Қоғам

Түрменің де өз тірлігі бар

Түрменің де өз тірлігі бар


Биыл елімізде сотталған азаматтарды еңбекке тартуға арналған ауқымды бағдарлама жүзеге асады. Жобаға Бас прокуратура мұрындық болып отыр. Бұл жаңашылдықтан біздің өңір де құр алақан емес. Шемонайха ауданындағы №156\\6 қатаң режимдегі түзету мекемесінде болғанымызда осыған көзіміз жетті.

Усть-Таловка кентіне іргелес жатқан мекемеде 620 сотталушы жазасын өтеп жатыр екен. Соның ішінде 240 адам уақытша еңбекке тартылған. Аудан прокуроры Александр Акуловтың айтуынша бұл еңбекке жарамды жазагерлердің 75 пайызы деген сөз.

Жазаның жарасын еңбек жазады

Абақты қабырғасындағы жұмыс сотталған азаматтар үшін бірнеше жағынан пайдалы. Мұндағы ғасырдан да ұзақ күндердің бірден-бір емі – еңбек. Оның үстіне еткен еңбекке ақы төленеді. Жасаған қылмысы қоғамға шығын келтіргендер үшін бұл мемлекет алдындағы берешегін өтеудің таптырмас мүмкіндігі.
Жұмыс барысында тәртіп бұзбай, өзін жақсы жағынан көрсете білгендерге абақтыдағы еңбек мерзімінен бұрын босауына сеп болады. Мұнда жұмыс берушіге де жеңілдіктер бар. Өйткені, темір тормен байланысып, табыс табуға әркімнің жүрегі дауаламасы анық. Барлық жұмыс абақты аумағында өтуі тиіс болғандықтан өндіріс ошағын түзету мекемесінің өзі ұсынады. Тек жұмыс барысында тұтынған эелектр қуатының шығынын төлесе болды. Жұмыс күші де біршама арзанға түседі. Осының есебінен өндірген тауардың өзіндік құны қалыпты бағадан әлдеқайда төмен. Бүгінде №156\\6 түзету мекемесінде осы жеңілдіктерді пайдаланып, бес бірдей кәсіпкерлік нысан жұмыс жүргізіп келеді. Солардың бірі – «Еңбек-Өскемен» кәсіпорнының 110-филиалы.

-Біз мұндағы жұмысшыларымызға ағаш пен темірден түрлі тұрмыстық заттар жасатамыз. Ет тартатын астау, домбыра, жиналмалы орындықтар, декоративті үстелдер, жұмсақ жиһаз сияқты үлкен бұйымдарға да тапсырыс береміз. Дайын болған тауарды Жаңғызтөбеде көрмеге қоямыз. Адамдар сол жерден аттай қалап әкетеді. Өйткені, бағасы нарық бағасынан арзанға түседі. Мысалы, сауда үйлерінде 200 мың теңге тұратын диванды бізден 150 мың теңгеге алуға болады. Оның үстіне жиһаздың көбі табиғи ағаштан жасалады. «Востокцветмет» ЖШС-нің тапсырысы бойынша металлургтерге арналған киім тігуді қолға алдық. Жұмысшыларға айына 40-50 мың теңге шамасында еңбекақы төлейміз, – дейді «Еңбек-Өскемен» кәсіпорнының өкілі Майдан Садықов.

Бізді мұндағы шеберлердің ағаштан жасалған бұйымдарды не шегенің, не бұранданың, тіпті, желімнің көмегінсіз-ақ қиюластыратыны таңғалдырды.

«Шемнайхинский Ком-Хоз» ЖШС болса, мұндағы темірден түйін түйетін жігіттерге түрлі металл конструкцияларын жасатады екен. Кәуап пісіретін мангалдың түрі-түрін, қақпа, оюлы қоршаулар, тіпті, қоқыс контейнерлерін де абақтының ұсталары көздің жауын алатындай етіп жасайтынын көрдік.

Нан-тоқаштан дәм таттық

Темір тордың ішінде жүріп-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген жандар бар екен. Виктор Супик есімді сотталушы жылыжай егумен айналысып жүр. Қамаудағы адамның қандай да бір қаржылық операция жасап, кәсіп ашуына заң аясында жол жоқ. Есесіне жұбайы ешқашан сотталмаған. Виктордың кәсібі осы жолдасының атына тіркелген. Бүгінде «Иванова» жеке кәсіпкерлігінде Виктордан бөлек, төрт адам еңбек етіп жүр. Қияр, қызанақ сынды көкөністермен қатар, экзотикалық гүлдер де көктеп тұр абақтының жылыжайында.

-Жұмыссыз жатқанда өзімді өмір толқыны жағаға ығыстырып тастаған салындыдай сезінетінмін. Ал қазір әйтеуір бір шаруаға жарайтынымды білемін. Адамды адам қалпында сақтайтын құдірет еңбек дер едім, – дейді Виктор Супик.

Тоғыз адамды жұмыспен қамтып отырған наубайханаға да бас сұқтық. Ыстық нанның бұрқыраған исі, гуілдеген пештердің буы, ақ желең киген аспаздардың көңілді әңгімесі бұл жерден абақтының атмосферасын аулаққа қуып тастағандай әсер қалдырады. Наубайханашылар мұнда наннан бөлек, тоқаш өнімдеріне де тапсырыс қабылдайтынын айтады. Жұмыстарының өздеріне ұнайтынын айтқан көңілді ұжым бізге де ыстық наннан дәм ауыс тиюімізді өтінді. «Нан бар жерде ән бар» деген рас-ау.

Абақты әкімшілігі жұмыс беруші жетіспегендіктен көрші облыстан да кәсіпкерлерді тарта білген екен. Павлодарлық «Жұмаділов» жеке кәсіпкерлігі 10 адамды еңбекпен қамтып отыр. Жұмсақ жиһаз құрастыратын шағын цех үшін бос ғимараттың бір бөлігін тұтас беріпті.

– Бостандықта жүргенде де жиһаз құрастырумен айналысқан кездерім болған. Мұнда ұсыныс айтылғанда бірден келістім. Қазір көп дүниелерді үйреніп, кәнігі жиһазшының деңгейіне жетіп қалдық. Бұйырса, бір жылдан кейін мерзімінен бұрын босауым мүмкін. Ендігі өмірімді қылмыспен емес, осында меңгерген кәсібіммен өткізгім келеді, – дейді Думан Базарбекұлы есімді жас жігіт.

Бәрін қаршадай қыз қадағалап жүр

Біз атаған нысандардан бөлек май құю цехы мен техникалық қызмет көрсету стансасында да абақтының адамдары еңбек етіп жүр.
Осы істің бәрінің басында Әсел Бажаева есімді қаршадай қыз жүр. Сотталушылардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің басшысы ретінде абақтыдағыларға жұмыс беру үшін кәсіпкерлердің көбін өзі шақырып әкелгенін айтады. Абақтының аты – абақты. Сақтық үшін жұмысқа адам алмас бұрын әр сотталушының бүкіл ісін көтеріп, психологтардың кеңесін алу қажет. Басқа әріптестерінің де пікірлерін ескереді. Осының барлығынан өткеннен кейін ғана сотталушыға ұсыныс айтылады.

-Заң бізден кез келген сотталушымен «Сіз» деп сөйлесуді талап етеді. Мұндағылармен тіл табысу үшін барынша әділ болу қажет. Әділдік пен адамгершілік қатты бағаланады. Ал жұмыс берушілерді тарту оңай емес. Бірнеше жеңілдік ұсынатынымызға қарамастан бізбен істес болуға әркім келісе бермейді, – дейді майор қыз.

Біздің мемлекет бір ғана сотталушыға жылына 700 мың теңгеден астам қаражат шығындайды екен. Біз сөз еткен сотталушылар сол шығынның тамшыдай бөлігін өз еңбегімен өтеуде. Ең бастысы, олардың көбі ертең-ақ еркіндікке шыққанда өздерін қоғам ішінде өгей сезінбейтін болады. Өйткені, бостандықта қажет кәсіпті темір торда жүріп-ақ меңгереді олар.

Есімжан Нақтыбайұлы
Шемонайха ауданы

Осы айдарда

Back to top button