Қоғам

Төрт миллиардқа азайды

 Төрт миллиардқа азайды

Қазақстанның сыртқы қарызы 2015 жылдың 31 желтоқсанында 153,5 миллиард АҚШ долларын құрап, бір жылы ішінде төрт миллиард долларға (2,5 пайыз) азайды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы алғанда, сыртқы қарызымыздың 7,9 пайызы немесе 12,2 миллиард доллары мемлекеттік басқару органдары (ел Үкіметі) мен Ұлттық банкті қоса есептегенде, мемлекеттік секторларға тиесілі екенін айту керек.
Тағы 5,2 пайызы немесе сегіз миллиард доллар көлеміндегі қарыз «Қазақстан даму банкі» мен еліміздегі екінші деңгейлі банктердің еншісінде. Сондай-ақ, берешектің 33,5 пайызына немесе 51,5 миллиард долларына – тікелей инвестициялармен байланысты емес секторлар ие. Ал 53,3 пайызын немесе 81,8 миллиард долларды фирмааралық қарыздар (банктік емес қаржы корпорациялары, қаржылық емес ұйымдар, үй шаруашылығы, коммерциялық емес ұйымдар және тағы басқалар) құрайды.

Тізімге 105 дәрі енгізілді

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен еліміздегі кәсіби фармацевтикалық қауымдастықтардың басшылары дәрілік, сондай-ақ, медициналық мақсаттағы заттардың 105 түрінің бағасын ұстап тұру жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш меморандумның мақсаты халықтың әлеуметтік қауқарсыз топтарына қолдау көрсету болып табылады. Құжатқа сәйкес, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың отандық және халықаралық өндірушілері, дистрибьюторлар және бөлшек сауданың өкілдері бағаны ұстап тұру туралы әлеуметтік жауапкершілікті өздеріне алып, тұрғындар тарапынан ең көп сұранысқа ие 105 дәрі-дәрмектің бағасын бекітті. Меморандум 2016 жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.
Тізімге қабыну мен ауырсынуды басатын препараттар, жүрек, асқазан ауруларына қарсы, сонымен бірге, антигистаминді, гипотензивті дәрілер, көз және құлақ тамшылары, дәрумендер және басқа да дәрі-дәрмек түрлері кіреді.

Ұялы байланыс тарифтері өзгермейді


Девальвацияға байланысты еліміздің мобильді операторлары тарифтерді өзгертуді сұрауда. Бұл туралы Астанадағы брифинг кезінде Инвестиция және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.

– Елімізде «Мобильді құлдықтың» кері шегерілуі абоненттердің бір оператордан екіншісіне еркін ауысуы, сондай-ақ, ұялы байланыс операторларының бәсекелестігін арттырып, тарифтерді төмендету үшін енгізілген. Қазірдің өзінде тарифтердің біршама төмендегенін және ұялы байланыс саласындағы бәсекелестіктің артқандығын көруге болады. Бүгінде ұялы байланыс операторлары девальвацияға байланысты тарифтерді қайта қарау туралы мәселе көтеруде. Бірақ Инвестиция және даму министрлігі бұл мәселеге байланысты өте қатаң ұстанымда. Тарифтер өзгеріссіз қалуы тиіс, – деді Сәкен Сәрсенов.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button