Қоғам

Тұрғын үйлер аудандарда да салынады

Тұрғын үйлер аудандарда да салынады
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Алғашында тұрғын үй нарығындағы тың жаңалыққа тосырқай қараған облыс тұрғындары бүгінде осы бағдарлама бойынша пәтер алуға құлшыныс танытуда.

– «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша төлем қабілеті бар тұрғындардың барлық санаты үшін қаланың 16-шы ықшам ауданында 384 пәтерлі жеті үй, қазіргі күні оның төртеуіне тұрғындар толық қоныстанды, 19-шы ықшам ауданында 504 пәтерлі алты үй салынып жатыр. 19-шы ықшам аудандағы тұрғын үйлер жоспар бойынша желтоқсан айының соңына дейін салынып бітуі тиіс. Бұл ықшам аудандағы тұрғын үйлерге өтінім қабылдау сәуір айында басталған болатын. Салынып жатқан 504 пәтерді сатып алуға 950 салымшыдан өтінім келіп түсті. Бұл елдің баспана мәселесін шешуді меңгере бастағанын көрсетеді. Қазір бәрін балл бойынша іріктеп, анықтап алдық.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының екі бағытын жүзеге асыруға қатысып келеді. Біріншісі – жоғарыда айтып отырған банктен есепшот ашқан барлық санаттағы азаматтар үшін меншікке сатып алу және кейіннен сатып алу жолымен жалға алу бағыты болса, екіншісі – жас отбасыларға арналған кейіннен сатып алу жолымен жалға алу бағыты. Биыл қалада жас отбасыларға арналып 315 пәтерлі үш көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Пәтерлер келесі жылы пайдалануға беріледі. Жас отбасы пәтерде тұрып жатып Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіндегі шотына ай сайын ақшасын жинап, сегіз жылға дейінгі мерзімде сатып алады. Үш жыл көлемінде жинаған жарна бойынша берілетін жеңілдіктерден тыс, соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес бағдарламаға қатысушы банк салымшысының жекеменшік үйі, яғни баспанасы жоқ болса, оған несие төмендетілген 6,5-8 пайыздық жылдық өсіммен беріледі. Осындай жеңілдікпен берілетін тұрғын үй несиесін ұсынуда ескерілетін басқа да шарттар бар. Осы уақытқа дейін облыста 112 адам 611 млн. теңгенің осындай жеңілдетілген несиесін алды. Бағдарлама бойынша облыста 2020 жылға дейін жыл сайын бірнеше жаңа тұрғын үй салынып отырады, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Бизат Нұрпейісова.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында Семейде де тұрғын үйлер салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Банк филиалы директорының орынбасары Бизат Нұрпейісованың айтуынша, қазір аудандар да банкпен келісімге оты-рып, бағдарлама аясында тұрғын үй салуға тілектерін білдіріп отыр. Солардың алды болып Ұлан ауданы банкпен келісімге отыруда. Келесі жылы бағдарлама бойынша аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде 95 пәтерлік екі тұрғын үй салынбақ. Әр шаршы метрі – 90 мың теңгеден. Шемонайха ауданының, Риддер қаласының әкімдіктері де тұрғын үй салуды жоспарлап отырған көрінеді.

Алдын ала болжам бойынша облыста 2014 жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бо-йынша он көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бәрі де ЖМК ықшам ауданындағы 19-шы тұрғын үй ауданында салынады. Бұл – келер жылы да бірнеше жүздеген отбасы жеңілдетілген несие алып, баспаналы болады деген сөз. Бірақ сол құрылыстар дер мезгілінде салынып бітсін деңіз. Себебі, тендерді ұтып алған облыстағы мердігер құрылыс компаниялары мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысын мерзімінде аяқтай алмай, үйден үміттенген банк салымшыларын сарғайтып қоюда. Республикадан қаражат бөлініп жатқанымен жұмыстары жылжымауда.

– Қарапайым тұрғындар үйлердің мерзімінде берілмей жатуын банктен көреді. Тұрғын үйлерді мезгілінде салып бітірмей отырғандар – құрылыс компаниялары. Құрылыстың дер кезінде салынып бітпеуі салымшылардың бағдарламаға деген көзқарасын өзгертуде. Әрине, осыдан кейін тұрғындар тарапынан сенімсіздік туады, – дейді тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының құрылыс жөніндегі маманы Бақболат Ақылбаев.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button