«Түркістан – Қазақ хандығының астанасы» атты көрме ашылды

Өскеменде тұңғыш рет «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының ұйымдастыруымен «Түркістан – Қазақ хандығының астанасы» атты көрменің тұсаукесері өтті.
Көрменің ашылу салтанатында облыстық этнографиялық мұражай қорығының директоры Николай Зайцев «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының директоры Мәулен Жарылқасынұлына «Шығыс Қазақстан мұражайлары» кітабын табыстады. Ал қадірлі қонақ Мәулен Жарылқасынұлы өз кезегінде Николай Зайцевке алғыс хат табыстап, «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалар» атты ғылыми-зерттеу жинағын сыйға тартты.
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отырған көрме
үш залда орналасқан. Біріншісінде хан ордасында жасалған қазбалардың археологиялық материалдары қойылды. Соның ішінде көрермендердің ерекше қызығушылығын оятқан туынды – Сауран тасатқышының оғы. Ал екіншісінде Есім ханнан бастап Абылайға дейінгі қазақ хандары туралы сыр шертетін ақпараттармен танысты. Мұнда ресей ғалымдары бас сүйегін гипстен реконструкциялаған қазақ ханы Абылайдың мүсіні қойылыпты. Үшіншісінде шығыстың көрнекті діни қайраткері әрі пәлсапашысы Ахмет Яссауидің өмірі мен қызметінен сыр шертетін материалдар жинақталған. Мысалға, 1865 жылы шыққан «Хикмет» өлеңдер қолжазба-жинағын тамашалаушылар қатары көп болды. Жалпы алғанда, шамамен 200-ге жуық жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылды.
«Әзірет-сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайының директоры Мәулен Жарылқасынұлының айтуынша, олар 2003 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы құрамына еніпті.
– Жуықта «Қожа Ахмет Яссауи кесенесі» атты үш тілде жазылған альбом кітапты жарыққа шығардық. Бұл Мәскеуде өткен кітап көрмесінде ІІ орынға ие болды, – дейді Мәулен Жарылқасынұлы.
Көрмеге келген қалалық №20 мектептің оқушысы Ерназ Кәуленовке ХІ-ХVІ ғасырлар аралығында жасалған дәріге арналған құмыралар ерекше ұнапты.
– Шынымды айтсам, ерте замандарда осындай заттардың қолданылғанына таңғалдым. Тіпті, бір ерте ғасырларда тап болғандай күй кештім, – дейді Ерназ Кәуленов.
Облыстық этнографиялық мұражай қорығының директоры Николай Зайцевтың айтуынша, «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы ұйымдастырған көрме біздің қаламызда алғаш рет өткізіліп отыр.
– Шараның басты мақсаты – өңіраралық мәдени алмасу аясында өтіп жатқандықтан, келер жылы біз Түркістанда «Әлем халықтарының ұлттық костюмі» атты көрме ұйымдастыратын боламыз, – деді Николай Зайцев.
Ажар Сағатбекова