Қоғам

Тұрақтандыру қорын толықтырып отыр

Тұрақтандыру қорын толықтырып отыр

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Семейге жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті билікті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуде барынша тиімді әдістерді қолдануға шақырды. Облыс әкімі сонымен қатар, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, «Приречное» агрофирмасында болып қайтты.
Биылғы наурыздағы дәл осындай кездесуге қарағанда бұл жолы жеке мәселелер бойынша қабылдауға семейліктердің айтарлықтай аз жазылғанын атап өткен ләзім. Бұл бірінші кезекте атқарушы биліктің, сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаттарының тұрғындар проблемаларын жергілікті деңгейде шешу үшін бар күш-жігерлерін салып жатқанын білдірсе керек.

Ешбір сауал ескерусіз қалмайды

Семейліктердің облыс әкіміне қойған сұрақтары түрлі салаға қатысты болды, алайда басым көпшілігі әдеттегідей денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерді қамтыды.
Айталық, балаларының шетелде медициналық ем-дом алуларына көмектесу жөніндегі өтінішпен аймақ басшысына Семей қаласының бірден екі тұрғыны жүгінді. Даниал АХМЕТОВ облыстық денсаулық сақтау басқармасына осы бағытта бейінді министрлікпен жұмыс істеуді тапсырды. Аймақ басшысы сондай-ақ, Қазақстаннан тысқары жерлерге тегін емделуге жолдама беру туралы шешім шығаратын арнайы комииссия бар екенін де еске салды.
Марат Оқубаев Комсомол ауданындағы жер үйлерді электр энергиясымен қамту, сонымен бірге, су құбырын салу жөнінде өзекті мәселелер қозғады. Семей қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары электр тасымалдау желісінің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жұмыс осы жылдың соңында аяқталатын болады. Ал сумен қамту жүйесіне келер болсақ, облыс әкімі оған қажет қаржыны келер жылдың бюджетінен қарастыруды міндеттеді. Бұған 155 миллион теңге қажет. Мұнымен қоса, қалалық бюджеттен Потанин көшесін сумен қамтуға 7,7 миллион теңге бөлу бойынша оң шешім қабылданды.
Кездесуде тұрғындар тарапынан баспана кезегіне, жекелеген үйлердің шатыры мен жеделсатысын жөндеу, ыстық сумен қамту жүйесін қайта құру жұмыстарына қатысты бірқатар күрделі сұрақтар қойылды.
Семейліктерді мәдениет және спорт мәселелері де алаңдатуда. Мәселен, «Абай» республикалық қоғамдық қорының жетекшісі Отантай Кәрібжанов ұлы ақынның 175 жылдығын мерекелеуді ЮНЕСКО аясында, яғни әлемдік деңгейде өткізу жөнінде бастама көтерді. Бұл іспен қазірден бастап шұғылданған жөн. Аймақ басшысы атқарушы билік тарапынан қолдау көрсетілетініне уәде берді, бірақ ол үшін қор тиісті ұйымдастыру жұмыстарын атқаруы тиіс. Қабылдау кезінде Семейде футболды дамыту бойынша бірқатар ұсыыныстар да айтылды.
Даниал АХМЕТОВ бүгінгі таңда қаланың тұрғын үй-коммуналдық саласында үлкен өзгерістер орын алып жатқанын атап көрсетті. Бұл алғашқы кезекте қала басшысы Ермак Сәлімовтің Еуропалық қайта құру және даму банкімен жемісті жұмыс істеуіне байланысты. Сумен және жылумен қамту жүйелерін жаңарту, сонымен қатар, көше шамдарын ауыстыру жобалары бойынша келісімдер бүгінде аяқталып қалған.

Үнемделген қаржы абаттандыруға жұмсалады

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «5-ші интернат» қазандығынан бірден екі ауруханаға, атап айтсақ, жедел медициналық көмек станциясы мен ауруханасына тартылып жатқан үш шақырымдық жылу трассасының жай-күйімен танысты. Аталмыш екі нысан да қазір электр тогымен жылытылуда. Мердігер фирма қысқа мерзім ішінде екі миллиард теңгенің жұмысын атқарып үлгерген, облыс әкімінің айтуынша, бұл – жақсы нәтиже.
– Жедел медициналық жәрдем ауруханасының жылуға жұмсайтын ай сайынғы шығындары қыс маусымында 70 миллион теңгені құрайды. Бұл – қыруар қаржы. Егер медициналық мекемені қатты отынға ауыстырсақ, айлық шығын алты миллион теңге болады. Қала әкімінің, ТҮКШ және энергетика басқармасының және мердігер фирманың міндеті – жылу трассасының құрылысын бір айдың ішінде толық аяқтау. Үнемделген қаражат қалалықтардың өмір сапасын жақсартуға, қаланы абаттандыруға, басқа да игі мақсаттарға жұмсалуы керек. Семейде тиімсіз электр қазандықтар жетіп артылады. Инфрақұрылым мәселелерін оңтайлы жолдармен шешіп, энергетикалық тұрғыда тиімді жобаларды іске асырған жөн, – деді Даниал АХМЕТОВ осы орайда.
Мердігер фирма өкілдерінің айтуынша, жылу трассасын салу жұмыстары екі ауысыммен жүргізілуде, тек жер қыртысының ерекшеліктері, яғни батпақтығы ғана жұмысқа кедергі жасап отыр. Дей тұрғанмен, мамандар 15 желтоқсанға дейін істі соңына жеткізетіндеріне сенімді.
Бұл ретте атап өтерлік бір жайт, қала әкімдігі жылумен қамту бағытында көп шаруа тындырған-ды. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу уақытында беріліпті. Семейде көмірге және жылу желілеріне қатысты мәселелер туындамауы тиіс биылғы маусымда.
Іссапар кезінде семейлік автобустардағы жол ақысының қымбаттауы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Естеріңізге сала кетсек, Семейдің тасымалдаушылары шығындарының көптігіне байланысты жолақы құнын бірден 33 пайызға көтеру туралы ұсыныс білдіріп отыр. Даниал АХМЕТОВ Өскемен мен Семейдің әкімдері ең алдымен көлік сапасы мәселесімен айналысуы керек екенін баса айтты. Өйткені, қалаішілік қатынаста жүрген автобустардың дені экологиялық стандарттарға және жолаушы қауіпсіздігінің талаптарына еш сәйкес келмейді.
– Маған аталмыш мәселелерді шешудің жолдарын бір ай уақыт ішінде ұсынуларыңызды талап етемін. Атқарушы билік жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарды қатаң бақылауы тиіс. Егер олар инвестициялық бағдарламаларын ұсынса ғана, біз тарифтерді белгілі бір саналы мөлшерде өсіруге жол бере аламыз. Жолақысын көтермес бұрын автобус компаниялары өз көліктерінің барлық стандарттарға сәйкес келуін ойластырған жөн, – деді облыс басшысы.
Даниал АХМЕТОВ қаланы абаттандыру бойынша да өз ұсынысын енгізді. Көктемде әрбір кәсіпкер қалада жоқ дегенде бір түп тал егуі тиіс. Бұл шаһарды көгалдандыру бағытындағы алғашқы қадам болмақ.

«Приречноеда» ақбас сиырлар көбейіп келеді

«Приречное» агрофирмасы» ЖШС – Семейдегі ірі агроөндірістік кешендердің бірі. Кәсіпорын өсімдік және мал шаруашылығымен айналысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Облыс әкімі агрофирмада болып, тұрақтандыру қорының өнімдері сақталған көкөніс қоймаларын, жаңа ауыл шаруашылық техникаларын көрді, үш мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының жұмысымен танысты.
Осыдан он жыл бұрын агрофирмаға қазақтың ақбас сиырын өсіру бойынша асыл тұқымды шаруашылық дәрежесі берілгенін айта кеткен абзал.
– Жалпы, нақ осы қазақтың ақбас сиыры – өсіріп-өркендетуді қажет ететін ұлтымыздың төл тұқымы. Шаруашылықтың әлеуеті мал басын әлі де болсын көбейте түсуге жеткілікті, сондықтан осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет, – деді Даниал АХМЕТОВ.
«Приречное» агрофирмасы» ЖШС-нің басшысы Мұхит Тұмабаевтың айтуынша, келер жылы сиыр малының басы бір жарым мыңнан асуы тиіс. Сонымен қатар, шаруашылық «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен тығыз жұмыс істеуде. Осы жылы Ақмола облысынан 400 бастан аса асыл тұқымды бұзау әкелінді. Агрофирма жыл сайын өңірлік тұрақтандыру қорының сауда желілеріне көкөністер жеткізіп тұрады. Олар мемлекеттік қолдау шараларын да ұтымды пайдаланып отыр. Тек осы жылы ғана субсидиялар мөлшері 188 миллион теңгені құраған.
Аймақ басшысы заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алып, егістік алқаптарды ұлғайтқан, сонымен қатар, мал басын көбейтіп отырған «Приречное» өңірдегі өзге шаруаларға үлгі-өнеге болар қожалық екенін атады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button