Қоғам

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің пайдасы мол

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің пайдасы мол


Біз жарамсыз деп қоқыс жәшігіне лақтыратын тұрмыстық қалдықтарды шетелдіктер әлдеқашан кәдеге жаратуды қолға алды. Тіпті олар қоқысты «байлық» деп санайды. Сенесіз бе? Сенбесеңіз, онда өзге мемлекеттердің ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарына көз жүгіртіп көріңіз. Мысалы, Сингапурда қоқыстан күніне 2500 МВт-сағ. электр қуатын өндіреді. Швецияэлектр станциясының жанармайы мен өндірістік шикізаттың 99 пайызын тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы алады екен. Ал бізде ше?

«Жасыл технология» енгізілді

Еліміздегі барлық өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи талаптарға сәйкес өңдеу керек. Елбасы өз Жолдауында осылай деп тапсырма жүктеген еді. Нәтижесінде Экологиялық кодекске өзгертулер енгізіліп, биылдан бастап пластик, макулатура мен шыныдан жасалынған заттарды қоқысқа лақтыруға тыйым салынды. Ал 2021 жылдан бастап бұл тізімге құрылыс материалдары мен азық-түлік қалдықтары да енгізіледі. Алайда біздің еліміздегі қоқысты сұрыптау мәдениетінің әлі күнге дейін оң жолға қойылмағанын ескерсек, «бұл талап үдесінен шыға аламыз ба?» деген заңды сұрақ туындайды.
Бүгінде облыс көлемінде заманауи утилизациялау және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселелеріне баса назар аударылып отыр. Былтырдан бастап Өскемен, Семей, Аягөз, Зырян және Шемонайха қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинаудың бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Қалдықтарды өңдеумен айналысатын «ЭкоВостокЛидер» ЖШС әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттардың, мектептердің жанына экоконтейнерлер орнатқан. Әрине, бұл бір контейнерге төгілген түрлі қоқысты сұрыптағаннан әлдеқайда жеңіл. Оның үстіне, халықтың қалдық тастау мәдениетіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Жалпы, тұрғындардың мәдениетін қалыптастыру үшін экоконтейнерлер орнату жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады. Өскеменде пластик қалдықтарды өңдеумен үш кәсіпорын шұғылданады. Экологиялық кодекске өзгертулер енгізілген соң, олар макулатура жинауды да қолға алды. Ал мұның бәрі облыста «таза энергияға» көшу және «жасыл технологияларды» енгізу бағыттары бойынша іске асырылуда.

Сұрыптау мәдениеті қашан қалыптасады?

Еуропаның барлық елінде қоқысты сұрыптау мәдениеті қалыптасқан. Егер тұрғындар бұл тәртіпке бағынбайтын болса, айыппұл төлейді. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, өзге мемлекеттерде биологиялық қалдықтар, қағаз жәнеарнаулы белгісі бар тез өңделетін заттар жеке-жеке контейнерлерге салынады. Ал батарейка, жиһаз, ескі көлік бөлшектерін, пайдаланылған иіссу құтыларын қоқыс жәшігіне тастауға мүлдем тыйым салынған,өйткені мұндай заттарды қабылдайтын арнаулы мекемелер бар. Мысалы, бір қарағанда ұсақ болып көрінетін энергоүнемдеуші шамдар, батареялардың құрамында кадмий, қорғасын, сынап сияқты ауыр металдар бар. Адам ағзасында жинақталған олар бауыр, бүйрек аурулары, онкология сынды дертке шалдықтырады. Жарамсыз болып қалған бір ғана батарея топыраққа түсіп, ыдырай бастаған соң, маңайындағы 20 шаршы метр жерді немесе 400 литр суды ауыр металдармен ластайды екен. Түптеп келгенде, мұның бәрі қоршаған ортаға зиянын тигізетіні айдан анық.

Әлем ғалымдары жүргізген зерттеу жұмыстарына сүйенсек, еуропалықтар балаларды мектеп жасынан бастап қоқысты сұрыптауға үйретеді. Мысалы, Берлинде далада шашылып жатқан қоқысты жинап, зауытқа өткізген балаларға ақша төленеді. Испандықтар болса, қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысқан жеткіншектерге тәтті-дәмділерді тарту етеді. Ал Голландияда коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жеңілдіктер беріледі. Бізде ше? Өкінішке қарай, біздің тұрғындар істен шыққан тоңазытқыш, телефон сынды тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне лақтыруға асықпайды. Оған әркімнің өзіндік себебі бар.

Дегенмен біздің тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершіліктерін арттыру керек,әйтпесе «табиғатты аялаймыз» деп ұрандатқаннан еш пайда жоқ.

Істен шыққан техниканы кәдеге жаратады

Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің пайдасы мол

Өскеменде жарамсыз техниканы тегін алатын кәсіпорынның бөлімшесі жұмыс істейді. Мұны қарағандылық «Промоотход Қазақстан» кәсіпорны жүзеге асырып отыр. Басты мақсат – қоршаған ортаны зиянды қалдықтардан қорғау.

– Істен шыққан техниканы ұзақ уақыт бойы үйде сақтайтын адамдар көп. Алайда мұндай заттарды үйдің ауласындағықоқысқа тастай салатындар да бар. Олардың дені осындай жарамсыз техниканы арнайы бокстарға апарып тастау керектігінен бейхабар жандар екенін айта кеткен орынды. Қуаныштысы сол, соңғы кездері бұзылған заттарды техника қабылдау пункттеріне әкеліп өткізетін тұрғындар саны артып келеді,–дейді кәсіпорынның Өскемен қаласындағы өкілі Сергей Сергеев.

Бүгінде облыс орталығында экобокстар қойылуда. Мұнда істен шыққан техниканы тастауға болады. Кейін бұл жарамсыз заттар барлық санитарлық талапқа сәйкес жойылады екен. Әзірше мұндай тоқ сары түсті экобокстар «Микен», «Арзан» сауда орындары маңына және Согра ауданының Егоров көшесі, 4 үйінің ауласына, Назарбаев даңғылының «Қазақстан» аялдамасы тұсына, «Весна» гастрономы жанына орнатылды. Алыстан менмұндалап тұратын ашық түсті экобокстарды байқамау мүмкін емес. Оның сыртында қандай техникалық құрылғыларды тастауға болатындығы туралы мәліметтер кеңінен жазылған. Сондай-ақ онда істен шыққан батареяларға арналған тартпасы тағы бар.

Бүгінде елімізде электротехникалық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын он зауыт жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі Алматы облысында орналасқан. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Атырау қалаларында да бар.

– Қарағанды қаласында орналасқан кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс негізінде бірқатар өңірде осындай қалдықтарды тегін жинаумен айналысады. Бұл пилоттық жоба аясында жүзеге асырылуда,–дейді Сергей Сергеев.

Аталмыш кәсіпорын өкілінің айтуынша, олар істен шыққан техниканы үйден тегін алып кету үшін міндетті түрде өткізушінің жеке куәлігі қажет,өйткені олар төлқұжат арқылы арнайы хаттама толтырады.

–Барлық әлеуметтік желіде қажетсіз техниканы алып кетеміз деп жарнама жасадық. Бұдан бөлек, аулаларға да хабарландырулар ілдік. Қазір тапсырыстар түсіп жатыр. Ауыр тұрмыстық техникалар сейсенбі, сенбі күндері шығарылады. Ал контейнерлерге жинақталған қоқысты аптасына екі рет тиеп әкетеміз,–дейді Сергей Сергеев.

Кәсіпорын өкілі мұндай экобокстарға азық-түлік және құрылыс материалдарының қалдықтарын тастайтын тұрғындар да кездесетінін айтты. Бұдан бөлек, жарамсыз техниканың ішіндегі металдарды қолды ететін ұрылар да бар екен.

–Кейде жұмыс барысында осындай қиындықтарға тап боламыз. Сондай кезде халықтың мәдениеті төмендеу ме дейсің. Өйткені экобокстардың сыртында мұнда қандай тұрмыстық заттарды тастауға болатыны туралы жазылып, тіпті суретпен көрсетіліп тұрады ғой. Алайда соған қарамастан көзін жұмып тұрып, қоқысты тастай салатындар кездеседі,–дейді ол.
Кәсіпорын өкілінің айтуынша, олар барлық өңірден істен шыққан техниканы жинап, Қарағанды қаласындағы «Промоотход Қазақстан» кәсіпорнына жөнелтеді. Бұл жерде тұрмыстық техниканың бөлшектері металл, шыны, пластик болып сұрыпталады. Соңынан қайта өңдеуге жөнелтіледі.

– Тұрғындардың қоқыс тастау мәдениетін арттыру қажет. Жоқтан бар жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен елдерден үлгі алып, еліміздің әр қаласында қоқыс өңдеу зауытының жұмысын дұрыс жолға қойсақ, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, жұмыссыздық мәселесі де шешімін табар еді, – дейді ол.

Керек дерек

Қоқысты кәдеге жаратудан Франция көш бастап тұр. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, бұл елде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы алюминий, әйнек пен газет қағазы өндіріледі. Ал кей мемлекеттерде ашып кеткен тамақтан биогаз өндірілсе, Қытайда қоқыс жинаушыларға бірден қолма-қол ақша төленеді. Мәселен, Шанхайдағы мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді.

Түркияда қоршаған ортаның тазалығын сақтау саласында жұмыс істейтін адамдарға міндетті түрде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осы орайда бұл саланың қызметкерлеріне кейін жоғары зейнетақы тағайындалатынын атап өткен орынды. Бұдан бөлек оларға кәсіпорын басшылығы қолжетімді баспана алуға көмектеседі. Ал Ресейде қоқысты қайта сұрыптау мен жинау жүйесі біртіндеп қалыптасып келеді.

Біздің елде көлік шиналары мен пластик қалдықтарын өңдеу саласы қарқынды дамуда. Оған «Inter Rubber Recycling», «Soltustik Rubber Recycling», «Kazakhstan Rubber Recycling», «ЭКО Шина», «КазКаучук», «Ж.Құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Soyuz Plast» компаниясының жұмысы дәлел. Сондай-ақ соңғы жылдары біздің мемлекетте медициналық қалдықтарды қайта өңдеу ісі ілгерілеп келеді. Мұнымен еліміздегі 10 компанияның өкілдері айналысады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button