Қоғам

Тұрғын үй аулалары жайлы ма?

Тұрғын үй аулалары жайлы ма?


Өңірдегі құрылыс жұмыстарының қарқыны қуантады. Өткен жылы бұл бағыттағы жоспар артығымен орындалды. Көрсеткіштер көңілге қонымды. Дегенмен, жаңа тұрғын үйлердің аулаларын жайландырып, көлік тұратын орындарды реттеу жағы ақсап тұр. Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды.

Өңірімізде салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандардың қолданысқа берілуі, алдағы жылдарға жоспарланған жұмыстар туралы облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Инна Валл баяндама жасады. Оның ұсынған ақпаратына сүйенсек, былтыр аймағымызда жалпы құны 31 736 млн. теңгені құрайтын 26 әлеуметтік-мәдени нысанның құрылысы жүргізілген. Соның тоғызы былтыр іске қосылды. Олар: Тарбағатай ауданындағы спорт модулі және Үржар, Күршім, Ұлан, Тарбағатай аудандарында, Курчатов қаласында бой көтерген алты мектеп. Сондай-ақ, Зырян ауданы мен Семейдегі әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау нысандары.

– Биыл облысымызда 27 әлеуметтік-мәдени нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Оның 17-сі былтырғыдан ауыстырылса, қалған оны – жаңадан қолға алынатын жобалар. Бұлардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларының нысандары енгізілген, – деп нақтылаған Инна Валл тұрғын үйлер құрылысына да тоқталып өтті.

Ресми дерек көзінен түйгеніміз, былтыр барлық қаржыландыру көздерінің есебінен аймағымызда 748,4 мың шаршы метр баспана құрылысы жүргізіліпті. Қолданысқа берілген үйлердің жалпы ауданы 334,07 мың шаршы метрді құрап, жоспардан артық орындалыпты. Құрылыс қарқыны осы қалпынан танбай жалғаса беретін болса, биыл да көрсеткіштер өз деңгейінде сақталатынын айтады мамандар. Ағымдағы жылы жоспар бойынша барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 799,2 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, осының 345,8 мың шаршы метрі қолданысқа берілмек. Аталған баспаналардың дені, нақтырақ айтқанда 703,2 мың шаршы метрі көпқабатты үйлер болса, 96,0 мың шаршы метр аумақ жеке тұрғын үйлердің еншісінде. Алайда, жаңа құрылысты жүргізуде тұрғын үйлердің аулаларын жайластыру, көлік тұратын орындарды реттеу мәселесі олқы түсіп жатқаны аймақ басшысының сын садағына ілікті.

– Тұрғын үйлерді жобалаған уақытта әрбір пәтерге көлік тұратын бір жарым гараждық орын бөлу жөнінде берген тапсырмам неге әлі күнге орындалған жоқ? Жаңа үйлердің аулаларындағы көліктер кіріп-шығатын жолдар неге кеңейтілмеген? Бұл тапсырманы екі жыл бұрын бергенмін. Алайда, нәтижесі мардымсыз. Жобалауды тиімсіз жүргізудің кесірі бүгінде мыңдаған адамға тиюде. Бізде жер жетпей жатқан жоқ, бар. Алайда, қаладағы үйлердің ауласын көрсеңіз көліктер иін тіресіп тұр. Сол мәшинелер емін-еркін сиятындай орын табуға болады ғой. Бос жатқан жерлер көп. Неге пайдаланбасқа?

Иә, құрылыстың көрсеткіштері жоғары. Бірақ адамдарға жайлы жағдай жасалмаса мұның бәрі кімге қажет? Ең бірінші тұрғындардың жайлылығы назарда ұсталуы тиіс. Сондықтан енді қолданысқа өтетін үйлердің барлығында аталған талаптар сақталсын, – деп қадап тұрып ескерткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жауапты орындардың басшылары мен Өскемен, Семей қалаларының әкімдеріне тез арада бұл мәселені бір жақты етуді жүктеді.

Алматыда өтетін XXVIII қысқы Универсиада мен Жапонияның Саппоро қаласында алауы жағылатын VIII қысқы Азиада ойындарына біздің облыстан әзірге нақты бекітілмеген тізім бойынша ұзын саны сексенге жуық спортшы барады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың айтуынша, дүбірлі додаға облыс атынан түсетін саңлақтардың дайындығы сақадай-сай.

– Әлемнің алпыс елінен өкілдер қатысатын қысқы Универсиадада жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік жеткілікті. Әлемдік аренада топ жарып жүрген Юлия Галышева, Дмитрий Рейхард, Павел Колмаков, Галина Вишневская сынды бірқатар спортшыларымызға үлкен сенім артып отырмыз, – деген басқарма басшысы Жапонияда жалауы желбірейтін қысқы Азиада ойындары туралы да ақпарат берді.

Ақпанның 18-сы мен 26-сы аралығында аралда өтетін аламанға біздің өңірден шаңғышылар Ердос Ахмадиев пен Сергей Черепанов бастаған отыз спортшы аттанбақ. Олар спорттың сегіз түрінен жүлдеге таласады.

Естеріңізге сала кетсек, Шығыс Қазақстан құрамасы осыған дейін бес қысқы Азиада ойындарына, алты қысқы Универсиадаға қатысқан. Осы бәсекелерде жерлестеріміз жиыны жүзден астам жүлдеге қол жеткізген екен. Алдағы жарыстарда бұл жетістіктеріміз еселеніп, қоржынымыз медальдармен толыға түседі деген сенім мол.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өткен жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқтала кетті. Облыс әкімі алға тартқан деректерге жүгінсек, аймақ экономикасында былтыр дамудың оң өзгерістері байқалған. Айталық, 2016 жылы өңірдің жалпы өнімі 2,6 трлн. теңгеге жетіп, алдыңғы жылғымен салыстырғанда 114,4 пайызға өскен. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 139,7 пайызға жоғарылап, 406 млрд. теңгені құрап отыр. Сол секілді ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі де межелі деңгейден асып, мерейімізді үстем етті. Оған қоса негізгі капиталға инвестиция тарту, бөлшек сауда айналымы, құрылыс жұмыстарын жүргізу, жергілікті бюджетке түсетін салықтық және салықтық емес төлемдер сияқты көрсеткіштер де былтырға қарағанда жоғары.

– Ең бастысы, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер сақталуда. Негізгі көрсеткіштердің бәрі діттеген деңгейден жоғары. Енді осы қарқынмен ары қарай жұмыс істей беруіміз керек. Биыл да бірқатар міндеттер күтіп тұр. Ең әуелі даму институттарымен қоян-қолтық жұмыс жүргізу керек. Оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі арқылы қомақты инвестиция тарту көзделуде. Әсіресе, квазимемлекеттік секторға инвестиция тартуға баса көңіл бөлінеді, – деп түсіндірген облыс әкімі сонымен қатар, ағымдағы жылы медицина, білім, спорт салаларындағы мамандардың біліктілігі мен білімін жетілдіру, қазіргі заманға сай кадрлар даярлау мәселесіне ерекше маңыз берілетінін жеткізді.

Нақты айтқанда, облыстың денсаулық сақтау мекемелеріндегі соңғы үлгідегі озық технологияларды меңгеріп, сапалы медициналық қызмет көрсетуі үшін дәрігерлер шетелге шығып, арнайы курстардан өтуі керек. Әлемнің маңдайалды медициналық орталықтарында кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтаған маман алдын ала жасалған келісім бойынша облысқа келіп, қызмет етеді. Егер шетелден келгеннен кейін белгілі бір уақыт ішінде облыс аумағынан тыс жерге жұмысқа ауысатын немесе көшіп кететін болса, оқуға төленген қаражатты қайтаруға міндетті. Келісімшарт солай жасалады.
Дәл осындай тәжірибе білім мен спортта да қолданылады. Бұл күні педагогтардың алғашқы легі Еуропаға жетіп, Лондон секілді өркениетті елдің оқу орындарында біліктіліктерін жетілдіріп жатыр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button