Қоғам

Эйфель мұнарасын жегіңіз келсе, мұражайға келіңіз

Эйфель мұнарасын жегіңіз келсе, мұражайға келіңіз


Күнделікті өзіміз тұтынатын тәттілерден да ел тамсанатын өнер туындыларын жасауға болады екен. Облыстық мұражай-қорықтың «Алтай» галереясында «Nikolya шоколады музейі» авторлық көрмесінің тұсауы кесілді.

Өскемен қаласы Қазақстандағы осынау тәттілерден жасалған бірегей көрме ашылып отырған жетінші қала. Бұл жолы қала тұрғындары мен қонақтары қырымдық шебер¬-шоколатье Николай Поповтың тәттілерден жасаған түрлі бұйымдарын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Әлемдік турне шеңберінде өтіп отырған көрмені ұйымдастырушы Виктория Стибло Николай үшін шоколад тек балалық шақтың тәтті дәмі ғана емес, сонымен қатар жалықтырмас хобби болып табылатынын айтады. Николайдың өзі бұл туралы «Мен әлемдегі ең бақытты адаммын. Өйткені, менің жұмысым хоббиыммен үйлеседі» деп айтатын көрінеді. Шынында да, тәттілерден жасалған түрлі бұйымдарға қарап отырып, одан нағыз өнер туындыларын да жасауға болатынына көзіңіз жетеді. Ол үшін нәзік талғам иесі болсаңыз жеткілікті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көшпелі көрмеге шебердің шамамен 300-ге жуық жұмысы қойылыпты. Марципан мүсіндер, шоколад багеттермен жиектелген картиналар, шоколад миниатюралар, макеттер, панно мен әртүрлі әшекейлер, инсталляциялар, композициялар келушілер назарын еріксіз өзіне аударып, еліктіре түседі. Жалпы шебер қай елге, қай қалаға барса да, көрмесіне негізінен сол жердің жергілікті шоколад өнімін пайдалануды дәстүрге айналдырған көрінеді. Шығысқазақстандықтардың назарына ұсынылған бұл көрмеге қойылған бұйымдарды жасау үшін Николай төрт ай бойы талмай жұмыс істеп, тоннаға жуық таза шоколад пен марципан өнімін пайдаланған.

Көрмедегі ең үлкен жәдігер – Алматыдағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайы есігінің көшірмесі. Осынау туындыны жасауға140 килодан астам шоколад жұмсалған. Бұл есікті шебер жылы қабылдау және жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудырғаны үшін алғыс ретінде жасаған. Тіпті осыған байланысты бір қызық естелік те бар көрінеді. Жұмыс дайын болған соң, Николайдың көмекшісі жәдігерді екінші қабаттағы көрме залына апарып қояды. Сол күні көрмеге келген мұражай қызметкерлері кіреберіс есікті кімнің жұлып алғанын білмей аң-таң қалады. Тіпті біреулері қандай да бір шара қолдану үшін төменге жүгіріп кетеді. Бірақ көп уақыт өтпей мәселенің анық-қанығы белгілі болады. Десе де мұражай қызметкерлері шоколотьенің шеберлігіне тәнті болып, бастарын шайқайды.

Аталған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.

Эйфель мұнарасын жегіңіз келсе, мұражайға келіңіз

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button