Қоғам

Төсқайыңға сымсыз телефон байланысы орнатылды

Төсқайыңға сымсыз телефон байланысы орнатылды

Күршім аудандық телекоммуникация торабына қарасты Төсқайың телефон стансасы былтыр автоматтандырылған сандық стансаға көшірілгеннен бері өңірдегі байланыс қызметінің сапасы артты.
Үздіксіз 35 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан осынау АТСК-50/200 маркалы желі мен жабдықтарда соңғы кезде бірде ана тұстан, бірде басқа жерден ши шығып, ақау көбейіп кеткен-ді. Соған орай, Күршімнен келген өндірістік-техникалық зертхана қызметкерлері С.Нұрсадықов, В.Семикин, жүргізушілер М.Сабырбеков, Б.Мұхаметжанов, Теректіден желілік электр монтерлері Е.Бардыбаев, Е.Сартықбаев, Т.Бұтабаев күн-түн демей шапқылап, сол бұзылған жерлерді қалпына келтіруге атсалысып жүрді. Олар үшін арнайы бөлінген орын да жоқ, осы уақытқа дейін байланыс қызметкерлері көптеген қолайсыздықтарды бастан кешіріп келген-ді.
Күршім аудандық өндірістік телекоммуникация торабының бастығы Әділбек Нұрсадықовтың бұл келеңсіз жағдайды жоғарыдағы басшылықтың назарына салып, неше мәрте ұсыныс жасауының арқасында облыстық телекоммуникация дирекциясы оң шешім қабылдап, Төсқайың ауылына бюджеттен тыс сымсыз байланысты жүзеге асыратын сандық АТС бөлінді. Осы шара үшін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамынан 11 165 800 теңге қаржы жұмсалды.
Жаңа технологияны орнату кезінде Теректі телекоммуникация торабының бастығы Т.Қашқанов қол астындағы ұжымды ортақ іске бір кісідей жұмылдырып, абоненттерді терминалға ауыстыруды ұйымшылдықпен жүзеге асырды.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button