Төрт күн бойы қылыштасты
![Төрт күн бойы қылыштасты Төрт күн бойы қылыштасты](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1526873169_img-20180508-wa0043-kz.jpg)
Өскеменде мектеп пен колледж оқушылары арасында семсерлесуден республикалық ІХ жазғы спартакиада өтті.
Жарыс алдында облыстық қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығының директоры Алима Ақылбек қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Біз бұл шараны Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірігіп ұйымдастырып отырмыз. Соңғы уақыттары ел көлемінде семсерлесу спорты жақсы қарқын алуда. Елішілік додаларда да қатысушылар саны жыл санап артып келеді. Баршаңыздың лайықты өнер көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетулеріңізге тілектеспін, – деді ол.
Сайыскерлер қарудың рапира, семсер және қылыш түрлері бойынша сынға түсті. Онда жергілікті спортшылардан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана, Алматы, Петропавл және Қарағанды қалаларынан келген саңлақтар да бақ сынады. Олардың арасынан әлемдік деңгейдегі додаларда жүлде алып жүрген тәжірибелі спортшыларды да байқадық.
– Қарсыластар тыңғылықты дайындықпен келіпті. Екі кездесу өткізіп, тәжірибемнің арқасында сенімді жеңіске жеттім. Семсерлесумен екі жылдан бері айналысып келемін. Бірнеше рет халықаралық додаларда жүлдегер атандым, – деді Шымкенттен келген мектеп оқушысы Нұрмұхамед Ережепов.
Сайыстың соңғы күні ұйымдастырушылар командалық нәтижеге мән берді. Бұл ретте жасөспірімдер арасында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасына тең келер қарсылас табылмады. Жүлделі екінші орын алматылық спортшыларға бұйырса, үздік үштікті шығысқазақстандықтар қорытындылады. Ал бұрымдылар арасында Алматы қаласының спортшылары топ жарса, жарыс қожайындары бұл жолы екінші орынға жайғасты. Оңтүстікқазақстандық команда үшінші орынды түйіндеді.
– Семсерлесу спорты еліміздің қай өңірінде болмасын жақсы дамып келеді екен. Мұны төрт күнге жалғасқан жарыс қорытындысынан байқадық, – деген Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының өкілі Аманғали Мұзафаров жарыстың ұйымдастырылуына оң бағасын беріп, тартысты бәсеке сыйлаған спортшыларға алғыс білдірді.
Әділхан Есімханов