Тұрғындар тапсырысын уақтылы орындайды

Кезінде кәсібін бір ГАЗ-53, бір КАМАЗ, бір УАЗ автомобилімен бастаған Қайрат Терлікбаев бүгінде осы өңір халқының тіршілігі үшін қажетті барлық қызмет түрлерін ұсынып отыр. Осы уақыт аралығында тірлігін нық жолға қойып алған кәсіпкердің техникасы молайып, халықтан түсетін тапсырыстардың тізімі ұзарып дегендей, құлашын кең жая түсуде.
Бүгінде Қ.Терлікбаевтың паркінде өзі аударатын үш тіркемелі Камаз, бір Камаз автокраны, бір тиегіш, сонымен бірге бір шынжыр табанды, бір доңғалақты трактор бар. Ал 1 ГАЗ-53, үш УАЗ автомобильдері жұмысқа қашанда әзір тұрады.
– Менің қызметім осы өңірдегі тұрғындардың тапсырған жұмыстарын қапысыз әрі межелеген уақытта орындау болып табылады, – дейді Қайрат Сәпиолдаұлы. – Бұл бағытта ұятқа қалған жеріміз жоқ. Біреу қалаға қоныс аудармақ болады, ал енді біреулерге Ақжайлау, Ұранхайдан қарағай жеткізу керек. Немесе қысқа қарсы жеткілікті шамада көмір әкелу қажет. Міне, сондай кезеңде жұрт көмек сұрап маған келеді. Мен шамам келгенше олардың тапсырысын сапалы түрде әрі кешіктірмей орындауға күш саламын. Жағдайға қарайласып, ақыны да көңілге қонымды мөлшерде тағайындап отырамын.
Өскемендегі құрылыс-жол институтының автокөлік факультетін тәмамдап, елге оралған жас маман Марқакөл автокөлік кәсіпорнында инженер-экономист болып қызмет атқарып жүрген кезінде-ақ өзінің іскерлігін, жұмысқа тиянақтылығы мен ұқыптылығын айқын байқатқан болатын. Оның бұл қасиеті кейіннен осындағы киножүйенің директоры болып жұмыс істеген уақытында да көп кәдеге жарады. Ал кеңестік жүйе ыдырап, совхоздар тараған шақта Қайрат абыржыған жоқ, өз мүмкіндігін жақсылап бір сарапқа салып алды да, жаңа қадамға белін бекем буды. Онысы жұрт көріп отырғандай, нәтижесіз болған жоқ.
– Мен Қайратты бала кезінен білемін, – дейді оның замандасы, Марқа өңірінде көп жылдар басшы қызметтерде болған Серік Ақсартов. – Қарашіліктің тумасы, қарапайым отбасында өскен Кәкеңнің бойында жақсы қасиеттердің мол екені рас. Кәсіпкерлікке араласқаннан бері Қайраттың Марқа өңірінің тұрғындары үшін атқарған қызметі ұшан-теңіз деп батыл айтуға болады. Мен ауыл әкімі болып жүргенде Қ.Терлікбаевтың нағыз патриот екендігіне көзім әбден жеткен болатын. Себебі кейбір қиыншылық туындаған сәттерде ол айтқызбай жетіп, қолұшын беретін еді. Су тасқыны кезінде, жолдарды, көшелерді қар басып, қатынас ауырлаған уақыттарда көмектескен Қайрат қайбіреулер сияқты «ақыны қашан төлейсіңдер, қанша бересіңдер?» – деп саудаласып жатпастан бар техникасын ортақ іске жұмылдыратын. Ал аз қамтылған немесе қарт адамдарға отын, көмірді арзан бағамен беріп, өтініш айтқан жан болса, бұлданбастан жәрдемдесіп жүретіні өз алдына.
– Біз қазіргі кезде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, – деп осы шаруашылықтағы барша есеп-қисапты қапысыз жүргізіп отырған есепші, Қайраттың зайыбы Нәзира өз жайынан мағлұмат берді. – Ауылға кіреберістен ашып қойған май құю стансасында 5 адам жұмыс істейді. Ал бес адам техника жағында, олардың барлығы дерлік өз жұмысын жетік білетін кәнігі мамандар. Ал науқан кезінде қосымша жұмысшылар жалдаймыз. Жүргізушілерге артылатын міндет жүгі жеңіл емес, өйткені олар жиі-жиі сапарға шығып, жол үстінде жүреді. Соның арқасында тендер арқылы жол салу, әскери бөлімдерге, мекемелерге көмір жеткізу, ауыл тұрғындарын көмірмен, отынмен қамту сияқты маңызды жұмыстардың барлығы дер кезінде орындалады. Қысқаша айтқанда, халыққа күнделікті қызмет көрсетіп отырамыз.
Нәзираның мамандығы медицина қызметкері, бірақ ол бүгінгі күні есепшілікті меңгеріп, кәсіпкер жолдасына сенімді серік болып отыр. Осынау берекелі де өнегелі отбасында бес бала өсіп жатыр. Қамқор ата-ана олардың бәріне бірдей тиісінше білім беріп, қажетті нәрсенің барлығымен қамтамасыз етуде.
Қайраттың алға қойған ауқымды жоспарлары баршылық. Онымен жолыққанда айтылған әңгіме мен алған әсерден түйгеніміз – мұндай азаматтардың қашанда көздеген жерден көрініп, айтылған жерден табылатындығын ұғынғанымыз дер едік.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.