Тұрғындар электронды қызметті қолдануға асығар емес

Шығыс Қазақстан электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемі жөнінен елдегі 16 өңір ішінде 15-орынды иеленіп отыр.
Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы осындай мәлімет келтірді. Ведомство жетекшісінің айтуынша, ауылдық жерлерде әлі күнге дейін ұшқыр интернет жоқ. Осы жайт мемлекеттік қызметтердің электронды түрде көрсетілуіне үлкен кедергі келтіріп отыр.
Десек те, интернет жылдамдығы талапқа сай ірі қалалардың халқы да әзірге қызметтерді электрондық түрде алуға асығар емес. Департамент басшысының айтуынша, қалалықтар көптеген мемлекеттік қызметтерді үйде отырып-ақ электронды түрде алуға болатынын білмейді, жөнді ақпараттанбаған, азаматтардың басым көпшілігі анықтамаларды бұрынғысынша мекемелерге барып, қағаз күйінде алуды құп көреді.
Алайда, мемлекеттік органдар ішіндегі құжат айналымы қарқынды түрде электронды нұсқаға көшіріліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін жоспар бойынша қағаз түрінде беріліп келген 18 миллионнан астам анықтама келмеске кетпек. 200-ден астам қызмет түрі енді тек қана электронды форматта көрсетілетін болады, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыру есебінен 71 миллиондай қағаз қысқарып, азаматтар мен мемлекеттің 12 миллиард теңге қаражаты үнемделмек.
Мәселені шешу үшін департамент басшысы мемлекеттік құрылымдарға халықпен тығыз жұмыс жүргізіп, өздерінің электронды қызметтерін жан-жақты насихаттауға кеңес беріп отыр.
– Мемлекеттік қызметтер елімізде бұрыннан электрондық нұсқада да көрсетіліп келеді. Тұрғындарға мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ, әкімдік, басқарма, түрлі орталықтарға сабылмай-ақ, барлық қажетті қызметті электронды үкімет порталына тіркелу арқылы алуға болады, – деп атап көрсетті Жанна Қабдолдақызы.
Соңғы кездері баланың туғанын тіркеу, туу туралы куәлігін беру, сонымен қатар жәрдемақысын тағайындау, балабақша кезегіне тұрғызу сынды қызметтер аналарының қалта телефондары арқылы перзентхана палатасында көрсетіліп жүр.
– Электронды қызметтерді насихаттау және түсіндіру мақсатында біз бірнеше бейнеролик түсірдік. Айталық, сол роликтердің бірінде жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қызметті электронды түрде қалай алуға болатынын қарапайым тілде жеткізеді. Бұл бейне ақпараттар мемлекеттік органдардың сайттары, телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы таратылуда, – деді департамент жетекшісі.
Электронды қызметтің ұтымды тұстары – кезекте тұрып, алтын уақытыңызды кетірудің қажеті жоқ. Осы жайттың өзі баршаны қызықтыруы тиіс. Қазірдің өзінде елімізде 700-ге жуық мемлекеттік қызметті Интернет көмегімен үйде отырып-ақ алуға болады дейді мамандар. Тек үгіт-насихат жұмыстарында және оларды халыққа қарапайым етіп жеткізуде ғана көптеген мәселелер туындап отыр.
Ержан Әбіш