Қоғам

Төтенше жағдай министрі Шығыстың қысқа әзірлігін пысықтап қайтты

 Төтенше жағдай министрі Шығыстың қысқа әзірлігін пысықтап қайтты

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскеменге КЕЛГЕН еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкомен бірге аймақтағы азаматтық қорғаныс құрылымдары мен апаттық-құтқару қызметтерінің, жол мекемелерінің техникалық күштерінің дайындығымен танысып, аудандар мен қалалардың қысқы жағдайға, су тасқынының алдын алуға дайындығы жөнінде бейнережимдегі селекторлық кеңес өткізді. Кеңеске сенатор Сергей Плотников, басқармалар мен бірқатар кәсіпорындар басшылары қатысты.

– Жалпы алғанда біздің облыста жылыту маусымы тоқтаусыз, ақаусыз жүріп жатыр. Энергия өндіруші нысандары тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Алдыңғы күні ғана Семейдегі Энергетик ықшам ауданында қуаты 16 Гкал жаңа қазандықты іске қостық. Зырян, Курчатов, Серебрянка, Риддер, Глубокое, Шемонайха қалалары мен кенттері бойынша да бүгінгі күні түйткілді мәселелер жоқ. Жергілікті тұрғындар, бюджеттік мекемелер 80 пайыз көлемінде көмірмен қамтылып отыр. Биыл бірінші рет жылыту маусымына 21 млрд. теңге бөлініп отыр. Соның 10 миллиарды – жылу беру нысандарының қаржысы. Су тасқынының алдын алу шаралары да жергілікті жерлерде төтенше жағдайлар департаменті және оның бөлімдерімен бірлесе, нәтижелі жүргізілді. Су тасқыны қаупі бар жерлер түгелдей анықталған, тиісті іс-шаралар атқарылды. Біздің облыстың қысқы жағдайға дайындығы өткендегі Премьер-Министрдің қатысуымен болған кеңесте де айтылып өткен болатын. Еліміздегі ең ұзын жол – біздің облыста, 11 мың 500 шақырым. Биыл облысқа жолды қысқы жағдайда ұстауға 800 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сол жұмыстарды жүргізумен айналысатын 683 бірлік техника толық дайын. Сонымен бірге қалалар мен аудандар жергілікті жерлердегі кәсіпорындармен, шаруа қожалықтарымен осы шараларды атқаруға келісім жасасқан. Облыс орталығындағы «Өскемен тәртіп» мекемесінде 130 техника, «ОблШығысЖол» мемлекеттік мекемесінде 160 техниканың барлығы да қысқы жолдың кедергісіз, қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге әзір, – деген облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жылумен қамтуға, көлік қатынасының қауіпсіздігін сақтауға, көктемгі су тасқынының алдын алуға орай жүргізіліп отырған шаралар қыстан қысылмай шығуымызды қамтамасыз ететініне сенімін білдірді.

Облыстың қысқа дайындығы дегенде, Семей қаласының жылуы алдымен айтылып келеді. Облыс Әкімінің орынбасары Ерлан Текешовтың кеңесте баяндағанындай, бүгінгі күні Семейдегі ЖЭО-1 мен РК-1 жылыту нысандарын қайта жаңартудың арқасында қаланың сол жағалауын жылумен қамту мәселесі біржолата шешімін тапқанын жеткізді. Биыл республикалық бюджеттен осы нысандардағы жұмыстарға жеті млрд. теңге бөлінген. Семей қаласы бойынша қордаланып қалған қарыз мәселесі де шешіліп отыр. Жылыту маусымы басталғанымен коммуналдық қызметке қарызы бар үйлер жылу жүйесіне ең соңында қосылған. Алғаш рет қолға алынған бұл шара қарызды қайтаруға бірден-бір себеп болған.

Бұрнағы жылдары көмірдің сапасыздығы, қазандықтар қуатының төмендігіне байланысты біраз проблемалар туындаған Глубокое кентінде, Риддер, Курчатов, Серебрянка қалаларында да жылыту маусымына жан- жақты даярлық жасалып, орын алған мәселелер шешілген.

Су тасқынының алдын алуға, жағалауларды бекітуге биыл Үкімет қорынан 543 147, 5 мың теңге бөлініп, 11 қаланың маңындағы тасқын қаупі бар жағалаулар түгелдей бекітілген. Дер кезінде атқарылған осындай алдын алу шараларының нәтижесінде өткен көктемде 32 елді мекен су басудан аман қалды.

Ерлан Текешов облыста жол, жолаушылар қауіпсіздігін сақтап, қамтамасыз ету бағытында да жаңа істер қолға алынып жатқанын атап айтты. Жарма ауданындағы Аршалы, Бесқарағай ауданындағы Семеновка, Ұлан ауданындағы Привольное ауылдарының маңында қараша айынан бастап медициналық құтқару пункттері салынып жатыр. Жол жөндеу, төтенше жағдайлар қызметтері құрылымдары заманауи техникалармен, ультрақысқа толқынды радиобайланыс, мобильді байланыс түрлерімен қамтамасыз етіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрі кеңесте апатты жағдайлардың алдын алуда халықты құлақтандырудың, хабар берудің мобильді мүмкіндіктеріне үлкен мән беріп, қазіргі заманауи жедел байланыс, шұғыл тарату қызметтерін ұтқырлықпен пайдалануға назар аудартты.

Министр су тасқыны болған Күршім ауданындағы дайындық жұмыстары, Риддер, Курчатов, Серебрянка қалаларындағы жылыту нысандарының ахуалын сұрап, өзендері мен көлдері аса көп облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қай кезде де назардан тыс қалмайтынын, қазіргі күні Төтенше жағдайлар министрлігі 10 тікұшақпен жабдықталып жатқанын, жыл соңында тағы да төрт тікұшақпен қамтылатынын, оның бірі Шығыс Қазақстанға берілетінін, министрлікте жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қабылданып отырған арнайы бағдарламаға сай облыста салынып жатқан жол бойындағы медициналық құтқару пункттерінің шетелдік озық технологиялық құралдармен қамтылатынын жеткізді.

Владимир Божко облыс Әкіміне Серебрянка қаласындағы органикалық емес бұйымдар зауытына министрлік тарапынан мемлекеттік тапсырыс беруге ұсыныс айтып, өнеркәсіптік бағыттағы шаң-тозаң, газ тұту құралдарын өндіріп келген байырғы зауыттың өндірістік әлеуетінің мол екендігін, зауыт толық жұмыс істеген жағдайда өнімнің бағасының 70 пайызын алдын ала төлеп, тіпті үш жыл бұрын тапсырыс беруге мүмкіндіктері бар екендігін де еске салды. Қазір зауытқа қаржы салып, банк алдындағы қарызын төлеп, оны қайтадан толық қуатында жұмыс істету үшін «Қазинженеринг» компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Облыс Әкімі ұсынысты мақұлдады.

Кеңесті қорытындылаған Төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКО:

– Бүгін облыстың техникалық күштерінің көрмесін көріп, жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстым. Атқарылған шаралардың нәтижесі көңіл қуантады. Осыдан бірнеше жыл бұрын келгенде өңір тұрғындары қалың қармен бетпе-бет қалып, техниканың аздығы да аңғарылып тұрған. Қазір техника саны 800 бірлікке жеткен. Мұның бәрі облыс тұрғындарының анағұрлым қорғалып, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп отырғанын білдіреді. Аймақтың климаттық жағдайын еске ала отырып, Шығыс Қазақстанға үнемі үлкен назар аударып келеміз. Ол алдағы уақытта да жалғасын табады. Облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлының біздің құрылымдармен бірлесе жұмыс істеп келе жатқандығының арқасында өңірдегі ондаған жылдар бойы шешілмеген мәселелер екі-үш жылда-ақ шешімін тапты. Халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдар салынды, – деп облыстың төтенше жағдайлар құрылымдарын жаңа техникамен, құралдармен қамтуға болашақта да көңіл бөлінетіндігін мәлімдеді, қоян-қолтық жұмыс істеп, қиындықтарды бірлесе еңсеріп келе жатқан облыс Әкіміне алғысын білдірді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button