Қоғам

Төрт спортшымыз Азия чемпионатына барады

Төрт спортшымыз Азия чемпионатына барады

Семейде кикбокстан ересектер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге тарта спортшыны жинаған біріншілікте жекпе-жек шеберлері жүлделі орындармен қатар алдағы тамыз айында Үндістан жерінде өтетін Азия чемпионатына берілетін жолдаманы да сарапқа салды.
Бірден айта кету керек, аталмыш жолдама әр салмақ дәрежесі бойынша жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілген спортшыларға ғана берілді. Семейдегі чемпионаттың аса тартысты жағдайда өтуі сондықтан болса керек.
Ел біріншілігінің қорытындысы бойынша төрт бірдей жерлесіміз Үндістанда байрағы желбірейтін сарықұрлық бәсекесіне қатысуға мүмкіндік алды. Енді жеңімпаздарға жеке-жеке тоқталсақ. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен өскемендік Медет Саметаев топ жарды. Ол алтын медальмен қатар өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет спорт шебері атағына қол жеткізді.
Сондай-ақ, Семей қаласының атынан өнер көрсеткен үш саңлақтың жұлдызы жарқырады бұл жолы. Атап айтқанда, 67 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Қанағат Нұралиев қарсыластарының бәрін ұтып, К-1 категориясында өзінің мықтылығын дәлелдеді. Оның жеңісті жолын 63,5 келіге дейінгі салмақта жекпе-жек өткізген Елдар Бауыржанұлы мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Саят Тұрысбеков жалғастырды. Бұл қос спортшы да Қазақстан чемпионы деген мәртебелі атақпен бірге Азия чемпионатына қатысу жолдамасына ие болды.
Жалпы, Семейде өткен Қазақстан біріншілігінде біздің облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте жүлделі үшінші орынды иеленді. Шығысқазақстандық команданың бапкерлері Евгений Реймер мен Ержан Шегеновтың айтуына қарағанда бұл ауыз толтырып айтарлық жетістік. Өйткені осыған дейін мұндай дәрежеге кикбоксшыларымыз қол жеткізе алмаған.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button