвусунт Тлувай деп жазылған, латын әріптерімен Baiwussunt ) 1900 жылы туылған, әскерге Көкпекті ауданы, Петропавловка ауылынан алынған.

Тұтқында қаза тапқан  боздақтардың суреттері табылды

Тұтқынға 1943 жылы түсіп, 1944 жылы шталаг VIII F (318) лагерінде қайтыс болған. Жұбайының есімі – Кәмила.

Берліғожанов Қожахмет – 1900 жылы туылған. Карточкадағы жазудан түсінгеніміз – әскерге сол кездегі Семей облысы, Абыралы ауданының 4-ші ауылынан алынған.

Тұтқында қаза тапқан  боздақтардың суреттері табылды

Жұбайының есімі – Умара деп жазылыпты (басқаша болуы да мүмкін). 1942 жылы тұтқынға алынып, сол жылы шталаг IV B лагерінде қаза болған.

Жақиянов Қонысбек – 1905 жылы туылған.

Тұтқында қаза тапқан  боздақтардың суреттері табылды

Жеке дерегінде сол кездегі Семей облысы, Ақсуат ауданы, Алғабас ауылынан деп жазылыпты. Туысының есімі Дайырбеков Жолымбек немесе Уәлибек ( түсініксіз жазылған). 1943 жылы шталаг IV B лагерінде көз жұмған.

Атақанов Уәлжан – карточкасындағы есімі Вальджан.

Тұтқында қаза тапқан  боздақтардың суреттері табылды

1907 жылы туылған. Деректерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысы, Бұқтырма ауданы, Маладск деп жазылған (қазіргі Ұлан ауданындағы Манат ауылы болуы мүмкін). 1942 жылы Қырымда тұтқынға түсіп, 1944 жылы лагерьде өлген.

Белгібаев Қисымбай Әмірбекұлы (Қызымбай немесе Қысымбай болуы мүмкін.

Тұтқында қаза тапқан  боздақтардың суреттері табылды

Карточкасында Kisimbai деп жазылыпты). 1916 жылы туылған. Әскерге шақырылған жері – Семей қаласы, Калинин ауданы. Тұтқынға 1941 жылдың 26-маусымында, Брест қамалында түсіп, 1944 жылы лагерьде қайтыс болған.

Женесов Қабдолла (немістер – Dshenesub, орыстар – Дженезуб деп жазған. Фамилиясы нақты емес).

Тұтқында қаза тапқан  боздақтардың суреттері табылды

1920 жылы туылған. Әскерге Семей облысы, Аягөз ауданы, Ақшәулі ауылының Карл Маркс колхозынан шақырылған. Тұтқынға 1941 жылдың тамыз айында Смоленск түбінде түсіп, 1942 жылы лагерьде қайтыс болған.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button