Қоғам

Төрт баланың анасы кеш өткізді

Төрт баланың анасы кеш өткізді

Айман Шенемесова Айғыз ауылындағы мәдениет үйін көп жылдан бері басқарып келеді. Ол үнемі жыр кештерін, мүшәйралар өткізіп, өнерге, әдебиетке ынтасы бар жастарды демеп, қолдап отырады. Мәселен, таяуда ғана осы ауылда тұратын төрт баланың анасы Алмагүл Маниязқызының шығармашылық кешін ұйымдастырды. «Өмірдің мәнін өнерден іздедім» атты жыр жинағын шығарған Алмагүл жерлестері алдында өзінің тума талант екенін тағы бір дәлелдегендей болды. Жалпы, бұл ауылдан шыққан тума таланттар жетерлік. Асқар Лекеров, Жұмахан Күдериндермен бірге күйші-композитор, жазушы Таласбек Әсемқұлов, әнші Тоқтар Серіков, ақын Ринат Зайытов пен журналист Қасым Аманжолов осы жерде туып-өскен. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы кезінде жау ДЗОТ-ын кеудесімен жапқан Сабалақ Оразалинов, танымал эколог, саясаткер Мэлс Елеусізовтердің атамекені.
– Айман апай үнемі бізді өз қамқорлығына алып жүреді, – дейді жас талант Алмагүл Маниязқызы. – Ол кісі менің мына бір өлең жолдарымды жоғары бағалап, ауыл жұртшылығы алдында оқып берді, – деп Алмагүл «Азаттықтың ақ таңы» атты өлеңін жатқа оқыды:
Асқақтай бер, Әнұраным,
Азаттықтың айғағы.
Аласарма тұғырыңмен,
Қазақтың көк байрағы.
130 ұлт мекендеген менің дарқан жерімде,
Бұзылмаған ешқашанда
Татулықтың қаймағы!
– Бізде талантты жастар өте көп. Соған қуанып, үнемі мақтан етіп жүреміз. Таяуда ғана Бақмадияр Тоқтарұлы, Жалғас Мұсатаев, Сәлімжан Ақылжанов сынды өнерпаздарымыз аудандық «Жас қанат» байқауына өтті, – деді Айғыз мәдениет үйінің басшысы Айман Шенемесова.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button