Төрт мыңнан астам тұрғын қатысты
Облыс орталығында 15 сәуірден бастап 10 маусымға дейін жалғасатын екі айлық қалалық сенбілік басталды. Өткен сенбі күні қала бойынша алғашқы сенбілік өткізіліп, оған төрт мыңнан астам адам қатысты.
Өскемен қаласының өңін кіргізіп, қыстайғы жиналған қалдықтардан арылтуға жалпы саны 130 мекеме жұмылдырылса, көптің күшімен 350 текше метр қоқыс шығарылды.
Бұл күні тазалықтың екі айлығына қатысушылар қаланың жаңа аудандарының біріне тиесілі Карл Маркс даңғылын тазартып қана қоймай, бұл жерге 150-ге тарта жас қарағай көшеттерін отырғызды. Ізгі шараға ЖОО мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері, мектеп оқушылары, сонымен бірге, ардагерлер де белсене қатысты. Ал қала бойынша барлығы бір мыңнан аса көшет егу жоспарланып отырған көрінеді.
Даңғыл бойында өздеріне бөлінген аумақтағы қоқысты елден бұрын тазалап үлгерген мемлекеттік мекемелердің бірі – Өскемен қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі. Ынтымақты ұжым қыс бойы қала тұрғындары жол шетіне лақтырып кете берген босаған бөтелкелер мен түрлі тұрмыстық полиэтилен қапшықтарды бірін қалдырмай жинап шықты.
– Елмен бірге қалалық сенбілікке атсалысып жатырмыз. Бізге бекітілген Карл Маркс даңғылының оң жақ бөлігін №26 мектепке дейін ертемен шығып тазаладық. Енді екінші жағына ауысамыз. Ұжымдағы 14 адам түгел шықтық, – деді бөлім басшысы Дәмеш Мейірманова.
Ортақ шарадан аға буын өкілдері де қалыс қалмады.
– Бұл қаламыздың көрікті болуы үшін керек қой, – дейді зейнеткер Әлібек Нұрмұхамедов. – Бүгін өзіміз тұрып жатқан ауданның тұрғындары біркісідей жұмылып, сенбілікке шығып отырмыз. Жастардың да қарасы көп. Оларға үлгі көрсетіп, ағаш егудегі, сенбіліктегі тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз. Олар осы бастан туған қалаларын аялай білуді үйренулері қажет.
– Өскемендіктер жыл сайын қаланың аумақтарын қоқыстан тазартуға және көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысуымен ерекшеленіп келеді. Бұған ұзын-саны мың жарым жасты тартуды жоспарлап отырмыз, – деді Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ринат Ахметжанов.
Жібек маталар комбинаты ықшамауданына қарасты Комсомол көшесі, 25 үйдің тұрғындары да таңертеңгі сегізден сенбілікке шығып, «Контакт» ПИК-іне тиесілі аумақты қыстайғы жиналған қалдықтар мен ағаш жапырақтарынан тазартып, елден бұрын науқандық шараны аяқтап тастады.
– Атап өтерлігі, бұл ПИК 2016 жылы қала бойынша ең үздік деп танылды. Мұнда 17 көпқабатты үй бар. Қоқыстарын ертемен түгел жинап, жолдың шетіне шығарды. Біз қажетті техникамен қамтамасыз еттік. Шамамен екі жүзден аса тұрғын шықты, – дейді жергілікті өзін-өзі басқару комитеті №1 филиалының директоры Амантай Бақытұлы.
– Бала кезімнен тазалықты жаным қалайды. Әрине, өзің тұрып жатқан жердің таза болғаны, гүлденіп тұрғаны жақсы емес пе?! Ол үшін жұмысты алдымен тазалықтан бастаған абзал, – дейді осы көшенің тұрғыны Александр Иванов.
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Искаков өскемендіктерді екі айлық тазалық жұмыстарына белсене қатысуға шақырды.
– Бүгін қала көшелеріне төрт мыңнан астам адам шықты, 70-ке тарта техника жұмылдырылды. Бастама жаман емес. Тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Барлық қала тұрғындарын, меншік түріне қарамастан барлық мекеме мен кәсіпорындарды ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 10 маусымы аралығында өтетін қалалық екі айлық сенбілікке қатысуға шақырамын, – деді қала әкімінің орынбасары.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ