Қоғам

Тұрғындардың тұрмыс сапасы артып келеді

Тұрғындардың тұрмыс сапасы артып келеді


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХХІІ конференциясы өтті. Партияның 20 жылдығына арналған шараға аймақтық филиал төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов, партия ардагерлері, мәслихат депутаттары және аумақтық филиалдар өкілдері қатысты.

– Наурыздың 1 күні «Нұр Отан» партиясына жиырма жыл толады. Партия осы уақыт ішінде саны кем, басқару тетігі аз «Отан» партиясынан ұлт мүддесі жолында миллиондаған қазақстандықтың басын қосқан іргелі саяси институтқа айналды. Бүгінде біздің партияның өз тұғырнамасы, нақты бағдарламалары, стратегиясы бар. Алдымызда азат елімізді озат отыз мемлекеттің қатарына қосу міндеті тұр. Олай болса, Жастар жылында кейінгі толқынға жасампаз еңбек пен жарқын істің үлгісін көрсетіп, Отанымыздың нұрлы болашағын бірге қалайық! «Нұр Отанның» жиырма жылдық белесі құтты болсын! – деп бастады сөзін партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің айтуынша, өңір қарқынды даму жолына түсіп, негізгі жоспар орындалды. Былтыр жалпы өңірлік өнім 104 пайызға артты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 118, ауыл шаруашылығы 107, инвестициялар 112, құрылыс жұмыстары 108, бөлшек сауда 104 пайызды құрады. Нақты сектордағы оң серпін әлеуметтік саланың дамуына әсер етті.

Тұрғындардың ақшалай кірісі 117, орташа жалақы 111, жеке тұлға депозиттері 110 пайызға артты. 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

– Біз тұрғындар өмір сапасын жаңа деңгейге көтеру бағытында жұмыс істеп келеміз. Еңбекақысы төмен жұмысшылардың табысын арттыру мәселесі шешілуде. Былтырдан бері өңірдің 34 ірі және орта кәсіпорны 36 мың қызметкердің еңбекақысын көтерді. Жыл басынан бюджеттік салада жұмыс істейтін 38 мың адамның табысы орта есеппен 35 пайызға өсті. Жалпы еңбекақы өсімі 117 мың адамды қамтитын болады, – деді осы ретте аймақ басшысы.

Аймақтық партия филиалының төрағасы Даниал Ахметов партиялық жобалардың іске асырылуы жөнінде қысқаша есеп беріп өтті. Облыста 80 мыңнан астам «нұротандық» бар, жер-жерлерде 20 аумақтық филиалы, 330 бастауыш ұйымы жұмыс істеп тұр.

Былтыр партиялықтар 152 мың адамды қамтыған 2263 іс-шара өткізіпті. Аймақтағы 20 қабылдау бөлмесіне өткен жылы 5 мың шығысқазақстандық жүгініп, талап-тілектердің 43 пайызы оң шешілген екен. Осы ретте Семей қалалық қоғамдық қабылдауы еліміздегі үздіктер қатарынан орын алып отыр.

Өткен жылы партия 20 жаңа жобаны қолға алды. Мәселен, «Балаларға арналған тегін ІТ-сыныптары» жобасы бойынша өңір көш бастап келеді. Былтыр 277 ІТ-сынып ашылып, 14 мыңға жуық баланы қамтыды. 1 наурызға дейін тағы 378 сынып ашылып, олардың саны 655-ке жетпек.

Партияның «Мектеп асханасы», «Мектеп спорт алаңдарын қайта құру» сынды жобаларына да жіті көңіл бөлінуде. Аймақ басшысы 109 мектептік және 101 аулалық спорт алаңшаларын жаңарту туралы жұмыс кестесін бекітті.

Партия филиалының төрағасы облыс бюджеті әркез әлеуметтік бағытта болғанын және солай қала беретінін атап көрсетті. Ел қазынасын қоса есептегенде жыл сайын өңірдегі білім саласына 120 миллиард теңге, денсаулық сақтау саласына 92 миллиард теңге, әлеуметтік қамту саласына 19 миллиард теңге бөлініп келеді. Яғни, тек осы үш бағыттың өзіне 230 миллиард теңге, не болмаса облыс бюджетінің 53 пайызы жұмсалуда.

«Нұр Отан» партиясының конференциясында облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы отбасылардың әлеуметтік тұрғыда қолдаудың бірегей іс-шараларын ұсынды. Елбасының тапсырмасымен партиялық «Отбасы» бағдарламасы қабылданып, балалар құқығын қорғау республикалық кеңесі құрылғаны белгілі, осыған орай облыста тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейтін өңірлік штаб жасақталып отыр.

Алдымен бұл көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейтуге қатысты, бүгінгі таңда өңірде 26149 көпбалалы жанұя бар. Аймақ басшысы Даниал Ахметов аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың әлеуметтік карталарын 1 сәуірге дейін жаңартуды, олардың нақты қажеттіліктерін анықтауды міндеттеді.
Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен толық қамту тапсырылды. Биыл 38 мың адамға көмек көрсету үшін 1,4 миллиард теңге бөлініп отыр. Былтыр мұндай жәрдем 32 мың тұрғынға жасалған болатын.

Тағы бір тапсырма – тиімді еңбекпен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын ширату. Бағдарламаның бір іс-шарасы – жеке кәсіп ашуға шағын несие беру. Осы жылы аталмыш мақсатқа 4,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Қарыз ақшаның кепілдігі үшін 337 миллион теңге қарастырылуда. Бұл шамамен 112 адамның жеңілдетілген несие алуына мүмкіндік туғызбақ.

Сонымен қатар 67,7 миллион теңге бизнес-идеяларға грант түрінде жұмсалатын болады. Облыс әкімінің айтуынша, мұның бәрі көпбалалы отбасыларды қолдауға арналуы тиіс.

Партия филиалының төрағасы 12 ақпан мен 12 наурыз аралығына «Саламатты ана мен бала» акциясын жариялады. Оның аясында көпбалалы отбасылардың кез келген мүшесі тегін медициналық бақылаудан өте алады. Жиында білім саласы бойынша да нақты тапсырмалар жүктелді.

Көпбалалы отбасылардың балалары балабақшаға тегін барады

Облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы отбасылардың және мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық ата-аналары балабақшадағы тамақтану бойынша ата-аналар төлемінен толық босатылатынын мәлім етті. Мемлекеттік балабақшалардағы ата-аналар төлемін өтеу үшін облыстық бюджеттен 245 миллион теңге бағытталатын болады.

Облыс әкімі бизнес өкілдерін де әлеуметтік жауапкершілік танытуға үндеп, көпбалалы отбасылардың балаларын жеңілдікпен қамтуға шақырды. Мұндай мысалдар Семей қаласында бар, онда 18 жекеменшік балабақшадағы көпбалалы отбасынан шыққан 49 бала тамақтану үшін төлемнен босатылған.

Естеріңізге салар болсақ, Шығыс Қазақстанда 3 жастан 6 жасқа дейінгі барлық бүлдіршіндер мектепке дейінгі біліммен толық қамтылған. Өңірде жекеменшік балабақшаларды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тегершігі бойынша жалпы сомасы 11,7 миллиард теңгеге қаржыландырудың ұзақмерзімді бағдарламасы қабылданып отыр.

Атап өтерлігі, қазіргі кезде облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында көпбалалы отбасылардың 1736 баласы оқуда, оның ішінде 188 бала жекеменшік балабақшаларға барады. Облыс балабақшаларында көпбалалы отбасылардан шыққан 1736 бала бар. Орташа төлемақысы – 9500 теңге шамасында.
– Облыс ата-аналар төлемін өтеу үшін жергілікті бюджеттен 176,5 миллион теңгені көпбалалы отбасылар балаларына, тағы 95,5 миллион теңгені 600 мүгедек балаға бағыттап отыр. Яғни, осылайша 2148 баланың ата-анасы балабақшаға тамақтану үшін ақы төлеуден толық босатылмақ, – деді облыс әкімі.

Мектеп формасына жарты миллиард теңге бөлінеді

Конференцияда облыс әкімі Даниал Ахметов жаппай оқу қорының жиынтық көлемін 3 пайызға немесе 500 миллион теңгеге көтеруді тапсырды. Қалалар мен аудандар әкімдіктері бұл қаржыны аз қамтылған, оның ішінде көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына форма сатып алуға бағыттайды.

Аймақ басшысы норматив бойынша қор көлемі аудандар мен қалалар бюджеттерінде қарастырылған мектептерді ағымдағы күтіп-ұстау шығындарының кем дегенде 1 пайызын құрауы тиіс екенін атап көрсетті. Қор қаржысы аз қамтылған отбасылар балаларына ыстық тамақ беруді ұйымдастыруға, киім-кешек, аяқ киім, мектеп керек-жарақтарын алуға, сауықтыру мен жазғы демалысқа бағытталуы тиіс.

Облыста жаппай оқу қорының көлемі бүгінгі таңда 2,2 пайызды немесе 1,4 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта аз қамтылғандар қатарындағы бір оқушыға (олардың жалпы саны 28700) 48780 теңгеден келеді. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, осы қаражаттың 85 пайызы, яғни 1,21 миллиард теңгесі мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға жұмсалады.

500 миллион теңге көлемінде бөлінген қаржы ата-аналар үшін айтарлықтай жәрдем болмақ. Жаппай оқу қорынан бұрын бөлінген қаржымен қосқанда форманы сатып алуға кететін көмектің жалпы мөлшері 1 балаға 22 мың теңгені құрайды.

Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері жөнінде үкімет әлі дауласып жатқанда, облыс осындай нақты әрі тиімді қадамдарға барып отыр.

4200 баласы колледждерде тегін оқиды

Облыс әкімі аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерді оқытуға ең кемі 3 миллиард теңге бағыттауды, оларды тамақпен және шәкіртақымен қамтуды тапсырды. Кем дегенде 4200 бала осы көмекпен қамтылуы тиіс.

Облыста жұмысшы мамандықтар бойынша кадрларды даярлау үшін екінші жыл қатарынан жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс көлемі 10 пайызға ұлғаюда.

Тұрғындардың тұрмыс сапасы артып келеді

Қазіргі уақытта колледждің бір студентін шәкіртақымен және ыстық тамақпен қамту үшін жергілікті бюджет жылына 276 мың теңге жұмсап отыр. Мұнымен қоса, облыстық бюджет мұғалімдердің еңбекақысын қаржыландырады, колледждердің коммуналдық және өзге де ағымдағы шығындарын жабады. Сондықтан 2019 жылы 6200 жаңадан қабылданған балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы 4,5 миллиард теңгені құрады. Облыс әкімі мектеп оқушылары арасында кешенді кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізуді және оларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық беруді тапсырды.

Егер қандай да бір себептермен бала байқаудан өте алмаса, ол тиімді еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша кәсіптік-техникалық білім беру мекемесінде тегін оқи алады. Осы мақсатқа ағымдағы жылы әкімдік 1730 студентті қабылдау үшін 900 миллион теңге бөлді. Осы жылы да былтырғыдай жоғары білімді мамандарды дайындауға гранттар бөлу тәжірибесі жалғасады, яғни жалпы сомасы 450 миллион теңгені құрайтын 400 грант бөлінбек.

Тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарын мемлекеттік қолдау бюджет қаржысын тарату, масылдықты туындату емес, сапалы білім, медициналық қызмет, атаулы көмек, жеңілдетілген несие алуға мүмкіндіктер беру болуы тиіс. Сол себепті жиында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды кешенді қолдау бойынша бағдарлама әзірлеу міндеттелді.

– Тұрғындарды әлеуметтік қолдауда жастар алдыңғы шептен көрінуі қажет. Мен жастарды өңірді көгалдандыруға үндеймін. Оқушылар мен студенттер сәуір мен маусым аралығында бір-бір талдан егуі керек. Ал атқарушы билік арнайы орындар бөліп, көшеттер тарататын болады. Бұл акцияны «Жас Өркен» деп атауды ұсынамын, – деді партия филиалының төрағасы.

Жарыссөзге шыққан «Шалабай» ЖШС директоры Қуаныш Сүлейменов, Катонқарағай аудандық Достық үйінің директоры Наталья Гостева, Зайсан аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Қайрақова, партияның белсенді мүшесі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ оқытушысы Гүлмира Байыркенова партия жұмысына оң баға беріп, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

Конференция соңында Астана қаласында өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті съезіне делегаттар сайланды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button