Қоғам

Тұрғысын тұрғындары Динараға дән риза

Тұрғысын тұрғындары Динараға дән риза


Астында «иномарка», бос уақыты сұлулық салонында өтетін қала қызы өз еркімен ауылға барып қызмет істеп жүргенін естіп елең етістік. Есігі ашылмайтын ескі нива көлігін, өзі тізгіндеп ауыл басқарып жүргенін білгенде аңтарылып қалдық.

Динара Қожанованың Алтай ауданы, Тұрғысын ауылының әкімі болып барғанына бір жылдан асты. 15 жылдай облыс орталығында мемлекеттік қызмет атқарып келген өскемендік қыз аңсары ауылға ауған соң, аталмыш елді мекенге ат басын бұрған. Бос орынға байқау жарияланғанын естіген Динара да бақ сынаған. Жолы болып Бұқтырманың бойына қызмет ауыстырған-ды.

Жалпы, ауылды сағынып жүргендердің қатары көп болғанымен, сол жерге барып қызмет атқара қоятындардың қатары сирек қой бүгінгі таңда. Оның себебі де айқын. Советтік кезеңнен кейін қараусыз қалған қайран руханияттың ошағы бүгінде қауқарсыз шал-кемпірлердің күзетінде қалған. Тіпті үдере көшкен кей ауылдардың орнында қазір көне тамдардың қирандысы ғана қалған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселе ескеріліп жатыр.

Динара барған ауыл да сол сүреңсіз көп ауылдардың қатарында тұғын. Жастары жанбағыс қамымен қала сағалап кеткен Тұрғысын ауылының да дені зейнеткерлер. Мыңнан асатын ауыл тұрғындарының 90 пайызы орыс ұлтының өкілдері. Қалған 10 пайызы қазақ пен өзге ұлт өкілдерінің еншісінде. Осыдан кейін жаңа барған қазақ қызына деген ауыл атмосферасын әрі қарай суреттеудің өзі артық болар. Хош, сонымен ауылды аңсап барған қала қызының шығар жолы – бел шешіп жұмыс істеуі, ауыл тұрғындарының көңілінен шығуы ғана болатын.

Аталмыш ауылда 15 көше бар. Атауларын айтпасақ та түсінікті. Жаңа әкім ауыл тұрғындарымен ақылдаса келе, соның екі көшесін ауыстырып үлгеріпті. Оның бірі Алтай деп аталса, екіншісі Достық деген атауға ие болған. Оны әртүрлі тілдерге аудартып та әуре болмай, тек қазақ тілінде қасқайтып тұрып жазып қойды. Оған шын мәнінде ешкім де ренжімейді екен. Тағы үш көшенің атын өзгерту үстінде. Айтпақшы, ары-бері өткенде ауыл атауы «Турғысын» деп тұрушы еді, Динарамен бірге қазақтың төл әріптері де сол ауылға барыпты. Ауыл шеберінің көмегіне жүгінген әкім «Тұрғысын» деп «ұ» әрпін тұғырына қондырды.

Алтай ауданы десе, өткен көктемдегі елді шулатқан су тасқыны еске түседі. Қос өзенді жиектеп қонған тау іргесіндегі Тұрғысын ауылын да бұл табиғаттың тосын мінезі мазаламай қойған жоқ. Сегіз үйді су шайып кеткен. Билік пен халықтан қолдау тапқан ауыл әкімі ешқандай ың-шыңсыз ол үйлерді де күрделі жөндеуден өткізіп беріпті.

– Біз Тұрғысын ауылының ежелгі тұрғындарымыз. Тозып бара жатқан ауылымыздың оңалуына жаңадан келген әкім көп күш жұмсап жүр. Кез келген ауылдастардың өтінішін қараусыз қалдырмайды. Ауылда мәдениет үйі жоқ болса да, барлық мейрамдарды атаусыз қалдырып көрген жоқ. Жаңа жыл, Наурыз мейрамдарын жоғары деңгейде ұйымдастырды. Ауылдастар ендігі мерекелерді асыға күтетін болды. Ауыл бұдан да көркейе түседі деген сенімдеміз, – дейді ауыл тұрғыны Борис Пачин.

Төртінші деңгейлі ауылдардың салығы әкімдер құзыретіне өткеніне де біраз жыл болды. Бірақ Тұрғысын халқы екі мың адамға толмайтындықтан, ауылдың көптеген мәселесі қаржыға тірелетіні белгілі.

Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Динара ауылдастарына екі үлкен жұмыс істеп берді. Әрине, біреулер үшін үлкен болмауы мүмкін, бірақ ауылдастары үшін айта кетерлік шаруа. Оның бірі – ауыл шетіндегі орыс ұлтының зиратын жабайы өсімдіктерден құтқарып, қоршап беріпті. Тіпті, зират сыртына келіп тоқтайтын көліктердің тұрағына дейін салынған. Екінші бір жұмыс – ауыл сыртында қалған спорт алаңы мен балалардың ойын алаңын ауыл ортасына көшіріп берді.

Ауылдың ең басты мәселесі – ауызсу. Тұрғысындардың көбі жеке құдықтан тіршілік қайнарын алса, кейбірі ауыл іргесіндегі бұлаққа барады.

Зейнеткерлерге ол да үлкен жұмыс. Осы мәселені шешу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгірген жас қыз ақыры айтқанына жетіпті. Жуықта ауданнан қуанышты жаңалық жетіпті. Келесі жылы бірінші кезекте осы ауылдың ауызсу мәселесі шешілетін болып, сметалық құжаттары дайындалған. Ал бау-бақша суарғысы келген ауылдастарына ауыл шетінен өтетін шағын бұлақтан шамаларынша дамбы жасаған.

– Мен Тұрғысын ауылының «1 май» көшесінде тұрамын. Ауызсуды бір жарым шақырым жерден тасып ішетінбіз. Тұрғындардың дені бау-бақшамен айналысатындықтан, оған қажетті су да тапшы болатын. Жаңа әкім келген соң, кезінде істен шығып қалған үш құдықтың бірін іске қосып, жауапты адам тағайындап қойды. Бау-бақша мәселесі де шешілді. Тағы бір айта кетерлік іс – біздің көшеде аялдама болмағандықтан, автобустар тоқтамайтын. Ең жақын аялдама бір шақырымнан астам жерде. Көшемізде кілең зейнеткерлер тұратындықтан, бұл бізге ауыр тиетін. Осы әкім бұл мәселені де шешіп, жаяу жүргіншілер өткелін жасап қойды. Қазір облыс орталығына барсақ та, аудан орталығына барсақ та ыңғайлы етіп жасап қойды. «Жас келсе – іске» деген осы шығар, – дейді ауылдың зейнеткер тұрғыны Александра Богомолова.

Тұрғысын тұрғындары Динараға дән риза

Сонымен қатар, ауылдың ажарын ашатын көптеген сынтастар орнатылыпты. Кәсіпкерлерге айтып жүріп шұрық-тесік болған Достық көшесін де жамап-жасқап алған. Көптен бері жылу мен ыстық сусыз қалған ауылдық әкімдік ғимаратының бойына да қан жүгіре бастаған. Динараның ендігі арманы – ауылға Мәдениет үйін салып беру. Айтпақшы, бүкіл Қазақстан азаматы игіліктене алатын бес келі балықты аулау үшін ауыл тұрғындары бұған дейін сан мәрте айыппұл төлеп келген. Себебі, өзеннің бас жағын әлдебір шаруа қожалық иеленсе, аяқ жағында әйгілі Бұқтырма су қоймасы бар. Осы аралықтан балық аулаған ауыл тұрғындарының бәрі айыпты болып келген. Тиісті орындармен кеңес жүргізген жас әкім тыйым салынған орындардың шекарасын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал Динараны ауылға сүйреген махаббат әке қанымен жалғасқан тектілік екен. Әкесі Мұратбек ұзақ жылдар Күршім ауданы, Қалғұты ауылында совхоз директоры болыпты. Ал ескі «Нивамен» алысып жүргені анадан жұққан адамгершілік болса керек. Анасы Зиза апайымыз руханияттың ошағы саналатын Пушкин атындағы облыстық кітапханада қызмет етіп келеді. «Жүргізушім үлкен кісі, мен аудан орталығына барғанда ұзақты күн тосып қалады. Содан кейін ол кісіні әурелегім келмейді», – дейді Динара.

Мұратхан Кенжеханұлы
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button