Қоғам

Тұрғындарды жол бойында қабылдады

Тұрғындарды жол бойында қабылдады


Ішкі істер министрлігінің бастамасымен еліміз бойынша бір күнде, бір уақытта басталған республикалық акция аясында облыс полицейлері екі күн бойы Өскемен мен Семейде және өңірдің барлық қалалары мен аудандарында тұрғындарды жол бойында қабылдап, тегін кеңестер беріп, оларды толғандырып жүрген сауалдарға заң шеңберінде түсінікті түрде жауап берді.

Атап өтерлігі, осы екі күнге созылған шарада аймақ бойынша полицияның 21 арнайы мобильді топбы үздіксіз жұмыс істесе, олардың қатарына әкімшілік және жергілікті полиция басқармаларының, көші-қон қызметінің, «Nur Otan» партиясының облыстық, қалалық филиалдарының өкілдері, облыстық әділет департаментінің мамандары, жеке сот орындаушылар да қосылып, акцияның маңызын арттырды.

Өскемен қаласында аталған топ бірінші күні таңертеңгі сағат тоғыздан түскі бірге дейін облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы ғимаратының алдында және Өскемен теміржол вокзалының маңында кезекшілік жасаса, түстен кейін сағат екі жарымнан кешкі жетіге дейін Защита ауданындағы теміржол вокзалы мен Согра ықшам ауданындағы Мәдениет үйінің жанында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Ал келесі күні таңертеңнен түске дейін тәртіп сақшыларының мобильді тобы ЖМК шағын ауданында («Достық» базарының жаны), «Металлург» сауда үйінің маңында, түстен кейін «Арзан» гипермаркеті мен «Айка» супермаркеті (Өзен вокзалы ауданы) жанында тұрғындарға кеңес берді.

Мәселен, облыс орталығындағы Астана көшесінің тұрғыны, зейнеткер Ольга Ларионова үйінің жанындағы даңғыл бойымен күндіз-түні тынымсыз жүйткитін, дабыл белгілері қатты шығатын полицияның, жедел-жәрдемнің көліктеріне шағым айта келіпті. Оның айтуынша, бұл үйде негізінен зейнеткер адамдар тұрады, қатты дыбыстар олардың тыныштығын бұзатын көрінеді. Оған берген полицейлердің жауабынан ұққанымыз, полиция қызметкерлері арнайы шақыртуларға шыққанда ғана қатты дабыл белгісін қосады, ал түнгі мезгілде тек арнайы жарықты ғана қосып жүреді.

Ал Айжан есімді тағы бір тұрғын жол жүру ережесін бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен бір жылға айырылып қалған жолдасына куәлігін қайта алу үшін не істеу керектігін, қандай құжаттар қажеттігін білуге келіпті. Оған да жеткілікті түрде мағлұмат берілді.

– Ағымдағы жылдың 5-6 сәуір күндері облыс бойынша арнайы жабдықталған автобустарда полиция қызметкерлері кезекшілік етті. Оларға қалалар мен аудандар тұрғындары әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты, айыппұлдарды төлеу жолдары мен жүргізуші куәлігін алу мәселесіне байланысты және өздерін көптен мазалап жүрген өзге де сұрақтармен жүгінді және сұрақтарына толыққанды жауап алды. Акцияның басты мақсаты – тұрғындарға бірден ашық та жариялы түрде жауап беру. Шара барысында жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полиция басқармасының, көші-қон полициясы басқармасының бастықтары азаматтарды жеке қабылдады. Акция жыл сайын өтеді және халықтың қатысу белсенділігі артып келеді. Тіпті таңертең басталмай жатып бес адам қабылдауға жазылып қойды, – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы, полиция майоры Айгүл Белгібаева.

Акция барысында тұрғындар әділет департаментінің өкілдеріне де жазылып, сот орындаушыларының қызметіне, мүлікті, заңды тұлғаларды тіркеуге қатысты сауалдарына жауап алды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, екі күнге созылған акцияның қорытындысында өңір тұрғындарынан барлығы 1062 сұрақ түссе, оның 175-і көлікті тіркеуге қоюға, 159-ы жүргізуші куәлігін беруге, 214-і жолда жүруді ұйымдастыруға, 120-сы көлік құралын қайта жабдықтауға, 120-сы көші-қон мәселелеріне қатысты болған.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button