Түркі әлемінің Көшбасшысы

«Тамырсыз тал болмайды,
Тарихсыз ел болмайды-деген мақал Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының бар мәнін ашып тұрғандай.
Мен бұл мақаланы оқи отыра Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына тағы бір мәрте қанықтым.
Жаяу жүрсе – бір қазақ,
атқа мінсе – мың қазақ, – демекші, ертегідей ескі заманның өзінде даланың дүлділі сәйгүлікті қолға үйретіп, адамзат баласына атқа міну мәдениетін қалыптастырып, тасты талқандап, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, дала заңына бас ұрған данышпан қазақ екені тайға таңба басқандай жазылған бұл мақалада.
Тауында жатқан тасын түрсең, тарихы сөйлейтін даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық деп білемін.
Ендігі осы бай тарихымызды түгендеп,өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағу жолында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы айтпаса да белгілі. Себебі, ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материалдар шаң басқан архивтер мен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне, осы орайда Мемлекет басшысының ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы дала тұлғалары» сынды жобаларды мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп санауға болады.
Сонымен қатар мақалада айтылған адамзаттың ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабиді өмірге әкелген орны бөлек Отырар, Қожа Ахмет Яссауи ілім алған Түркістан қалаларын тарих сахнасында қайта жаңғырып, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобасы негізінде бейбітшіліктің символына айналған ажарлы Астанамыз түркі тілдес халықтарының ортақ үйіне айналары айдан анық.
Мен бұл мақаланы оқи отырып, қарға тамырлы қазақтың ғана емес, түбі түркі дүниесінің тарихын түгендеген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты түркі тілдес халықтарының көшбасшысы ретінде таныдым.
Аталған мақалада жоғары айтылған тарихи тың деректер мен архивтерден табылған құнды құжаттар ұлттық сарындағы жаңа деректі және көркем фильмдердің сценарийлеріне арқау болатыны айтылған.
Қорыта келгенде ұлттық санасы жаңғырып, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеп, атына қайта мінген қазақтың кеудесін ешкім баса алмайды. Бұл менің мақаланы оқудан түйген ойым. Өз ойымды Елбасының «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе болған жоқ»,-деген сөзімен аяқтап, болашақта ұлт тарихында ұлт ұялатын еш нәрсе болмайтынына сенім білдіргім келеді.
СОҒЫМБАЙ ОЛЖАС,
Семей қалалық жастар
ресурстық орталығының директоры.