Қоғам

  Трамвай жолы жөнделіп жатыр

«Өскемен көлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы облыс орталығының Қазақстан көшесінде атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысы туралы ақпарат берді.

Биыл шаһарда жылдар бойы түйіні тарқамай келген мәселе шешімін табуы тиіс. Ол қандай мәселе дейсіз ғой? Қаладағы әбден тозығы жеткен трамвай жолдары қалпына келтірілмек. Осы ретте ауқымды жөндеу жұмыстары барысында рельстермен қатар, олардың астындағы шпалдары да ауыстырылатынын айтқан абзал. Өйткені, мамандардың айтуынша, кей жерлердегі шпалдар шіріп кеткен.

Мәселен, Қазақстан көшесіндегі ескірген шпалдардың орнына темірбетондылары төселуде. Бұл шпалдар бұрынғыларымен салыстырғанда әлдеқайда мықты. Мамандар оларды ағаш шпалдарға қарағанда ұзағырақ пайдалануға болатынын айтады. Оның үстіне жаңа шпалдар механикалық жүктемелердің әсеріне де анағұрлым төзімді екен.

Соған қарамастан атқарылып жатқан жұмысқа қатысты сын айтушылар да жоқ емес бүгінде. Кей тұрғындардың пікірінше, дәл осы Қазақстан көшесіндегі трамвай жолдарын жөндеу тым ұзаққа созылып кеткен. Әлеуметтік желілерде аталмыш көше бойындағы 65-үйдің тұрғынының шағымы тарап кеткені де белгілі. Ол адамның айтуынша, жөндеу жұмыстары салдарынан осы үй мен көршілес ғимараттардың ауласына апаратын автокөлік жолы жабылып қалған. Ол аздай, құрылысшылар осы маңдағы трамвай аялдамасын тротуар плиткаларының қоймасына айналдырған-ды.

Осыған қатысты құзырлы мекеме – «Өскемен көлік компаниясы» ЖШС-нің директоры Михаил Чайка түсініктеме берді.

– Рас, проблема жоқ емес, бар. Дегенмен бұл мәселе де көп ұзамай шешімін таппақ. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Машиналардың бұл учаскедегі трамвай жолын кесіп жүре алмай қалғанын да білеміз. Осыған байланысты мердігер компания басшылығынан автокөліктердің бұл тұстағы мешіт пен тұрғын үйлерге, ресторандар мен кинотеатрға еш қиындықсыз өтуіне жағдай жасауды сұраған болатынбыз. Қыркүйек айының соңына дейін бұл жердегі қалпына келтіру жұмыстары да аяқталатын болады, – деп сендірді Михаил Чайка.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button