Тұрғындардың көңілі жайланды
Кешегі топан су басып, елді әбігерге салған күндер артта қалды. Глубокое ауданында тасқыннан бүлінген үйлердің елуі қайта қалпына келтіріліп, тұрғындардың көңілі жайланды.
Баспаналары баяғыдай емес. Қолы білетін шеберлер қабырғаларын оқтай етіп, сәнді тұсқағаз жапсырып шыққан. Терезе жақтаулары да пышақтың қырындай түп-түзу. Кейбір үйдің іргетастарын қайта құйды. Үй иелері мәз, әйтеуір.
– Алғашында гүр етіп келген топан су бізді есеңгіретіп тастағаны рас. Не істерімізді білмей сабылдық. Сол кезде көрші-қолаңның, аудан басшыларының қол ұшын созып жатқандары қатты қуантты. Ал құрылысшылардың жұмыстарында мін жоқ. Шамалары келгенше жөндеп-ақ жатыр, – дейді Глубокое кентінің тұрғыны Георгий Иванов.
Айта кетерлігі, аудандағы жөнделіп жатқан үйлердің сапасын қожайындарынан басқа қоғамдық кеңес мүшелері де қадағалап жүр. Мәселен, Г.Ивановтың үйіндегі жөндеу жұмыстары Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты Гүлмира Мамырбекованың бақылауында. Оның сөзіне сүйенсек, шаруа ыңғайланып келеді.
Қазіргі уақытта 98 үйде жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Құрылысшылардың айтуынша, ауа райының қолайсыздығы біраз кедергі келтірген көрінеді. Соның өзінде жұмысшыларда дамыл жоқ. Негізінен, үйлердің іргетасы, едені, тұсқағаздары бүлінген. Бір үйді толықтай ретке келтіру үшін құрылысшыларға екі аптадай уақыт қажет. Кейбір үйдің иелері «әкімдік қашан жөндеп береді» деп қол қусырып отырған жоқ. Білек сыбана өздері де жұмысқа кірісіп кеткен. Глубокое кентінің тұрғыны Есімбек Жақан тіпті ауласына киіз үй тігіп тастап, бала-шағасымен сонда тұрып жатыр. Өздері үшін қазақы үй жайлы. Ал жөндеу жұмыстары бір апта ішінде тәмамдалатын сияқты.
– Қазір пешін қалап жатырмыз. Құрылысшыларға, аудан басшыларына, мектеп мұғалімдеріне рақмет. Тиісті көмектің бәрін алып отырмыз. Өзім де жұмыстың басы-қасында жүрмін, – дейді Есімбек Жақан.
Иә, құрылыс қарқыны, сапасы осылай жалғаса беретін болса, қарғын судың салып кеткен ізі де, сызы да қалмайды. Жөндеу жұмыстарына 12 мердігер компания тартылған. Барлық фирмалар жұмысын кестеге сай орындап келеді. Прогресс ауылының тұрғыны Светлана Волощенконың су шайып кеткен үйін он бес күнде жөндеп берген.
– Біздің үйді бір сәтте-ақ топан су басты. Алғашында не істерімізді білмедік. Құдайға шүкір, дер кезінде көмек көрсетілді. Айтпай келген апатпен арпалысып, тасқынның салдарын жоюға күш салып жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз, – дейді Светлана Волощенко жарқырап тұрған үйін көзбен шолып шығып.
Кейбір компаниялар қайта қалпына келтіруді қайырымдылық ретінде де жүзеге асырған. Қазір кейбір үйдің жұмыстарын аяқтауға күн райы бөгет жасап тұр. Қабырғалары дымданып тұрғандықтан, түсқағаздар жапсыру мен еденді сырлау әзірше мүмкін емес сияқты. Күн жылына салысымен, қалған үйлерді жөндеу аяқталады.
Мерей Қайнарұлы
Глубокое ауданы.
Керек дерек
Ауданда топан судан зардап шеккен 98 үйге жөндеу жұмыстары жүріп жатыр:
Белоусовка кентінде – 20 үй
Глубокое кентінде – 21 үй
Предгорное ауылында – 33 үй
Прогресс ауылында – 24 үй
50 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды:
Белоусовка кентінде – 17 үй
Глубокое кентінде – 3 үй
Алтай кентінде – 2 үй
Предгорное ауылында – 3 үй
Прогресс ауылында – 25 үй