Қоғам

Төрт отбасына тегін баспана сыйлады

  Төрт отбасына тегін баспана сыйлады

Аягөз ауданының белді кәсіпкерлерінің бірі – Ерлан Ақымжановтың «Еркебұлан» шаруа қожалығы бүгінде тасы өрге домалап тұрған, өңірге танымал шаруашылық.
Ерланның өзі Шыңғожа ауылындағы орта мектепті 1988 жылы бітіргеннен соң, Ресейдің Куйбышев қаласында әскери міндетін өтеп жүріп бір жылдан соң жараланып туған жеріне оралған. Орта білім алғаннан соң ары оқи алмаған жас жігіт өмірдің біршама талқысын көрді. Аягөздің орталық базарында жұмыс істеді, құрылысшы болды. Бір сөзбен айтқанда, сол бір тоқсаныншы жылдардың қиын сәттерін бір адамдай-ақ басынан кешірді. Кейін Аягөз қаласының ортасынан жеке дәмхана ашты. Осыдан кейін-ақ елге қызмет ету деген бір кезең басталды. Сол тұстағы ағайындарының қуанышы тіпті, алабөтен болғаны рас.
-Кейде сол бір шағын бастамамның алға жылжып кетуіне туған-туыс, дос-жарандардың маған деген алабөтен ықыласының шарапаты ма деп ойға бататыным рас,-дейді ол. – Өйткені, бастаған істің баянды болмағы – оның алғашқы қазығының қағылуынан бастау алмай ма!? Әкем Сәбет пен анам Гүлжиханның адал еңбегінің мені де шыншылдық пен қайсарлыққа баулығаны рас.
Ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген кәсіпкер жігіт бірден-ақ тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын аяған жоқ. Содан ба екен, жұмысы да дөңгеленіп жүре берді. Осылайша кәсібін енді бастап жатқан оның дәмханаларының саны төртке жетті. «Еркебұлан-1», «Еркебұлан-2», «Еркебұлан-3», «Еркекұлан-4» деп аталатын дәмханалар өзінің дәмді тағамдарымен өңір халқына, тіпті, алыс қалалардан келген жолаушыларға танымал болды.
-Тамақтың дәмді болып, дәмханаға келген жандардың риза болып аттануы өзімнің жан жолдасым, үйдегі 4 баламның анасы Қымбат Ықыласованың сіңірген еңбегінің жемісі десек болады,- дейді ол.
Аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан дәмханасы қысы-жазы «Алматы-Өскемен» тас жолының бойында жолаушыларға қызмет етеді. Бүгінде оның қол астында 20-25 адам жұмыс істейді. Бала жасынан адалдық пен еңбекқорлықты жанына серік еткен жігіт қысылған жандар үшін қашан да көмек қолын созуға даяр. Бір атап өтерлігі, ол өзінің қол астында жұмыс істеп жүрген Айсұлу Ибраева, Баян Тойымбаева, Индира Төлеубекова, Арай Жалбақованы тегін баспанамен қамтамасыз етіп отыр. Аягөз қаласының ортасынан оларға баспана сатып әперді. Қазір олар ағаларындай болған Ерлан Ақымжановқа деген алғыстары шексіз.
Кәсіпкер жігіттің «Қырқыншы шақырым» деп аталған жердегі дәмханасы мен қонақ үйі жолаушылардан бір босамайды. Қыс айларында болатын үскірік аяз бен түтеген қарлы борандар мен жаздың ми қайнатар ыстығы мұндағы қызмет етіп жатқан жандар үшін еш кедергісі жоқтай. Олай болатыны мұндағылар бұл жердің қиындығына төзіп, тауқыметіне төтеп беру үшін келгендер. Ерлан Ақымжанов басқаратын «Еркебұлан» шаруа қожалығы өткен жылы ғана «Қаз Агро Қаржы» АҚ лизингке алған «МТЗ-82», «Беларус» тракторымен жолда батып, жоталардан шыға алмай қалған жүк көліктерін сүйреп шығарып, көмек қолын созып келеді. Бұдан өзге, ол бірнеше бәйге аттарын баптап, дүбірлі додаларға қосып келеді. Жүлдесіз қайтқан емес.
-Мына бір құлағын қайшылап, тыпыршып тұрған «Лашын» деген сәйгүлігім. Өткен жылы Шұбартау жақта болған дүбірлі додада үшінші, Абай ауданының Саржал ауылындағы бәйгеде бірінші, Аягөздегі ат жарысында екінші орындарды алған, – дейді Ерлан Сәбетұлы. -Ал алдыңызда тұрған тұлпарымызды «Айка» деп атаймыз. Екі-үш жыл ішінде он шақты бәйге алып жіберді.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button