Қоғам

Тұрғазы Нұқаев атындағы көше неге ескерусіз қалып келеді?

Тұрғазы Нұқаев атындағы көше неге ескерусіз қалып келеді?

Өскеменнің іргесінде орналасқан Ахмер ауылындағы көшелердің бірі ақын, журналист, кезінде ұзақ жылдар бойы облыстық «Дидар» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарған марқұм Тұрғазы Нұқаевтың есімімен аталатынын естігеннен кейін, тағат тауып отыра алмадық. Журналист деген қауымға сирек бұйыратын мұндай құрметтің бүгінгі «дидарлықтардың» рухани ұстазы болған өршіл ақынға көрсетілгеніне бәріміз де қуанышты едік.

Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген деректеріне сүйенсек, 2012 жылдың 30 мамырында қалалық ономастикалық комиссия Ахмер ауылындағы 20 атаусыз көшеге ат беру туралы шешім шығарыпты. Сол жиырманың бірі Тұрғазы Нұқайұлының есімімен аталады екен.

– Азаматтарға Ахмер ауылынан жер берілген кезде ол алдымен учаске болып бекітілген. Кейін олар үй салып, үлкен бір елді мекенге айналды да, көшелерге атау беру қажеттігі туындады. Осыған орай, ономастикалық комиссияның шешімі де шықты. 2012 жылы Ахмер Меновное ауылдық округінің құрамында болған-ды. Сол кезде тұрғындарға көшелерге атау берілгені туралы ескертіліп, енді мекенжайларын заңдастырып алулары қажет екені жайында жұмыстар жүргізілмеген сияқты. Соның салдарынан көшелерге әлі күнге дейін тақтайшалар да ілінбей жатыр, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Елена Андреева.

…Шәмші Қалдаяқовтың көшесімен қиылысатын Нұқайұлы атындағы көшеде бар-жоғы жиырма шақты ғана үй бар. Жолдың басындағы екі ғимаратта ғана көшенің аты мен үйдің нөмірі жазылған тақтайша ілініпті. Ал қалған үйлердің қоршауында жер учаскесінің нөмірлері көрсетілген екен.

Бұл жердің тұрғындары негізінен аудандардан қоныс аударған азаматтар. Өзін Гүлжанат деп таныстырған келіншек Зайсаннан көшіп келіпті. Үш ұл, төрт немересімен осында тұрып жатқандарына екінші жыл болған. Азамат болып қалған ұлдары есік алдында тағы бір үйдің қабырғасын көтеріп жатыр. Үй иелері – үлкен ұлы мен келіні жұмыста болғандықтан, құжаттарын рәсімдеп алуға қолдары тимей жатқан көрінеді.

Келесі үйдің қақпасын жас жігіт ашты, студент екен. Ауланың іші гүлдермен көмкерілген, раушан, райхан гүлдері жайқалып тұр. Арғы жақтан көктеп келе жатқан бау-бақша көрінеді. Бірақ бұл отбасының да құжаттарын жөндеуге мұршалары келмей жүрген сияқты, мекенжайы учаскенің нөмірімен ғана көрсетілген.

– Бізге көшенің атауы жазылған тақтайшаны берген, тағы біраз көршінің тақтайшасы да бізде. Үлестіріп беруге қол тимей жүр. Ол шаруамен анам өзім айналысамын деген, – деп қарап тұр студент бала. Обалы нешік, ол тақтайшаны таяу арада іліп қоюға уәде берді.

Биыл облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасы бо-йынша Өскеменде бірнеше көшенің күндері аталып өтті. Мұхтар Әуезов даңғылының мерекесіне жазушының ұлы Мұрат Әуезов арнайы келген-ді. Сондай-ақ, Қасым Қайсенов, А.Мызы көшелерінің күндері тойланды.

– Қазіргі кезде көше атауларының көбі жаңаланып, тәуелсіз Қазақстанның тарихымен байланыстырылуда. Бір өкініштісі, көпшілік өзі тұратын көшеге есімі берілген танымал тұлғалар туралы біле бермейді. Көшеге жай ғана атау бере салмай, ол атауды халықтың жүрегіне жеткізу керек. Бұл орайда әр көшенің белсенді азаматтары тұрғындар, әсіресе, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, құба-құп болар еді. Өскелең ұрпақ көше атауларына адамдардың есімі негізсіз берілмейтінін, тек халыққа еңбегі сіңген жандардың есімі ұлықталатынын білуі тиіс қой, – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Бұлбұл Бакинова.

Әрине, қаланың картасында сыптай түп-түзу болып көрсетілген көше нақты өмірде абаттандыруды, жолын жөндеуді қажет ететіні түсінікті. Олардың тұрғындары жайбасарлыққа салынбай, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы үй құжаттарын заңдастырып, мекенжайлары жазылған тақтайшаларын ілген соң, ол көшелердің жайнап кетері сөзсіз. Өз басымыз өлкеміздің рухани өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Тұрғазы Нұқаев сынды қаламгердің көшесі келешекте атауына сай жайқалып шыға келеді деп сенеміз.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button