Тұрақтылық кепілі

Рухани келісім күніне орай облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында өңірдегі діни бірлестіктер жетекшілері бас қосып, салада қордаланған көкейтесті мәселелерді талқыға салды. Іс-шара діни кітаптардың көрмесімен басталды.

Жиынды ашқан облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Тимур Жігітаев Елбасының бастамасымен 1992 жылдан бері аталып келетін Рухани келісім күнінің мән-маңызына айырықша тоқталып, қоғамның одан әрі гүлденіп, өркендеуі үшін тұрақтылықтың ауадай қажет екенін, ол тұрақтылыққа ұлтаралық және дінаралық келісім арқылы ғана қол жеткізе алатынымызға назар аудартты.
Ол сондай-ақ облыстағы діни ахуалдың тұрақты екеніне де тоқталып өтті. Мәлімет бойынша, қазіргі кезде өңірде 316 діни бірлестік тіркелген, оның 208-і – мешіт, 39-ы православтық шіркеу, 61-і протестанттық шіркеу, 6-ы – католиктік шіркеу, сонымен қатар бір-бірден кришна және иудаизм ғибадатханалары бар. Әрқайсысы өз қызметтерін ел заңдары аясында белсенді атқарып келеді.
Осы келелі басқосуға арнайы шақырылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Алтынбек Ұтысханұлы тақырыпқа қатысты өз ойларымен бөлісті.
– Ислам діні – бейбітсүйгіш дін, тіпті «Ислам» деген сөздің өзі бейбітшілік деген мағына береді. Біздің дінімізге адамдарды нәсіліне, тіліне, дініне, түр-түсіне қарай бөлу, алалау деген жат. Міне, осыны әрдайым ел арасында айтып, барша қауымды ынтымақ пен ымырашылдыққа үндеп жүрміз. Еліміздегі тұрақтылық – ортақ құндылығымыз, оны сақтау, оны нығайту – әр азаматтың парызы деп білемін, – деген ол бүгінгі таңда мұсылмандар, өкінішке қарай, дін мәселесінде талас-тартыстан ары аса алмай келетініне қынжылыс білдірді.
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің басшысы Галина Новикова осы тақырыпты одан әрі өрбітіп, қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған жат ағымдарға жастардың еліктеу себептерін түсіндірді. Маманның айтуынша, көп жағдайда білімнің жетімсіздігі, нақты өмірлік ұстанымның жоқтығы жас буынның адасуына әкеліп соқтырады. Яғни, қай салада болмасын ең алдымен білім қажет және ол білім шынайы білім болуы тиіс. Осы ретте ел арасындағы насихат шараларының аздығы, не болмаса олардың сапасыздығы мәселесі сөз болды.
Жиынға құрметті қонақ ретінде қатысқан Астана епархиясының қызметшісі, Қаскелең епископы Геннадий қазіргі кезең осы ғасырдың басындағы өмірге мүлде ұқсамайтынын, әлеммен бірге адамдар да қатты өзгеріп бара жатқанын алға тартты.
Басқосуға жиналғандардың бәрі де дін саласындағы жағдайдың елімізде бір қалыпқа түсіп, тұрақталып келе жатқанын қуана атап өтті. 90-шы жылдардың басында, яғни атеизмді ту еткен Кеңестер одағы ыдырап, коммунистік жүйе күйреп, діни наным-сенімге толық еркіндік берілген сәтте әр алуан ағымдардың қаптап, халықтың санасын улап, ел ішіне іріткі салғаны баршаға аян. Қазір атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында дін саласында бірізділік орнаған, мемлекеттің бұл саладағы саясаты азаматтардың діни наным-сенім бостандығын да бұзбайтын, зайырлы қоғамда бекітілген заңдарға да қайшы келмейтін өзіндік дара жолымен жүріп келеді.
Жиналғандар Астанада өткен 6-шы діндер съезінде қабылданған декларацияға қолдау білдіріп, деструктивті діни ағымдармен бірлесе күресуше уағдаласты.
Іс-шара соңында түрлі тоғыз конфессия өкілдеріне ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін Шығыс Қазақстан облысының грамотасы табысталды. Сондай-ақ Рухани келісім күніне орай 17 қазанда Өскемендегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде діни бірлестіктер арасында спорттық ойындар өтті.
Ержан Әбіш