Өзекті

Транзиттік дәліздің құрылысын келер жылы аяқтауды тапсырды

Үкімет басшысы Асқар Маминнің Шығыс Қазақстандағы жұмыс сапары Аягөз ауданында жалғасты. Абыздар мен ақындар еліне тізген тартқан Премьер-Министр аймақ басшысымен бірге «Талдықорған Өскемен» тасжолының 685-880 шақырымдарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

Жалпы ұзындығы 195 шақырым болатын аталмыш жол бөлігінің құрылысына 71 млрд. теңге бөлінген. Бас мердігері «К-Дорстрой» акционерлік қоғамы құрылысын жүрігізіп жатқан бұл учаскесі осыған дейін ІІІ дәрежелі болса, енді II дәрежелі жолға айналып, 15 жол айрығымен қосылатын болды. Бұған қоса жолдың сапасын қалыпты деңгейде сақтау үшін трассаның су алатын және сазды бөліктеріне 200-ден аса су ағатын құбыр орнатылды. «К-Дорстрой» АҚ бас директоры Валерий Лазаревтың айтуынша, құрылысқа 316 жұмысшы, 142 техника жұмылдырылған.

Сондай-ақ биыл аталған трассаның 880-1073 шақырымдарындағы жұмыстар басталып, 98 шақырым жолға асфальтты жабын төселеді.

– Біз бұл жерде бірінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда бізге тиесілі жолдың 120 шақырымы қайта жөндеуден өткізіліп жатыр. Жерді дайындау, су ағатын құбырлар төсеу, көпірлердің тіреуін орнату сияқты негізгі жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстың биыл басталғанына қарамастан, біз шаруаны еңсеріп, асфальтты-бетон төсеніштерін төсеуге кірісіп кеттік. Премьер-Министр келесі жылы жұмысты аяқтау жөнінде нақты тапсырма қойды. Бұған біздің әлеуетіміз жетеді. Қазіргі уақытта мұнда бес тас үгітетін зауыт пен үш асфальт-бетон зауыты істеп тұр. Үкімет басшысының тапсырмасына орай қосымша тағы екі тас үгітетін және бір асфальт-бетон зауытын орнататын боламыз, – дейді Валерий мердігер.

Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Қыс кезінде қол қусырып отыруды жөн көрмеген мердігер компания өкілдері қажетті инертті материалдар мен қиыршықтас дайындауды тоқтатпай, келесі жылғы жұмыстарды ерте көктемде бастап кетуді жоспарлап отыр. Кей жеріне екі, кейбір жеріне үш қабат асфальт төселетін жолдың жалпы қалыңдығы 80 сантиметрге жетеді.

– Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы көңілге қонымды. Бұл жолдың екі облысты жалғайтын транзиттік маңызы барын ұмытпайық. Алматыдан Өскеменге, Өскеменнен Алматыға ағылатын көлік ағыны еселеп артады. Сол себепті жұмысты келесі жылы аяқтап, транзиттік дәліздің көліктерге ашылуын қамтамасыз етіңіздер, – деді Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Азамат Темірбеков.

Осы айдарда

Back to top button