Тұрақтылық пен келісім өркендеуге жол ашады
Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко этномәдени бірлестіктер төрағаларымен, қоғамдық ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Асқар Нұрғазиев қатысты.
Әдетте, депутаттар сессиядан кейін ел аймақтарын аралап, өз қызметтері жөнінде баяндайды және тұрғындардың талап-арыздары мен ұсыныс-тілектерін естіп, біледі.
– Егер билік пен азаматтар арасында байланыс әлсіз болса, мемлекет те әлсіз болады, сондықтан біздер, депутаттар, жұртшылық ішінде көбірек болып, оларды толғандырған мәселелерді мұқият зерделеуді мақсат тұтамыз, – деді осы ретте Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Былтыр Парламент Мәжілісінің жұмысында аталмыш бағытта біраз өзгеріс орын алыпты. Атап айтсақ, енді Мәжіліс қабырғасында өтетін барлық заң жобаларын талқылау отырыстарына қоғамдық бірлестіктердің, оппозициялық күштердің, тіпті, шетелдік ұйымдардың өкілдері де қатысатын болады. Мұндай қадам заңдардың шикі тұстарын анықтап, олардың сапасын арттырып, нақтылығын анықтай түсуді қамтамасыз етпек. Жалпы, еліміздің 25 жылдық жаңа тарихы ішінде Мәжіліс 2643 заң шығарып, оларға Елбасы қол қойған.
Владимир Божконың айтуынша, Мәжілісте 31 депутат енген Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы тобы құрылып, өзара міндеттерді бөліскен. Мақсаттары – «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін іске асыру, ел бірлігін нығайту, Қазақстан азаматтылығы негізінде біртұтас ұлт құру. Осы орайда ол Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызына айрықша тоқталып өтті. Айталық, көршілес Ресейде де біздегідей халықтар Ассамблеясы құрылған, бірақ ол онда қоғамдық ұйым дәрежесінде. Сол ұйымның жиналысына құрметті қонақ ретінде қатысқан Владимир Божко Ресейде бұл бағытта бізден анағұрлым артта қалғанын ашық айтты.
– Біз Елбасымыздың көрегендігінің арқасында осы бірегей ұйымды ертерек құрып, оған мемлекеттік дәреже бере отырып, көптеген проблеманың алдын алдық, – деп пайымдады В.Божко.
Жиында депутат, сондай-ақ, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» атты бөлігіне қатысты 85-90-шы қадамдарына жеке-жеке тоқталып, олар бойынша нақты атқарылған және жоспарланған шаралар жөнінде мәлімет берді.
Ел экономикасын өркендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ең алдымен қоғамда тұрақтылық пен келісім болуы тиіс деген қағиданы берік ұстанған депутат тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытында көптеген игі істер атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Оған айқын мысал – жастарға алғашқы жұмысшы мамандығының осы жылдан бастап тегін беріле бастауы. Яғни, кез келген ел азаматы кәсіп игеріп, өзіне жұмыс таба алады. Мемлекет өз тарапынан еңбек адамына лайықты ақының төленіп, тиісті құрмет көрсетілуін де көздеп отыр. Өткен жылдың соңында жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталғандар ішінде қарапайым еңбек адамдарының көп болуы осының бір дәлелі іспетті.
– Ел бюджетінің 42 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалатынын атап өткен орынды. Бұл – халыққа білім беру, денсаулығын сақтау, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу, өзге де әлеуметтік бағыттар үшін қарастырылған қаражат. 2017 жылдың бюджеті 7 триллион 890 миллиард теңге болып бекітілгенін айтқым келеді. Осы қаржы ел экономикасын дағдарысқа қарамастан тұралатпай, алға жылжытуға жеткілікті болуы тиіс, – деп ойымен бөлісті депутат.
Кездесуде Мәжіліс төрағасының орынбасары азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер жөнінде де түсініктеме беріп, заң аясында барлық тұрғын бірдей уақытша тіркеуге тұруға тиісті екенін айтты.
– Тұрғындар тұрғылықты жерінде тіркелуге міндетті. Елімізде тұрғылықты мекенжай бойынша және уақытша тіркеуге тұру заңнамада бұрыннан қарастырылған. Кез келген азамат тіркеуге тұру үшін өзі тұратын аймақтағы халыққа қызмет көрсету орталығына баруы керек. Оған небәрі 15-20 минут уақыт кетеді. Тіркеуге тұру үшін тіркелуші азаматтың өзі де, тұрғын үй иесі де келуге міндетті. Ал ұзақ уақыт бойы ауырып, ем алатын азаматтарды аурухана өзі тіркейді, – деді В. Божко.
Кездесу соңында Парламент Мәжілісінің вице-спикері жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, барлық түйіткілді мәселенің назарға алынып, қарастырылатынын айтты.
Ержан Әбіш