Қоғам

Трамвай жолдары толық жөнделеді

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс орталығы көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтарлығы, осы аптада Өскемен әкімдігі трамвай рельстерін күрделі жөндеуге де кіріскен. Аталған жолдарды ауқымды жөндеу соңғы 56 жылда жүргізілмегенін айта кеткен жөн.

Бұл мақсаттарға 200 миллион теңге бөлінген болатын. Аймақ басшысы Абай және Шәкәрім даңғылдарында жүріп жатқан жұмыстарды көрді. Мердігердің айтуынша, шпалдар мен жолдардың өздері жаңаланатын болады. Сондай-ақ бағыттамалық бұрмалардың 10 жиынтығы ауыстырылып, барлық өткелдерге қайта жаңғырту жүргізіледі. Облыс әкімінің айтуынша, трамвай паркінің мемлекеттік меншікке өтуінен кейін барлық рельстік жолдарға және трамвайлардың өздеріне терең талдау жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта қала әкімдігі маршруттық трамвайлардың санын 5-тен 17-ге дейін көбейтті.

– Қазіргі шектеу шаралары жағдайында бізде көшелерімізді тәртіпке келтірудің жақсы мүмкіндігі пайда болды. Әсіресе, автокөлік ағыны 70 пайызға азаятын демалыс күндері. Облыс орталығында жасап жатқандарымыздың бәрі Семейде де атқарылатын болады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес біздің облысқа 75 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы, бірінші кезекте, әлеуметтік нысандар және денсаулық сақтау, білім беру нысандарының сапасын жақсартуға, содай-ақ барлық елді мекендерді абаттандыруға бағытталатын болады, – деді Даниал Ахметов.

Аралау барысында облыс әкімі орталық базар ауданындағы Қабанбай батыр көшесін орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, ол жерде екі оң жаққа бұрылыс салынатын болады. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар атап өткендей, осы жылы қалада жаңадан салынған жеті бөлек оңға бұрылыстар іске қосылатын болады.

Ушанов алаңы ауданында автобустар үшін бөлек жолақ пайда болады. Өскемен қалалық полиция департаменті жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы Сергей Коваленконың ақпараты бойынша, Ушанов алаңы ауданындағы Назарбаев даңғылы бойынша жол бөлігі кеңейтіледі. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жолға жақын өсіп тұрған барлық жас қылқан жапырақты ағаштар басқа орындарға отырғызылатын болады.

– Мұнда автокөліктерге арналған төрт-төрттен қозғалыс жолағы болады. Сонымен қатар қоғамдық көлік үшін тағы бөлек бесінші жолақ болады. Бұл үшін біз сақиналы жолдың орталық аралшасын барлық жағынан аздап кішірейтуге мәзбүрміз, – деді Сергей Коваленко.

Облыс әкімі Меновное кентіндегі Ярославская көшесінде де болды. Мұнда жол екі есе кеңейтіледі. Осы айдың өзінде асфальт төсеп, барлық жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.

Жақын уақытта А.Чехов көшесі де кеңейтілетін болады және оң жаққа бұрылыс қосылады. Қала басшысы Жақсылық Омардың сөзінше, православ шіркеуінің басшылығы қала әкімдігіне тарихи-мәдени ескерткішті шіркеу жанындағы аумаққа көшіру жөнінде өтініш жасаған.

Даниал Ахметов қала үшін маңызды барлық нысандардың орын ауыстыруы жұртшылықпен келісіле отырып іске асырылуы тиіс екенін атап өтті. Мұнымен қоса, ол өткен ғасырдың басында салынған үйлерге алғашқы кескін-келбетін беруді тапсырды. Бұл А.Чехов және М.Горький көшелері қиылысында орналасқан үйге, сондай-ақ Назарбаев даңғылындағы Достық үйі қасындағы ғимаратқа қатысты.

– Тарихи мәнге ие барлық нысандарға алғашқы бет-бейнесін қайтаруымыз қажет. Қаржы бөлеміз. Бұл ретте олардан барлық жарнамалық конструкциялар мен баннерлер алынып тасталуы тиіс, – деп атап көрсетті облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы сол жағалаудағы төрт 12 қабатты және бес 19 қабатты тұрғын үйлер құрылысында болды. Даниал Ахметов атап өткендей, бұл шағын ауданда үлкен қалаларға тән барлық заманауи нысандар шоғырланатын болады.

– Туындаған жағдайға байланысты біздің облыста ештеңе тоқтамайды. Керісінше, біз құрылыс пен өнеркәсіп өндірісінің қарқынын үдетудеміз. Қиындықтарға қарамастан біздің аймақ бүкіл еліміз секілді осы медициналық дағдарысты тез еңсеріп, одан барынша күшейіп, нығайып шығу үшін барлығын жасауға міндетті, – деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

Осы айдарда

Back to top button