ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ КЕШЕУІЛДЕП ЖАТЫР
Бұл жөнінде қала әкімінің Қарағайлы ықшам ауданына барған кезінде анықталды. Мәселенің мән-жайын білу мақсатында жергілікті билік өкілдері мердігерлермен кездескен еді.
Қаланың іргесіндегі ықшам аудан бүгінде екінің бірінің аузында жүр. Қарағайлыдан баспана алам деушілер аз емес. Ниет танытқандардың қарасы тіпті күннен-күнге артып келеді. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Әйтсе де белгіленген кестеден қалыс қалған мердігерлер де табылды. Мәселен, ауданда жалпы көлемі 29, 8 мың шаршы метр болатын сегіз көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды. Шамамен 500-ге тарта пәтер кілті табысталады деп жоспарлануда. Оған республикалық бюджеттен 2 841, 596 млн. теңге, сондай-ақ облыстық қазынадан 1 535, 128 млн. теңге бөлінген. Тамыздың басында соның 75%-ы игеріліпті. Ал енді атқарылған істің өзіне тоқталсақ, сегіз үйдің бірін «Фирма «Азия» ЖШС тұрғызды. Төғыз қабатты 72 пәтерлі нысанның құрылысы 90%-ға орындалған. Бұл кәсіпорынға тағылар мін жоқ. Өйткені, қажетті шаршы метрлеріне семейліктер алдағы қыркүйек айында ие болады. Дәл осындай бағаны «Компания» Восток-строй» ЖШС-не беруге келмей тұр. Себебі, аталмыш мердігер кестеден 1, 5 айға қалып келеді. Тиісті 400 адамның орнына, құрылыс алаңына небәрі 200-дей адам ғана тартылған. Сол сияқты жұмыстарға 67 техника бірлігі жұмылдырылу керек еді. Ал іс жүзінде тек 17-сі ғана жүр. Демек, тапшылық мөлшері 228 адамды және 54 техника бірлігін құрауда. Бұл ұйымға көпқабатты жеті баспананың құрылысы жүктелген. Олардың жалпы көлемі 24, 6 мың шаршы метр (414 пәтер). Игерілген соманың мөлшері – 2 675, 654 млн. теңге.
– «Фирма «Азия» компаниясы өз міндеттерін бір айға бұрын орындап отыр. Ал бұл мердігер 1,7 айға қалыс қалды. Олар бізге өз себептерін алға тартуда. Онымен келіскен сәттеріміз болды. Енді олай болмайды. Өйткені, статистика бар. Ертең ауа райын желеу етіп тағы бір себепті шығаруы мүмкін. Сондықтан да осы жерге келіп, жағдайды бақылауға тура келді. Құрылыс ұйымы барлық олқылықтарды ретке келтіріп, уақытында нысанды тапсыруға уәде берді, – дейді қала әкімі Ермак Сәлімов.
«Компания» Восток-строй» ЖШС директоры Әділет Бордатқанов құрылысшылардың саны көбейетінін айтып, жұмыс кестесін тәуліктік режімге көшіретінін жеткізді. Жоғарыда айтқанымыздай Қарағайлыдан үй алуға асыққандар жетерлік. Әсіресе, әскерилердің саны әжептәуір сыңайлы. Шаһар әкімінің мәліметінше, қазіргі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» салымшылардың саны 33 мыңнан асып жығылатын көрінеді.
– Бұл бағыттағы шаруалар жолға қойылған. Қорғаныс министрлігімен жұмыс істеп келеміз. Неге десеңіз, әскери қызметкерлер осы ауданда тұруға ниетті. Сонымен қоса, бюджеттік қызметкерлерді де назардан қалдырған емеспіз. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шарушалығы бөлімі, сәулет және құрылыс бөлімі, сол секілді жер қатынастар бөлімі өтініштерді жинау үстінде. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкітде қолғабыс етіп келеді. Алайда, үйді қабылдап алмайынша, ықтимал тұрғындармен келіссөз жүргізе алмаймыз, – деп атап өтті Семей қаласының әкімі.
Жақсылық Мұратқали
Семей.