Қоғам

Тұрғын үй құрылысы қыркүйекке дейін аяқталмақ

Тұрғын үй құрылысы қыркүйекке дейін аяқталмақ


Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешендерін аралап, жұмыс барысымен танысты. Тұрғын үйлер маңының абаттандырылуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан облыс әкімі 19-шы тұрғын аудандағы нысандар құрылысын бірінші қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.

Бүгінгі таңда Қаныш Сәтпаев даңғылының бойындағы Драма театрының маңы да қарқынды құрылыс алаңына айналған. Мұнда бой көтерген бес тұрғын үйде қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ішкі әрлеу жұмыстары 90, ал сыртқы жұмыстары 97 пайызға жеткен құрылыстар 2017 жылдың ақпан айында басталған болатын.

– Қаланың құрылысы жүріп жатқан өзге аудандарына қарағанда, аталмыш тұрғын үй кешендері аумағында қандайда бір іс атқарылып жатқаны байқалады. Әр тұрғын үйдің астында әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдары бірге ойластырылған екен. Алдағы уақытта олар жалға беріліп, өзінің әлеуметтік міндетін атқаратын болады. Қазіргі уақытта 216 пәтердің 130-ы сатылған екен. 86 пәтер әлі өткен жоқ. Сондықтан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» күтпей, сатып алушыларға өздеріңіз шығыңыздар. Аталмыш тұрғын үйлер Семейдің Қарағайлы тұрғын ауданында салынып жатқан құрылыстармен сапалық жағынан бәсекелес болуы керек, – деді осы құрылыс басында болған аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, ІІІ санаттағы 12 және 16 қабатты тұрғын үйлерге қатысты бірқатар ескертулер айтқан Даниал Ахметов тоғыз балдық жер сілкінісі болатын аймақта тұрғын үй салуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ қаланың 19-шы тұрғын ауданданындағы құрылысы аяқталуға жақын бірнеше тұрғын үй кешенінің маңын қалыпқа келтіріп, адамдар тұруға ыңғайластыру қажеттігін айтты.

– 19-шы тұрғын ауданның басты мәселесі неде? Мәселе тұрғын үй кешендерінің тұрғындарды қабылдауға дайын еместігі. Сол себепті аталмыш нысандардың барлығын бірінші қыркүйекке дейін толық аяқтап, маңдарын қоқыстан тазартуды тапсырамын. Жер беті түзетіліп, құрылыс барысында әкелінген конструкциялар толықтай алынуы қажет. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі. Бірінші қыркүйекте қайтара келіп тексеремін, – деді Даниал Ахметов.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button