Төртобадан «Алтын адам» табылуы мүмкін

Осыған дейін Берел, Шілікті қорғандарын зерттеген археолог-ғалымдарға кең қолдау көрсетіліп, нәтижесі де жаман болған жоқ. Аймақ басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілетін, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдеш Төлеубаев жетекшілік ететін «Тарбағатай-Шілікті» археологиялық ғылыми экспедицияға 30 млн. теңге қаржы бөліп, археолог-ғалымдар мен оқу орнының студенттеріне жағдай жасады.

Қазір ғылыми экспедиция арнайы мамандармен Екпін ауылдық округі жанындағы Аққала елді мекені жанындағы Төртобада қазу жұмыстарын бастады.
Тарихи Төртобада ғылыми жұмыс жүргізіп жатқан археологтардың дала қосына арнайы барып, экспедиция жетекшісі, археолог-ғалым Әбдеш Төлеубаевпен жүздесіп, жұмыс барысымен танысып, ғылыми экспедициядан нендей жаңалық күтетінімізді біліп қайттық. Археолог-ғалым осы өңірдің тумасы болғандықтан, бұл обаларды студент кезінен-ақ зерттеуді қолға алмақ болған екен. Сәті түскен уақыты осы кезге келіпті. Әбдеш Тәшкенұлының айтысына қарағанда, біздің елде ресми түрде Есік, Аралтөбе және Шілікті қорымы нағыз «Алтын адам» табылған қорымдар саналады. Ғылыми экспедицияның болжамы бойынша, осындағы Төрт обаның төртіншісінде – «Алтын адам» бар деген болжам бар.
Еуропалық ғалымдардың зерттеулерінде «Тайпа көсемдерін алтын киіммен жерлеу сақтарда ғана болған» – деп жорамалданған. Біз бұл болжамды әу баста білгенбіз. Көшпенділер мәдениетінің дамыған уақыты I-VIII ғасырлар болса, сақ мәдениеті Алтай мен Тарбағатай тауларынан басталады.
Ал сақтардың ең көне обасы – Тува жерінен табылған «Аржан» обасы. Ол сонау 30-шы жылдары орыс ғалымдары зерттеген көне оба саналады. Ал біздің елдегі ең көне оба – көрнекті ғалым Зейнолла Самашев зерттеген және Алтын адам табылған Шілікті, Берел обалары.
Ғалымның тағы бір айтып отырғаны, сақ дәуірінде жылқы арнау дәстүрі болған. Бұл түркі тілдес елдердің мәдениетінде жиі кездеседі және бұл дәстүр осы күнге дейін сақталып келеді. Берел обаларындағы 16 қорғанда жылқы мүрдесінің шығуы осыған дәлел. Әлі күнге дейін кейбір елді мекендерде зират басына жылқының басын қою жылқы арнау дәстүрінің I-VIII ғасырлардан болғандығын дәлелдеп отыр. Біз қазатын обаларда жылқы мүрдесі болуы ғажап емес және адам денесі жылқымен бірге жерленген обалар да болған, дейді. Осындай дәстүр Орталық Қазақстанда, Жетісуда, Арал, Сырдың төменгі ағысында болған. Әбдеш Тәшкенұлының айтуына қарағанда, Қазақстанда 25 мың оба ресми тіркелген. Ал ғалым Тарбағатай ауданында көне заманның киелі нысандары көп дейді. Солардың 10-15 мыңы Ақсуат өңірінде сақталған. 1989 жылдан бастап бұлардың паспорттары жасалған. Солардың бірі – «Төртоба». Тарбағатай-Шілікті ғылыми экспедициясының мүшелері бұл обаны осылай атапты.
Бұл обалар шамамен біздің заманымызға дейін 2500 мың жыл бұрын болған Сақ патшаларының көсемі жерленген деген болжам бар. Аталған тарихи обаларды ғалымдар бірнеше жылдар бойы зерттеген. Алдымен Алматы қаласындағы арнайы ғылыми зерттеу институтында обадағы кедергілерді анықтау мақсатында геофизикалық үш түрлі зерттеу жасалған. Олар: ультрадыбысты, геомагнитті және қорымның төменгі тұсындағы кедергілерді анықтау жұмыстары. Зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, Төртобада тас және ағаш құрылыстар жоқ екендігі анықталған. Құрылыстар құм мен шым араласқан материалдан салынған.
– Мұндай құрылыс материалдары сақ мәдениетіне тиесілі, – дейді ғалым. Қазір экспедиция ғалымдары мен студенттері обаның ең ірі және ұзын төртіншісін таңдап алып қазу жұмысын бастады. Обаның ені 7,5 метр, ұзындығы 64 метр болады. Шамамен 5-6 ғасырға тиесілі Жетісудағы «Бес шатыр» обасына ұқсас болып келеді. Осы обада «Сақ көсемі жерленген және «Алтын адамның» мүрдесі бар», – деген болжам жасалып отыр. Экспедиция ғалымдарының болжауы бойынша және геофизикалық зерттеулерге қарағанда, құрылыс тереңде жатқан көрінеді. Қазір обада 50 шақты студент пен ғалым жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, ауылдан арнайы қазу жұмыстарына жұмысшылар жалданған. Экспедиция басшысы Әбдеш Төлеубаев әңгіме барысында қорымды қазу кезінде әртүрлі жайттардың болатынын айтып, өз басынан өткен мына бір тарихи жайды еске салды.
Мәселен, алғашқы алтын адам табылған Есік қорғаны кезінде тоналған. Бағымызға қарай алтын адам мүрдесі қорымның шетінде қалып қойып, ұрылардың назарынан тыс қалған. Сөйтіп, ұлтымыздың ұлы мұрасына айналды. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Өкінішке қарай, қорымды тонау соңғы жылдары жиілеп кетті. Мен жыл сайын осы өңірге келіп-кетіп отырам. Айтайын дегенім, аудан орталығына жақын орналасқан Қабдеке қыстағындағы қорымды қазып тастапты. Сондай-ақ, тау ішіндегі Елеке сазы қорымының шетіне сызат түскен. Мемлекет қарауындағы қорымдар қараусыз қалып жатыр. Бұл ұлттың рухани қазынасы ғой. Бізде заң өте әлсіз. Айталық, Еуропада тарихи орынды қазу мемлекеттік қылмыс саналып және қатаң жазаланады.
Біз ашып жатқан Төртобада үлкен қазына бар екенін жасыруға болмайды. Ендігі кезекте обаның беті ашылып, тереңдеген тұста арнайы мамандар шақырылып, күзет қойылатын болады. Біздің қазу жұмыстарымыз қара күзге дейін жалғаспақ. Обадан Алтын адам табылса, бұл ұрпақ үшін үлкен рухани байлық, – дейді экспедиция басшысы.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.