Қоғам

Тіркелетін құжаттар мұқият зерттелуі тиіс

Тіркелетін құжаттар мұқият зерттелуі тиіс


Парламент Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов пен Жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Сергей Ли облыстық әділет департаментінің қызметкерлерімен, әділет органдарының үйлестіру кеңесі мүшелері және \”Қазақстан заңгерлер одағы\” облыстық филиалының өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында Сенат депутаты Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіріп, Елбасының билік тармақтары арасындағы өкілеттілікті қайта бөлу туралы таяуда жасаған Үндеуіне ерекше тоқталды.

-Билік тармақтарын қайта бөлу – еліміздің тарихындағы жаңа кезең, демократиялық жаңғырудың жаңа жолы, – деді Дулат Құсдәулетов. – Мысалы, Президенттің құзырында болып келген бағдарламаларды бекіту міндеті Үкіметке беріледі. Бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені, Үкімет бағдарламаларды ұсынғанмен, олардың жүзеге асуына ешқашан жауап берген жоқ. Бір министр қызметінен кетсе, бағдарламаның да аяқсыз қалған кездері болған. Бұған енді жол берілмейді. Қабылданған бағдарламаның өмірге енгізілуі, одан нәтиже болуы Үкімет мүшелерінен талап етіледі, соларға жауапкершілік жүктеледі.

Сенатордың түсіндіруінше, сот билігін де өзгерістер күтіп тұр. «Сот жүйесі туралы» жаңа Заң қабылданған. Соттардың жауапкершілігі арттырылмақ, прокуратура бұрын заңның орындалуына жауап берсе, енді оның қаншалықты заңды түрде қолданылғанын қадағалайды, оның азаматтық-процессуалды процестегі рөлі азаяды.

Өз сөзінде Дулат Құсдәулетов Жолдаудың басты мақсаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену, мықты елдермен бірдей деңгейге жету екендігін атап өтті. Бұл орайда Жолдаудағы тапсырмаларды орындау кезінде оларды жергілікті жағдайлармен байланыстырудың қажеттілігін еске салды.

– Жолдау экономиканы, экономикалық өсуді қамтамасыз ету негізінде экономикалық реформалар құрамына бағытталған шұғыл және тиімді қадамдарға жету үшін берілетін нақты тапсырмалардан құралған. Әкімдіктен келген барлық бағдарламаларды мұқият зерттеп, мониторинг жасау қажет. Өткен жолғы құжатта көрсетілген баптар неге жұмыс істемеген, нені өзгерту керек деген сияқты талдаулар міндетті түрде болу қажет. Бірде-бір нормативті құжат, заң жобасы әділет органдарының мақұлдауынсыз қабылданбайды. Сол себепті сіздер бұл мәселеде сауатты болып, тіркеуге келген құжаттарды мұқият зерттеуге, оларға мониторинг жасауға тиіссіздер, – деп ескертті сенатор.

Кездесу кезінде депутат қызметкерлерді толғандырған көптеген сұрақтарға жауап берді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button