Түріктерді таңғалдырған тарландар

Ақсуат Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Бабалар сазы» этно-ансамблі былтыр Иран Ислам Республикасының Тегеран қаласында ұлттық-дәстүрлі музыкамызды паш еткен болатын. Енді міне, араға жыл салып Алтайдан Анадолыға сапарлап қайтты. Атап айтқанда, Түркияның Бурса қаласындағы Ұлы – Дағ университеті ұйымдастырған «Түркі халықтары әуендері» фестиваль-концертіне шақырту алып, Бурса және Анкара қаласында концерт берді.
Бұл жолғы өнер сапарына да аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев қолдау білдіріп, рухани кемелденуге жол ашты. Ансамбльді бастап апарған Мәдениет үйінің директоры Шәкен Мәлікқызына жолығып, осынау тарихи маңызы зор сапарда не көріп, не білгендерін, қасиетті Алтайға Анадолы төрінен қандай әсермен оралғандары жайында әңгімелеп беруін өтінген едік.
– Иә, биыл сәтін салып, Наурыз мерекесі қарсаңында Ататүрік еліне, Түркияға мәдени сапармен барып қайттық. Стамбулда бізді Бурса қаласындағы Ұлы-Дағ университетінің өкілдері күтіп алды. Одан арғы сапарымыз Бурса қаласына дейін автокөлікпен жалғасты.
Байқағаным, түрік тілінің кейбір сөздері қазақ тіліне ұқсастығы. Мәселен, жолаушы дегенді мүсәпір дейді. «Үйден ұзап шыққан жолаушыны – мүсәпір» дейді ғой қазекем. Бітті, аяқталдыны тәмәм дейді екен түріктер. Ара-тұра болмаса, түрік тілін түсінбейміз. Түркиядағы концертімізді ұйымдастырушы-продюссер, күйші Нәзира Махамбетқызы аудармашы болып, осы сапарды ұйымдастырды.
Сонымен, Бурсадағы Ұлы-Дағ университетінде концерт бердік. Жалпы, түрік ағайындар өнерімізді көріп, бізді Астана, Алматы секілді қалалардан келген республикалық деңгейдегі ұжым деп ойлапты. Тарбағатай секілді шекара шебіндегі қарапайым ғана шағын ауданнан мұндай өнер делегациясы шығады деп ойламаса керек. Сөз орайы келгенде Алтай – ежелгі түркі халықтарының кіндік жұрты болып саналатындығын, арғы тегіміз бір екенін, сол өңірден келгенімізді алға тарттым. Сонда Ұлы-Дағ университетінің проректоры, профессор Мехмет Юдже: «Біз атқа мініп, жер шолып Батысқа кеттік, сіздер жылқыны жеп сол жақта қалдыңыздар», деді әзіл-шынын араластыра сөйлеп. Түріктер «Бізді сақтап қалған жануар» деп, жылқыны жемейді екен.
Жалпы, концертімізді түрік көрермендері жақсы қабылдады. Тоқтамай қошеметтеп қол соққанынан солай деп түйдік. Жергілікті басылымдарына біз туралы мақала да шығыпты. Бұл да кеудедегі қуаныш сезімін еселеді. Түріктің халық әртісі Баћадүр Өзушен мен біздің дәстүрлі әншіміз Төлеген Шәкәрім бірігіп қазақтың халық әні «Гүлдерайымды» шырқады. Біздің этно-тобымыз ойнаған суағаш аспабы, домбырамен бірге билеген ор текеміз, үш ішекті домбыра, жетіген, қобыз, дабыл-даңғара, шаңқобыз, сазсырнай секілді ұлт аспаптарының қоңыр үні Ұлы даламыздан өрбіп, Түркия жеріне жетіп, көрерменді бейжай қалдырмады. Н.Тілендиевтің «Жекпе жек», «Аққу», Сүгірдің «Ыңғай төк», Дəулеткерейдің «Көроғлы», халық күйі «Бұлғын Сусар», «Домбыра», «Қара жорға» күйлерімен көшпелі кең заманда қазақ даласын шарлап кеткен халық әндері орындалды.

Осы тұста бізді құшақ жая қарсы алған Буйукшэхир әкімдігіне, Бычак музейінің директоры Месут Эмирге, концертімізге қолдау жасаған Стамбул университетінің доценті Джихан Юртчуға, Анкарада Башкент университеті мәдениет бөлімінің басшысы Өзгур Яғжыға айтар алғысымыз шексіз. Аталмыш өнерпаздарға да біздің аудан басшылығының Алғыс хаттарын тапсырдық.
«Бычак» (қазақша пышақ) музейін араладық. Сонда пышақ қадау, садақ ату өнерін көрсетті. Бір таңғалғаным, музейде біздің 1969 жылы Есік қорғанында табылған «Алтын адам» әшекейлерінің қатарындағы бұғы бейнесі мен пышақ тұр. Алтай өлкесінен табылғандығы туралы латын тілінде жазылыпты. Қала әкімдігінің Наурыз мерекесіне қатыстық. Келген қонақтарға наурызкөже ұсынды, дәмі біздің ұлттық сусынымызға ұқсас келеді екен. Оттан секіру, қылыштасу, садақ тарту өнерлерін де тамашаладық.
Түркия өнерпаздары да бізге бауырмалдықпен, шынайы көңілмен риза болды. Ұлы-Дағ университетінің ректоры Юсуп Улджай аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевқа дұғай сәлем айтып, Алғыс хат табыстады. «Келешекте осы байланысымызды жандандыра түсейік» деген пікірін де жеткізді. Өз кезегімізде біз де «Тарбағатай жұлдыздары» деген халықаралық байқау өтіп тұратынын құлақағыс етіп, соған түрік әртісі Баћадүр Өзушенді де шақырдық, келіп жатса қуанамыз әрине. Қорыта айтқанда, түркі дүниесін тануға, қазақ-түрік арасындағы мәдени байланысты, сабақтастықты дамытуға өнер арқылы үлес қоссақ, бұл да біз үшін жетістік деп ойлаймыз», – дейді Ататүрік елінен алған әсерімен бөліскен Шәкен Мәлікқызы.
Айта кетер болсақ, «Бабалар сазы» этно-тобы қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне 2014 жылы құрылған. Ансамбль құрылған жылы Катонқарағайда әлемнің он бір елінен келген өнерпаздармен бірге түркі халықтарының «Алтай – Түркі əлемінің алтын бесігі» атты халықаралық музыка фестиваліне қатысты. Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне «Ұлы дала қырандары» қозғалысы ұйымдастырған республикалық фольклорлық фестивалінде үздік атанып, Астанадағы Қазақ елі алаңында республикамыздың үздік филармониялары қатарында Қазақстанның халық әртісі Н.Нүсіпжановты сүйемелдеп өнер көрсетті. 2017 жылы облыстық «Ғасырлар пернесі» түркі халықтарының музыкалық фестивалінде бас жүлде иеленді. 2018 жылы ансамбль құрамындағы үздік аспапта ойнау шеберлері Солтүстік Қазақстан облысында Сегіз серінің 200 жылдығына арналған «Гауһартас» оркестрлер мен фольклорлық ансамбльдер байқауының лауреаты болып қайтты.
Қазақ даласының елеусіз ғана бір пұшпағында жатып, өнерлерімен Түрік елінің тыңдармандарын таңғалдырып оралған «Бабалар сазы» этно-ансамблінің ұжымына, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қанат Әбуғазинге және топ жетекшісі Шәкен Көпшікбаеваға «Болашақта да осындай ұлы сапарлардан олжалы орала беріңіздер!» дегіміз келеді.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы.