Тұрғындардың тілегі орындалады

Ауыл тұрғындары көптен бері әлеуметтік жағдайларын түзеуді өтініш етіп айтып келген еді. Қалалардағыдай жасанды көгалмен жабдықталған футбол а
лаңы, қазақша күреспен шұғылдану үшін арнайы спорттық зал жабдықтары ауылдық округ тұрғындары үшін аса қажет.
Жиенәлі ауылдық округіне қарасты Бөкенші ауылы жастары мен балаларының келер жылы осы тілектері орындалатын болды. Клубқа арналған музыкалық жабдық та берілмек. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ал көп-балалы Махметовтер отбасы компьютермен қамтылмақ.
Бұл туралы көшпелі мәжіліс кезінде «Нұр Отан» партиясы Семей филиалының төрағасы Ермак Сәлімов мәлім етті. Ермак Сәлімовпен бірге қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков, партияның республикалық қоғамдық қабылдауының кеңесшісі Марат Ибраев, Семейдегі партия филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалтдинова да келіп қатысты.
Бұл көшпелі қабылдау «Нұр Отан» париясының құрылғанына 20 жыл толуына орай өтті. Халықтың мұң-мұқтажы басты назарға алынды. Бөкеншіліктер негізінен жеке өтініштерін айтты.
Ауыл тұрғындары 2009 жылы таза ауызсумен қамтылған. Су сорғыш станциялары бар, су құбырлары тартылған. Қыстан қысылмай шығатындай көмір қоры жеткілікті. Өздерінің медициналық пункті де жұмыс істеп тұр.
Қаладан 40 шақырымдық жерде орналасқан Бөкенші ауылында 600 адам тұрады. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындары қандай тілек айтып келсе де, Ермак Бидахметұлы барлығына да көңіл бөлетіндігін айтты. Ел дән риза. Мәселен, төрт немересін бағып отырған ауыл тұрғыны Ш. Манаспаева төртіншісін тікелей өз қамқорлығына алған екен. Үлкен немересі 19 жаста, оны жұмысқа орналастырып беруді сұрады. Немересі колледж бітірген. Осында келген жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі ол кісіге «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша көмек беретінін айтты.
Ал жалғыз басты Нұрбану Нұрланова өзі төрт баланы өсіруде. Біреуі дімкәс. Оның үйінің шатырынан су ағады, қоршау-қорғаны тозып кеткен. Ол кісінің де өтініші бірнеше күнде орындалатын болды.
Ал денешынықтыру пәнінің мұғалімі Әнуарбек Мұздыбаев мектеп спортзалының жөнделгеніне рақметін айтты. Бұл мектепте 90 бала білім алуда. Ұстаз волейбол бойынша үш секция жүргізеді. Онда 60 оқушы мен ауыл жастары жаттығып жүр. Тәрбиеленушілері қалалық, облыстық жасөспірімдер жарысының жүлдегерлері атанды. Тіпті, екі Қазақстан чемпионын да жаттықтырып шығарыпты. Әнуарбек Мұздыбаев қазақша күрес бойынша жаттықтырушы, сондықтан ол күрес залын ашу үшін спорттық жабдықтар сұрады. Қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко келер жылдың бюджетінде бұл қарастырылғанын айтты.
Жиенәлі ауылдық округіне қарасты Маралды ауылының тұрғыны Тлеубек Мұстафин ауылдар арасындағы жолды назарға алуды сұрады. Қала әкімі тиісті сала басшыларына ұзындығы небәрі 1 шақырым болатын жолды ретке келтіруді тапсырды.
Айта кету керек, нұротандықтармен бірге ауылға кардиолог, невропатолог және окулист те келген еді. Олар амбулаторлық пунктте 40 шақты ауыл тұрғынын қабылдады. Ем-шараларын жасап, диагноздарын қойды. Ауыл тұрғындары жергілікті дәрігер Айдынгүл Жүзбаеваға риза екендіктерін жеткізді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.