Қоғам

Тұрғын үй құрылысы жанданбақ

Тұрғын үй құрылысы жанданбақ

Тұрғын үй құрылысы жанданбақ

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметке дағдарысқа қарсы қосымша шараларды қолға алу үшін қаржы бөлуді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды.
– Мүмкіндіктерімізді бағалай отырып және валюта бағамын түзету арқылы дағдарысқа қарсы қосымша шаралар үшін қаржы бөле аламыз, – деді Елбасы.
Президент тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатына 360 миллиард теңге (валюта бағамы – 360,37 теңге) бөлуді тапсырған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысына 53 миллиард теңге бөлінбек.
– Кредиттік тұрғын үйлерге 149 миллиард теңге және салымшыларға несие беру үшін 22 миллиард теңге бөлуді, жеке үй салушыларға қайтарып беру негізі бойынша 97 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын, – деді Президент.
Елбасының айтуынша, мұның бәрі 2016 жылы қосымша 1,5 миллион шаршы метр үй тұрғызып, жалпы ішкі өнім өсімі бойынша салымды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Банк төрағасының қолы қойылмайды

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгеде енді Ұлттық банк төрағасының қолы болмайды. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осыған байланысты өзгеріс енгізді. Ресми құжат Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында жарияланып отыр.
Елбасы Жарлығына сәйкес, ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасында 13-1-тармақ алынып тасталды. Яғни, бұдан былай теңгеде Ұлттық банк төрағасының қолы болмайды. Атап өтер жайт, 2016 жылдың 28-қаңтарындағы Қазақстан Президентінің Жарлығы қол қойылған күнінен бастап заңды күшіне енеді.

32 мыңнан астам шетелдікке рұқсат берілді


Үстіміздегі жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға 32 363 рұқсатнама берілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың ішінде 1 987-сі – бірінші санат (жетекшілер мен олардың орынбасарлары), 5 958-і – екінші санат (құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері) бойынша берілген. Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың басым көпшілігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша беріліп, тиісінше 13 968 және 10 450 адамды құраған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік мамандар күшін пайдаланатын 1 592 жұмыс беруші бар. Оларда 468 мыңға жуық Қазақстан азаматы еңбек етеді, яғни, жалпы жұмыскерлері санының 93,3 пайызы деген сөз. Ал еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер болып Қытай (13 373 адам), Түркия (4 844 адам), Украина (1 620 адам), Өзбекстан (1 303 адам) мен Үндістан (1 235 адам) есептеледі.
Осы орайда, 2015 жылы шетелдік азаматтарды тартқан жұмыс берушілер отандастарымыз үшін 25 447 жұмыс орнын ашқанын да айта кеткен абзал.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button