Қоғам

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады


Жыл сайынғы дәстүр бойынша «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников Әуезов кентінің тұрғындарына есеп берді.

Кездесуге қарапайым тұрғындармен бірге, кент әкімі мен Шар қалалық ауруханасының бас дәрігері де қатысты. Әуелі Ю.Овчинников жыл бойында атқарылған жұмыстарға тоқталып, кәсіпорынның кент дамуына қосқан үлесі туралы баяндады.

Бас директордың айтуынша, кәсіпорын өзінің биылға жоспарлаған жұмыстарының бәрін аяқтаған. Әсіресе, технологиялық қондырғылар орнату жұмыстары жемісті жүрген. Жыл аяғына дейін ішкі инфрақұырылым толықтай тартылып бітпек.

Ал келер жылы тау-кен байыту кешенінің құрылысы толықтай аяқталып, қондырғылар толықтай іске қосылуы тиіс. 2018 жылдың соңғы тоқсанында комбинатты толық қуатына енгізу жоспарланған.

-2017 жылы кәсіпорын мемлекет қазынасына 777 млн. теңге салық төледі. Былтыр бұл көрсеткіш 458 млн. теңге болатын. Ал 2018 жылы салық түсімі алты миллиард теңгеге жетпек. Өйткені, кен өңдеу жұмыстары басталады, – дейді Ю.Овчинников.

Қазіргі таңда кәсіпорында 695 жұмысшы еңбек етіп отыр. Келер жылы олардың 1072-ге жетуі тиіс. Ал құрылыс және монтаждау жұмыстарына, қызмет көрсету саласы бойынша мердігер ұйымдар арқылы 800 адам сырттан жұмысқа тартылған. Дуальді оқыту бағдарламасы бойынша кәсіпорын базасында 50 студент өндірістік тәжірибеден өтіп, оның 10 пайызы осында жұмысқа орналасыпты.

Тұрғындар тарапынан кәсіпорын басшысына өтініштер де, шағымдар да айтылды. Әуезовтіктерді жылу жүйесіне пайдаланылатын техникалық суға химиялық бояу қосылатыны алаңдатып отырса керек. Негізі бұл бояу жылу батареяларынан техникалық су ұрланбас үшін қосылады. Юрий Овчинников жылу жүйесін жаңалап, қайта іске қосқан кезде техникалық ыстық судың көп мөлшерде ұрланғанын еске салды.

-Бұл су тек үйлеріңізді жылытуға арналған. Оны басқа мақсаттарға пайдалануға мүлде болмайды. Тіпті, денсаулықтарыңызға зиянды деуге болады. Осыны кейбір тұрғындар әлі түсінбей отыр. Сондықтан суға тағам бояуға қолданылатын қоспа қосқанбыз. Осының нәтижесінде ыстық судың себепсіз азаюы тыйыла бастады, – деді бас директор.

Кентте комбинат құрылысы басталғанға дейін жанармай құю стансасы жұмыс істеген екен. Кейін кәсіпкер өз жұмысын тоқтатыпты. Әуезовтіктер компания басшылығына жанармай стансасын орнатып беруді өтінді. Сондай-ақ, 3000-нан астам тұрғыны бар кентке жалғыз дәріхана аздық етіп отырғаны да айтылды. Бұл мәселені Шар қалалық ауруханасы өз бақылауына алыпты. 2018 жылдан бастап кентте қосымша дәріхана ашылатын болды.

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Кеніш маңында орналасқан үйлердің тұрғындары тау жынысын қопару жұмыстары бойынша сұрақтарын кәсіпорын басшысына қойды.

-Кейбір үйлер мен кеніштің ара қашықтығы 800 метрден аспайды. Сондықтан бізде әрбір қопару жұмыстарынан кейін елді мекенге әсері зерттеледі. Ол үшін арнайы мониторинг те жүргізіледі. Әр жарылыстың топыраққа, жер қыртысына, іргедегі үйлерге әсері туралы мәліметтерді қолма-қол алып отырамыз. Ал жекелеген жағдайлар болып жатса, оны мұқият зерттеуге әзірміз – деді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын басшылығына әлеуметтік жауапкершілігін абыроймен орындап келе жатқаны үшін алғыс айтқан тұрғындар да болды.

-Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жасап отырған жақсылықтарыңыз айтуға тұрарлық. Жыл сайын бір әлеуметтік нысанды қолданысқа беріп келесіздер. Өткенде балабақшаны қалпына келтіріп едіңіздер, бүгін міне, амбулаторияны жаңартып отырсыздар. Кәсіпорын келгелі кентіміздің инфрақұрылымы дамып келеді. Осы істерді көрген сайын біздің де сіздерге деген сеніміміз ұлғайып келеді, – деді ауыл белсендісі Қайса Нұртазов.

Есімжан Нақтыбайұлы.

Осы айдарда

Back to top button