Қоғам

Тұрғын үй құрылысы қарқын алады

Тұрғын үй құрылысы қарқын алады


Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғын үй құрылысының көлемін бірінші кезекте бюджеттен тыс қаражат есебінен арттыруды міндеттеді. Сонымен қатар, аймақ басшысы мектептердің және өзге де әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысын, жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ, жаңа оқу жылына және жылыту маусымына әзірлік мәселелерін ерекше бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берді.

Бейнеконференция режимінде өткен аппараттық кеңестің басында Даниал Ахметов өзінің жаңа орынбасары Ринат Омаровты таныстырды, мұнымен қоса «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі билеттерін сату мәселесіне тоқталды.

–Бүгінгі таңда көрмеге 77929 билет сатылған. «Экспо-2017» көрмесі ашылған сәттен бері оған 21 мың шығысқазақстандық барды. Шілденің 10-ы мен 31-і аралығында көрмеге баруды 27 346, ал тамызда – 38 мың адам жоспарлап отыр. Қыркүйекте бұл сан сәл азаяды. Маңызды іс-шараға жерлестеріміздің жүйелі және белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет,– деді облыс әкімі.

Кеңес барысында аймақ басшысы жаңа оқу жылына және жылыту маусымына дайындыққа қатысты да ауқымды жұмыс атқару керек екенін атап өтті. Әсіресе, білім беру нысандарын жөндеу, оқулықтар мен мектеп формаларын сатып алу ісіне жіті көңіл бөлу жүктелді. Міндетті медициналық сақтандыруды жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары нашар жүргізіліп жатыр деген облыс әкімі сала басшыларының назарын осы түйткілді мәселеге де аударды.

–15 қыркүйекте біздің қолымызда нысандардың қысқа әзірлігі туралы төлқұжаттар болуы тиіс. Осы мәселені шешу бойынша апта сайын селекторлық кеңес өткізуді міндеттеймін. Сонымен бірге, тендерлерді және техникалық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру қажет. Мәселен, өткен жылы Осинов асуындағы жолға орташа жөндеу басталған болатын, бірақ ол әлі күнге дейін аяқталмай жатыр. Кесірінен адамдар «Көгілдір бұғаз» демалыс аумағына сапасыз жолмен баруда, оның бірден-бір себебі – бақылаудың жоқтығы. Осы нысандағы жұмыстарды апта сайын тексеріп тұру керек, –деп тапсырды Даниал Ахметов.

Кеңесте Жер заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, сондай-ақ, тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандардың құрылыс барысы туралы баяндамаларды тыңдалды.

Аппараттық кеңес соңында Даниал Ахметов тұрғын үй құрылысының қарқынын үдетуді талап етті. Алғашқы кезекте тұрғын үйлерді бюджеттен тыс қаражат есебінен салу керек деді аймақ басшысы.

– Бірінші жартыжылдықта тұрғын үйлерді қолданысқа беру бойынша жоспар 106 пайызға орындалды, бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Облыстағы тұрғын үй жинақ жүйесінің қазіргі жағдайына терең талдау жүргізген жөн, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының қанша салымшысы несиелендіруге лайық екенін анықтау керек. Қазіргі кезде қорда 33 миллиардтан астам теңге жиналған. 1 тамызға дейін Өскемен мен Семей қалаларында тұрғын үй құрылысын арттыру жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді жүктеймін. Осы ретте елдімекендердің әлеуетін де ескерген абзал, – деп қорытындылады жиынды Даниал Ахметов.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button