Қоғам

Төрт облыс телекөпірде тілдесті

Төрт облыс телекөпірде тілдесті


Облыс орталығындағы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде Елбасының «Сенің жаңа қырың!» атты челленджін қолдау мақсатында өңірлер арасында телекөпір болды.

Бұл күні еліміздің түкпір-түкпіріндегі салауатты өмір салтын ұстанушылар алаңға топтасып, спорт жаттығуларын жасаған болатын. Солардың арасынан төрт облыс өзара телекөпір арқылы тілдескен еді. Оңтүстік, Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарының қатарында шырайлы Шығысымыз да көрінді. Әуелі елорда төрінен тікелей байланысқа шыққан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

– Спорт – қашан да жан мен тән саулығының кепілі. Президенттің өзі де еліміздің салауатты өмірі – ірі жетістіктердің бастауы екенін атап айтқан. Сол себепті бүгін ел болып Елбасының жаңа бір бастамасына қолдау көрсетуіміз керек, – деген жалынды сәлемін жолдады.

Министрмен бірге жаттығуға Ұлан Рысқұл, Серік Сәпиев, Василий Левит, Гюзель Манюрова сынды бозкілем және былғары қолғап шеберлері қатысты.
Іле батыстан ақтаулықтар, солтүстіктен қызылжарлықтар, оңтүстіктен Шым қала тұрғындары телекөпірде өз лебіздерін жолдап жатты.

Шығыстан сәлем айтқан салауатты өмірді сүйетін жастарды бастаған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов:

– Құрметті жерлестер, спортшылар, осындай шараның өтуін құптай отырып, баршаңызды спортпен айналысуға шақырамын. Біздің аймақ спортта әрдайым үздік көрсеткішке ие. Ел көлемінде «отандық хоккейдің шеберханасы» атануымыз, өңірде қысқы спорттың кең қанат жайып келе жатқанын аңғартады. Ендеше, тек қысқы емес, спорттың жалпы дамуы үшін осы челленджді бірге қолдайық, – деп тілек білдірді.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева бастаған фристайлшылар Павел Колмаков, Дмитрий Рейхерд, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов сынды жерлес саңлақтарымыз аймақ атынан шараға атсалыса барған еді.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button