Тұрғын үй салғанда ең алдымен халықтың жағдайын ойлау керек

Көпқабатты тұрғын үйлерді салғанда ең алдымен халыққа қолайлы жағдайды ойластыру қажет. Әсіресе, үйлердің арасындағы жаяу жүргіншілер жолын, аялдамалардың жақын маңда орналасуын, абаттандырылуын, тұрғындардың сейіл құратын демалыс саябақтарын алдымен ескеру керек. Ал бізде өкінішке орай, бәрі керісінше болып жатады.
Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменнің 19-тұрғын ауданындағы Есенберлин даңғылының бойында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысу барысында айтты.
Аталған тұрғын аудандағы 117 және 120/1 позициялардағы тұрғын үйлердің жайымен танысқан облыс әкімі қаланың жаңа аудандарында тұрғын үйлерді салғанда бірінші кезекте сонда тұратын халыққа тұрмыстық қолайлы жағдай туғызу керектігін қалалық әкімдіктегі шенеуніктердің есіне тағы бір мәрте салды. Бұлардың бірі қолданысқа берілсе, екіншісінің құрылысы жүріп жатыр.
– Сіздер алдымен үй тұрғызып, артынан барып жол, тағы басқа инфрақұрылымдарды саласыздар. Бұл өте қымбатқа түседі. Соны неге үнемі естен шығарасыздар. Мәселен, мына екі үйдің арасын жалғайтын жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Ертең үй біткенде көршілер бір-бірімен араласпай ма сонда. Қазір бір-біріне тау асып, айналып барып жүр. Аялдама да алыста орналасқан, жақын маңда дүкен де жоқ. Қыс бойы үйілген қардың суы қайда ағады? Осының бәрі тұрғындар үшін қолайсыздық тудырады, бұл – проблема. Сондықтан бәрін қазір ойластырып істеп кету керек, ертең кеш болады. Өздеріңіз білесіздер, бұл ауданда құрылыс қиындықпен жүріп жатыр. Себебі, барлық жер учаскелері он шақты жыл бұрын жекеменшікке сатылып кеткен. Көпшілігінің ісі сотта қаралуда. Соның кесірінен көпқабатты тұрғын үйлер бір-бірінен қашық салынып жатыр. Мүмкіндік болғанда бәрін бір жерге жинастырып, ықшам салар едік. Бірақ соған қарамастан, жұмыс жүріп жатыр, бәрін реттейміз. Сондықтан бұл жердің жобасын қайта қарастыру қажет. Оған қосымша қаржы бөлінеді, – деген аймақ басшысы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға бір айдың ішінде осы маңдағы үйлерге қатысты айтылғандарды қамтыған жаңа жобаны әзірлеп ұсынуды, Сол жағалауда келешекте салынатын тұрғын аудандарды халыққа барынша қолайлы етіп жоспарлауды тапсырды.

Сонымен бірге аймақ басшысы тұрғындармен кездесу барысында жаңа тұрғын ауданда биылдан бастап көгалдандыру, абаттандыру жүргізілетіндігін, екі гектарлық жаңа саябақ салынатындығын және екі тілде оқытатын жаңа мектеп ашылатындығын, автобус бағдары ұзартылатындығын, барлық жағдай жасалатындығын атап өтті.
Абаттандыруға қала тұрғындары өздері де ұйымшылдықпен атсалысулары қажет. Себебі, облыс әкімінің айтуынша, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын салынған, Молдағұлова көшесінде орналасқан тұрғын ауданда әлі күнге дейін абаттандыру жүрмеген, ешқандай дүкен атаулы жоқ. Аталған кемшіліктер алда қайталанбауы тиіс. Атап өтерлігі, биыл өңір бойынша 120 мың түп көшет егілмек. Қалалық тиісті бөлім басшыларының айтуынша, аталған тұрғын ауданда бүгінгі таңда жылумен, сумен және жарықпен қамту бойынша ешқандай мәселе жоқ.
Сондай-ақ облыс әкімі 120/1 позициядағы жаңа үйден өткен жылдың соңында екі бөлмелі баспана алған жас отбасы Нұржан Ескендіровтің пәтеріне кіріп, қуаныштарын бөлісті.
Дәурен Аллабергенұлы