Қоғам

Тұрақтандыру қорында бар азық-түлік қымбаттамауы тиіс

Тұрақтандыру қорында бар азық-түлік қымбаттамауы тиіс

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте негізінен азық-түлік бағаларын ырықтандыру мәселесі талқыға салынды.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жүргізген мониторинг нәтижесінде Өскемен мен Семей қалаларында ең қажетті деген 33 тауар түрінің 22-сі қымбаттағаны анықталып отыр. Облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың айтуынша, аудандардағы жағдай да мәз емес, олардың көпшілігінде көкөніс пен жарма өнімдері бағаларының өскені байқалады. Дегенмен облыстың тұрақтандыру қорында дәл осы азық-түлік түрлері жетерлік.
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Арман Бекбосынов өңірлерге 41 тонна көкөніс жөнелткендерін жеткізді. Оның басым бөлігі, яғни 28 тоннасы Аягөз ауданына, қалғандары Абай, Зырян, Ұлан аудандары мен Курчатов қаласына жіберіліпті. Ал басқа аудан-қалалардан әзірге қор өнімін алуға тапсырыс түспеген. Олар өздерінде құрылған тұрақтандыру қорларына арқа сүйеп отырғандарын алға тартады.
Қытай елінен келетін көкөністер мен жеміс-жидектердің құны теңге бағамының өзгерісінен кейін өскен емес. Мұны кеден бекеттерінің ақпараттары растайды. Айталық, шекарадан қиярдың келісі 332 теңге, ал қызанақтың келісі 333 теңге болып өтеді. Бірақ облыс орталығының жекелеген сауда нүктелерінде, мәселен, «Колос» гастрономында олардың бағасы бірнеше есеге шарықтап кетеді. Аталмыш дүкенде қияр – 600, қызанақ – 900, ал тәтті бұрыш бір мың теңгеден саудалынуда. Қазір Өскемен қаласы әкімдігінің арнайы тобы осы жайттардың себебін анықтап жатыр. Соңғы бір ай ішінде шығыстағы көршімізден барлығы 113 тонна көкөніс өнімдері әкелінген екен.
– Егер Өскеменнің қақ ортасында тұрған осындай «Колос» сияқты ірі сауда орындарында бір ғана тауардың бағасы көтерілер болса, онда мұндай құбылыс қалған шеткері аудандардағы ұсақ дүкендерде де көрініс табады. Сондықтан бағаның негізсіз көтерілу дерегін назардан тыс қалдыруға болмайды. Үкімет кейбір тауарлардың ең шекті бағаларын белгілеп отыр. Соның негізінде жұмыс істеу керек. Мысалы, қызанақтың келісі кедендік бекеттен 333 теңге болып өтсе, дүкендерде оның құны мың теңге емес, ары кетсе 500 теңге болуы мүмкін. Яғни, тексеріс барысында тауардың бастапқы бағасына көңіл бөлген жөн, – деп түйіндеді ойын облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев.
Ақпан айының 20-сынан наурыздың 1-іне дейінгі кезеңде қауырт желі арқылы тауар бағаларының негізсіз қымбаттауына қатысты 52 қоңырау шалынған. Оның 42-сі Өскеменнен болыпты, тұрғындар негізінен қант бағасының өскеніне шағымданған.
Атап өтерлік жайт, облысымызда орын алып отырған «қант дағдарысы» алдағы уақытта жойылады деуге негіз бар. Бүгінгі таңда 200 тонна өнім облыс орталығының дүкендеріне таратылды. Жуық арада қалаға тағы осынша көлемде қант жеткізілуі тиіс. Алайда, нақты қажеттілік бір мың тонна екенін ескерер болсақ, тапшылық әлі де сезілетін болады.
Апта басында қауырт желі бойынша штабқа «Шығыс-Сүт» кәсіпорны өнімдерінің, атап айтсақ, сүт, айран, ірімшіктің 15-20 пайызға қымбаттағаны жайында мәліметтер келіп түсіпті. Қазір бұл мәселемен арнайы комиссия шұғылдануда.
– Аймақ басшысы айтқандай, өзімізде өндірілетін өнімдердің қымбаттауына еш негіз жоқ. Сондықтан ондай тауарлардың құнын бұрынғы деңгейде ұстап тұру қажет, – деді бұл орайда Нұрлыбек Шерубаев.
Бүгінгі таңда облыстағы тұрақтандыру қорының қоймаларынан күнделікті 55-65 тонна көкөніс өнімдері саудаланады. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев бұл қарқынды үдетуді, тәулігіне кем дегенде 100 тонна өнімнің сатылуын міндеттеді. Себебі, алдағы уақытта күннің жылынатыны анық, соның салдарынан көкөністер бұзыла бастауы мүмкін.
Өскеменде тұрақтандыру қорының 28 нүктесі бар, оның 19-ы қорға ақысыз берілген. Семейдегі 29 сауда орнының тек біреуі ғана тегін ұсынылады. Семей қаласының әкімдігіне осы бағытта жұмыс істеп, сауда орындарының мүмкіндігінше тегін берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Жиында дәрі-дәрмек бағалары да сөз болды. Облыстағы фармакологиялық компаниялар меморандум шарттарын орындап отыр, арнайы тізімде көрсетілген препараттардың бағасы қымбаттамаған. Тек аталмыш тізімде жоқ кейбір дәрілердің құны өскен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников қазір осы бағытта жұмыс істеп жатқандарын, жағдайдың толық бақылауда екенін жеткізді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button