Тұрғысын стансасыөндіріске серпін бермек

Аймақ басшысы «Экспо-2017» халықаралық көрмесі барлық қазақстандықтарды біртұтас идеямен біріктіріп, қоғам дамуына жаңа серпін бергенін атап өтті. Шығыс Қазақстаннан көрмеге 122 мың тұрғын қатысты, олардың ішінде төрттен бірін балалар құрады. Бұл – еліміз бойынша үздік көрсеткіш.
–«Экспо-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізу барлық қазақстандықтарға болашақтың, ең алдымен экономика саласының қандай болатынын көрсетті. Шығыс Қазақстанда баламалы энергетика саласындағы төрт жоба іске асырылуда. Оның екеуі – Тұрғысын-1 және Тұрғысын-2 су электр стансалары. Бір су электр стансасы салыну үстінде, екіншісі мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жарма ауданында испандық компаниямен бірге күн электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. 66 гектар жер телімі 49 жылдық жалға берілген, ВК РЖ және «КЕГОК» АҚ-нан қосылуға рұқсат алу үшін қуатты беру кестесі әзірленген, ТЭН әзірленген және жекеменшік сараптама өткізілген, жоба Энергетика министрлігінің энергия өндіруші ұйымдар тізіміне енгізілген, – деді Даниал Ахметов.
Мұнымен қоса, Жарма ауданы, Жаңғызтөбе кентінде «Жарма Энерджи» ЖШС-нің қуаты 25 МВт-тан 200 МВт-қа дейінгі жел электр стансасының құрылысы қолға алынбақ. Оның құны – 18,0 миллиард теңге. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену дәрежесінде тұр. Ауданы 1600 га жер телімін бөлу туралы қаулы мемлекеттік тіркеу органдарында жатыр. Нысанның іске қосылуы 2018 жылдың екінші жартысына жоспарланған.
Ержан Әбіш