Қоғам

Трамваймен жүретіндер Бағдатты жақсы таниды

Трамваймен жүретіндер Бағдатты жақсы таниды

Бағдат қазір бар тағдырын хабарландыру жазылған бір тілім қағаздың шешкеніне қайран қалады. Трамвайға кірген бойда көзі бірден жүргізушіге түскен еді. Нәп-нәзік әдемі келіншектің техниканы жүргізудегі еркін қимылы, аялдамаларды хабарлаған ашық дауысы, тіпті, сүйкімді сыр-сымбаты санасына бір-ақ сәтте «осындай болсам ғой» деген арманды шегелеп тастағандай. Көп ұзамай «трамвай жүргізушілерін оқытамыз» деген хабарландыруды оқиды. Міне, содан бері отыз жыл бойы он сегіз тонналық темір тұлпарынан ажыраған емес.
Өскемен трамвай паркінің жүргізушісі Бағдат Нұғыманованы бір көрген адам сұлулық салонынан жаңа шыққан ба деп қалуы әбден мүмкін. Өте көрікті жүргізушіні трамваймен жүретін тұрғындар ширек ғасырдан астам уақытта жақсы танып та алған.
– Сол хабарландырудың арқасында мен тек сүйікті мамандығымды ғана меңгеріп қоймай, өмірлік жарымды да таптым. Осылайша бір тілім қағаз бүкіл ғұмырымды айқындап берді, – дейді Бағдат.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары сол кездегі Ленин алаңында трамвай жолдарын қайта алмастыру жұмыстары жүргізіліпті. Жөндеу жұмыстарына қорғасын-мырыш комбинатының бір топ жұмыскерлері жұмылдырылады. Солардың арасынан суырылып шыққан батылдау біреуі сұлу жүргізушіге гүл сыйлап, киноға шақырып, көңілін білдіреді. Көп ұзамай тіл табысқан жастар шаңырақ көтеріп, өмірге екі ұл келеді. Қазір ұлдары азамат болып ер жеткен, тұңғышынан немере сүйіп отырған бақытты әже. «Жолдасым бұл қызықты бізбен бөлісе алмады, осыдан тоғыз жыл бұрын мәңгілік сапарға аттанып кетті» деп күрсінеді Бағдат.
Ол тек жұмысы жайында айтқанда ғана жадырап сала береді. Таңғы бес жарымнан қызметіне кірісетін жүргізушілерден ең бастысы асқан жауапкершілік пен тез шешім қабылдай алатын батылдық талап етіледі. Мысалы, автобус не мәшиненің жүргізушілері алдынан тосын кедергі жолықса, жолдан жалт бұрылуға, бағыттарын кенет өзгертуге мүмкіндіктері бар, ал трамвай жүргізушісі өз желісінен шыға алмайды. Оның үстіне он сегіз тонналық алып техниканың іші толған жолаушы дейік, ал ойлануға уақыт мүлде аз. Мінезінің тұйықтығына қарамастан Бағдат ондай сәттерде батыл қимылдайды. Ана бір жолы Защита ауданында жол шетіндегі арыққа отырып қалған жүк көлігін тартып, шығарып беріпті.
– Бағдат өте қарапайым мінезді, көп сөзге жоқ, – деп әңгімеге араласты қозғалыс қызметінің басшысы Татьяна Ахонина. – Бірақ жұмысына тиянақты. Жалпы осында жұмыс істейтін қыз-келіншектердің әрқайсысы да мақтауға тұрарлық. Ұжым мүшелері өте ұйымшыл. Отбасыларында болған қайғы-мұңды да, қуаныштарды да бөлісіп жатады.
Сексенінші жылдары трамвай жүргізушілерін оқыту комбинатында арнайы курстарда дайындаса, бүгінде облыс орталығындағы политехникалық колледжде оқытады. Татьяна Михайловнаның айтуынша, қазір де трамвайдың тізгінін ұстасақ деген қыз-жігіттер баршылық екен. Жуықта бір-екеуі келіп, қызығушылық танытып кетіпті. Неге екенін кім білсін, трамвайды жүргізуге нәзік жандар көбірек әуес. Бағдаттың пайымдауынша, басқа көліктерден биік отыру, көлікті қолмен басқару, жолаушылармен күнделікті қарым-қатынас, кәсіпорындағы тұрақтылық – осы мамандықты кім-кімге де тартымды етсе керек.
Биыл қыстың қаһарлы бір күнінде жол шетіндегі электр бағаналарына соғылған мәшинелер сымдарды үзіп кетіп, қалада екі-үш күн трамвай қозғалысы тоқтап қалған еді. «Сонда маған қала өлі тыныштыққа оранғандай сезілді. Трамвайдың доңғалақтарының тарсылы жүрегімнің дүрсілімен үндес екенін сонда жақсы түсіндім», – дейді Бағдат.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button