Қоғам

Тұтас бір көшеге жарық тартылды

Тұтас бір көшеге жарық тартылды


Ұлан ауданының Таврия ауылында ұзындығы 1,8 шақырым болатын тұтас бір көшеге жарық тартылды. Ауылдың көнекөз тұрғындары аталмыш көшеде Кеңес заманында да жарық болмағанын айтады.

Бұл игі шара «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Жобаға аудан бюджетінен 7,425 млн. теңге бөлінген екен. Осы қаржы дер кезінде игеріліп, Кооперативная көшесінің тұрғындары Тәуелсіздік күнін самаладай жарық көшеде қарсы алды. Көптен күткен қуанышты сәтті халықтың осынау ұлық мерекеге сәйкестендіруі де тегін емес. Өйткені, көше жарығына тұрғындардың қолы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ғана жетіп отыр.

– Мен осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Балалық шағым да, жас күнім де осында өткен. Тіпті, Таврия ауылы жеке бір ауданға орталық болып тұрған кезде де бұл көшеге жарық тартылмаған еді. Өзім осы Кооперативная көшесімен қиылыста тұрамын. Биік бағаналардан тараған жарық Кооперативная көшесін қойып, біздің бақшамызға түсіп тұрады. Барлығы күндізгідей айқын көрініп тұр, – дейді ауыл тұрғыны Татьяна Ядченко.

Ал осы ауылда алты жылдан бері дүкен ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Гүлжан Қарабалинова көшеге жарықтың келуі жұмысын жеңілдеткенін айтады

– Мен Кооперативная көшесінің сегізінші үйінде тұрамын. Дүкенге таңғы жетіде келіп, түнгі тоғызда қайтамын. Сондықтан жарықтың тартылуы менің жұмысыма өте қолайлы болды. Дүкен де осы көшеге жақын орналасқандықтан қараңғы уақытта қатынайтын тұтынушылардың саны да көбейді, – дейді ол.

– Бұл көшені жарықтандыру жобасының сметалық құжаттары маған дейін жасалған болатын. Соған сәйкес бағаналарда күнделікті қолданыстағы шамдар орнатылған. Алда оның бәрін электр үнемдегіш шамдармен ауыстырмақпыз. Өйткені, бір көшенің бойында 60 бағана орнатылған. Ал инновациялық шамдар сол шығынды біршама азайтатыны анық. Жалпы, ауыл бойынша барлық көше шамдары арнайы «таймердің» көмегімен іске қосылады. Яғни, жақпай не өшірмей ұмытып кету сияқты адам факторына орын жоқ, – дейді Таврия ауылдық округінің әкімі Данияр Уахитов.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button