Қоғам

“Цифрлық ипотека” жобасы халыққа жол тартты

Айжанат Бақытқызы

«7-20-25» халықты баспанамен қамту бойынша еліміздегі тиімді мемлекеттік бағдарламалардың бірі. Бағдарлама еліміздегі ипотекалық несие нарығына тың серпін әкелді. Сонымен қатар несие рәсімдеуді оңтайландыруға бағытталған «Цифрлық ипотека» жобасы да халыққа жол тартты. Бұл жайлы Freedom Finance Bank облыстық филиалының басшысы Динара Ногомбаева кеңірек айтып берді.

Динара Камалханқызының айтуынша, цифрлық ипотека – инновациялық және технологиялық банк қызметі. Бұл жүйеде ипотекалық несие алуға өтінім беруден бастап жылжымайтын мүлікті бағалап, тіркеуге дейін қашықтан рәсімделеді. Елімізде цифрлық ипотека жобасын енгізген жалғыз банк – Freedom Finance Bank «7-20-25» жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасы бойынша цифрлық ипотека беруді бастады. Банк пен ипотекалық бағдарламаның операторы «Қазақстандық тұрақтылық қоры» АҚ арасында тиісті келісімге қол қойылды.⠀

Енді тұрғындар бір ай бойы құжат жинауға уақытын жоғалтпай, небары бір тәуліктің ішінде қашықтан рәсімделетін цифрлық ипотеканы жеңілдікті пайыздық мөлшерлемемен ала алады. Жобаның артықшылығы – жеңілдетілген мемлекеттік бағдарлама шарттары, өтінім беру сәтінен бастап ипотеканы ресімдегенге дейін небары бір тәулік, қағазбастылықтың болмауы, яғни жүйе қажетті құжаттарды өзі мемлекеттік базалардан жинайды, несиені ұйымдастыру үшін комиссия болмайды. Тек мемлекеттік баж және баспананы бағалау үшін төлем – 11 500 теңге. Осы кезеңде бірыңғай зейнетақы жинағын пайдалана аласыз. ⠀

– Freedom Finance Bank-тің қатысуы «7-20-25» бағдарламасының мүмкіндіктерін және қамту аясын кеңейтеді. Тұрғын үй бағдарламасының жеңілдікті шарттары мен банктің цифрлық технологиялары несие рәсімдеудің ыңғайлылығына, жайлылығына және қауіпсіздігіне бағытталған, – дейді «Қазақстандық тұрақтылық қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Қыдыров.⠀⠀

Банк басшысы түсіндіріп өткендей, «7-20-25» бойынша цифрлық ипотеканы рәсімдеу үшін несие алушы бағдарлама талаптарына сәйкес келетін пәтерді таңдап, броньдап қойғаны жеткілікті. Бұдан әрі Freedom Finance Bank сайтында шарттарын қарап, ЖСН, телефон нөмерін көрсетіп, өтінім беру керек. Қалған бүкіл шаруа, соның ішінде кепілді тіркеу де қашықтан өтеді. Сату-сатып алу шартын жасау кезінде ғана қатысу талап етіледі.⠀

Баспана алу шарттары қандай?

«7-20-25» банктің жылдық мөлшерлемесі 7 пайыз, алғашқы жарнасы 20 пайыздан бастап ипотекалық несиенің берілетін мерзімі 25 жыл деген ұғымды білдіреді. 25 жыл деген – ең ұзақ мерзім. Төлеу шамаңызға қарай несиені 10, 15, 20 жылға да рәсімдей аласыз.

Сарапшылардың айтуынша, бұл бағдарлама ипотека нарығына жаңа серпіліс берді. Өйткені осы бағдарлама басталмай тұрған кезде еліміздегі екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиені 14-16 пайызбен берген болатын. Тіпті «Отбасы банктің» өзі алдын ала займ бойынша 9,5 пайызбен берген еді. Ал «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы пайда болған соң екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі 7 пайызға төмендеді. Ал алғашқы жарна 30 пайыздан 20 пайызға төмендеді.

Бағдарламаның негізгі төрт талабы бар. Алғашқы шарты – несие алушы Қазақстан азаматы болуы керек. Тұруға ықтиярхат немесе Қазақстан азаматы болмасаңыз, несие берілмейді. Екіншіден, табысын растауы қажет. Кірісіңіз жетпесе, қосымша кепілгер адам керек. Үшінші шарт – атыңызда үй болмауы шарт. Ал атыңызда үй болса, оны сатып жіберіп немесе сыйға беру келісімшартын рәсімдеп, бағдарламаға қатыса беруге болады. Ең бастысы, несиені рәсімдеген кезде атыңызда баспана болмауы тиіс.

Төртіншіден, атыңызда ипотекалық несие болмауы шарт. Болған жағдайда өтініш мақұлданбайды. Ал өзіңіз басқа біреуге ипотекалық несие бойынша кепілгер болсаңыз, одан шыққандығыңыз жөнінде анықтама тапсырып барып бағдарламаға қатыса аласыз.

Бағдарлама арқылы пайдалануға берілген, жаңа жылжымайтын мүлікті ғана сатып алуға болады. Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны Астана, Алматы және оларға іргелес аймақтар, Шымкент, Ақтау және Атырау үшін 25 млн теңге, Қарағанды – 20 млн, өзге өңірлер үшін – 15 млн.⠀

Цифрлық ипотеканы рәсімдеу

Банктің несиелеу жөніндегі маманы Бейімбет Көксегенов түсіндіріп өткендей, алдымен банк сайтындағы «7-20-25» ипотекасы өнімін таңдап, шарттарымен танысу қажет. Одан кейін несие калькуляторында баспана алатын қаланы таңдап, үйдің құны, алғашқы жарна сомасы, несие мерзімі, өтеу тәсілі сияқты бағандарды толтырады.

Несие калькуляторы бойынша алдын ала есептелген қарыз шарттарымен келіскен жағдайда, «Мақұлдау алу» тетігін басып, өтінім береді. Өтінім беру барысында несие алушы ұялы телефон нөмірі мен ЖСН енгізеді және компьютердің немесе мобильді құрылғының бейнекамерасын пайдалану арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Барлығы сәтті өткен соң клиент мақұлдау алады.

Егер өтінім беру нәтижесінде банк мақұлдаған несие сомасы сұратылған сомадан аз болған жағдайда, онда несиенің толық сомасын мақұлдау үшін бастапқы жарнаны немесе несие мерзімін ұлғайтуға, қосалқы қарыз алушыны тартуға немесе қосымша табыс көзін көрсетуге мүмкіндігі болады.

Ипотекалық несие мақұлданғаннан кейін жеке кабинетте алдын ала шешім шарттары – несие сомасы, бастапқы жарна, сыйақы мөлшерлемесі, несие мерзімі және ай сайынғы төлем сомасы көрсетіледі.

Мақұлданған несие шарттарымен келіспеген жағдайда клиент өтінімнің шарттарын өзгерте алады немесе күшін жоя алады.

Ал мақұлданған несие шарттарымен келіскен кезде клиент банкте аккредиттелген тізімнен сатып алынатын тұрғын үйді таңдай алады. Тұрғын үй кешенін таңдағаннан кейін несие алушының өтінімі туралы деректер растау үшін сатушының жеке кабинетіне беріледі. Сатушы мекенжайы, құны, кадастрлық нөмірі, салынған жылы, қабаты, жалпы ауданы, бөлмелер саны сияқты тұрғын үйдің нақты деректерін толтырады. Осылайша үй деректері алушымен алдын ала келісілген соң сатушы өтінімді растайды.

– Клиент бағалаушының қызметін және жылжымайтын мүлік кепілін тіркеу үшін алымды банк ұсынған деректеме бойынша төлейді. Төлем үшін клиентті банктің төлем бетіне сілтеме арқылы бағыттайды. Бағалауға өтінім бағалаушының жеке кабинетіне жіберіледі. Бағалаушы Қазақстан Республикасының заңнамасына және ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, тұрғын үйді бағалап береді, – деді Бейімбет Нұрданұлы.

Сату-сатып алу шартын жасау үшін банк құжаттарды рәсімдейтін нотариусты ұсынады. Клиент жеке кабинеттегі анықтамалықтан нотариусты таңдайды. Нотариус сатушы мен сатып алушы арасында шарт жасау және тұрғын үйге меншік құқығын тіркеу бойынша нотариалдық қызметтерді орындайды. Сату-сатып алу шарты жасалғаннан кейін тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқалары сатып алушыға беріледі. Банк қызметкері растағаннан кейін клиентке несие алу үшін жеке кабинетте құжаттарға қол қою қажеттілігі туралы смс-хабарлама жіберіледі. Цифрлық қолтаңбаның көмегімен клиент онлайн-кабинетте құжаттарға қол қояды. Цифрлық қолтаңба болмаған жағдайда сол жерде шығарылады.

– Мен жақында «7-20-25» бағдарламасы аясында, Freedom Bank арқылы өз арманыма қол жеткіздім. Банктің білікті мамандары ипотекалық несиені еш қиындықсыз бір-ақ күнде рәсімдеп берді. Электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен құжаттарға қол қойдым. Бұрын осыншама құжаттарды жинауға көп уақыт кететін. Жұмыстан сұранып, сағаттап кезекте отыруға тура келетін. Өзім басқа ауданның тұрғыны болғандықтан мен үшін несиені қашықтан рәсімдеу өте қолайлы болды. Кепілді бағалау үшін тәуелсіз бағалаушы қызметі де қарастырылған екен, – дейді Меруерт Мағзиева.

Өскемен қаласынан цифрлық ипотека жобасы бойынша үй алған Демежан Серікханұлы, Гүлнұр Түсіпова есімді тұрғындар да бұл жаңа жобаның артықшылығын айтып, банк мамандарына алғыстарын жеткізді.

Ипотеканы 21 жастан алуға болады

Динара Ногомбаеваның айтуынша, Freedom Finance Bank-тің екінші жобасы – қолданыстағы үйлерді (вторичный) сатып алуға несие беру. Несие шарттары – берілетін сома 3 млн теңгеден басталады, бастапқы жарнасы 30% бастап, несиелеу мерзімі 3-тен 15 жылға дейін, мөлшерлемесі 16%-дан басталады.

Несие алушының жасы кемінде 21 жас, несие мерзімі аяқталған кезде 63 жастан аспайтындай болуы керек. Несиенің ең жоғары сомасы 70 млн теңгеден аспайды. Баспананы бағалауды төлеу және кепілді тіркеу құны – 22 мың теңге.

Сатып алынатын жылжымайтын мүлік – көппәтерлі тұрғын үйлердегі баспана, салынған жылы 1965 жылдан кем емес, ауданы 29 шаршы метрден кем емес. Үш адамға дейін қосалқы қарыз алушыны тартуға болады.

Осы айдарда

Back to top button