Тәшенов тағылымын ту еткен туынды

Білім саласының ардагері, Марқа өңірінің тумасы Айтқали Садықов ақсақалдың «Жер тұяғы кетілмесін, Ел байрағы желбіресін» атты жаңа кітабы жарық көрді.

Сиясы кеппеген жаңа кітаптың бір данасы біздің қолымызға да тиді. Естіген, көрген дүниесін көңілге түйіп, көкейге тоқып жүретін көнекөз қаламгер оқырманына бұл жолы не ұсынды екен деп жинақтың бас-аяғын бір сүзіп шықтық.
Иә, қайсыбір ақсақалдардікіндей той-томалақтарда жазған тілек-баталарының жиынтығы емес екен бұл кітап. Алғашқы бетін ашқанда-ақ, көзге түскен «Жер қорғаған Жұмабек» атты деректі дастаны бірден бас көтертпей өзіне тартты. Қазақ жерінің солтүстіктегі бес облысын қылышынан қан тамған кеңес көсемдерінен жасқанбай отырып қорғап қалған Тәшеновтің тағылымды өмірі жырланыпты. Бұған дейін қазақтың қаһарман ұлы туралы қара сөзбен талай ескерткіш орнатылса да, жырға айналған көлемді дүние осы деп білдік.
Екінші бөлімі «Тұманды жылда жоғалған бейне» деп аталады. Бұл да деректі дастан. Қазақ серкелері қынадай қырылған 1937 жыл құрбандарының бірі – білікті дәрігер, гипнозшы Тәшмағанбет Ерғазыұлының жасын ғұмыры жырына арқау болған аталмыш бөлімде. Былайғы ортада көп айтыла бермейтін дәрігердің өнегелі өмірін жырмен өрнектеу – ұрпақ алдындағы парызын өтеуі деп түсіндік ақсақал ақынның. Соңғы бөлімде басқа да қисса-дастандары мен арнау жырлары, сондай-ақ танымдық дүниелері топтастырылған. Газетіміздің жарты ғасырдан астам тұрақты оқырманы болып келген кітап авторының бұл үшінші жинағы. Бұған дейін «Дөсет» және «Тылда туған тұмар жыр» атты кітаптары жарық көрген болатын.
Ақындық Алланың берген сыйы. 200 беттен асатын жинақтағы әр шумақ өлеңнің бәрі төрт аяғын тең басқан, мінсіз деп айтудан аулақпыз. Бірақ оқыған жан ой шүңетіне батары сөзсіз. Жылт еткен жазбасының бәрін баспасөзге тықпалай бермейтін, тоқсан ойланып тобықтай түйін шығаруға құштар қарт қаламгер һәм тұрақты оқырманымызға шығармашылық табыс тілейміз.
Мұратхан Кенжеханұлы