Қоғам

Трамвай паркі субсидияға зәру

Трамвай паркі субсидияға зәру


Облыс әкімдігінің Контакт орталығы ұйымдастырған кезекті тікелей байланысқа облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері шақырылыпты. Тұрғындардың сауалына басқарма басшысы Нұржан Жұмаділовпен бірге Семей және Өскемен қалаларының бөлім басшылары Бауыржан Сүлейменов пен Нұрлан Серғазинов жауап берді.

-Семей-Курчатов жолының сапасы сын көтермейді. Қашан жөндейсіздер?

-Аталмыш жол облыстық маңыздағы жолдардың қатарына жатады. Ұзындығы 130 шақырым. 2018 жылы бір бөлігіне орташа жөндеу жүргізілуі керек болған. Сол үшін бюджеттік өтінім де бергенбіз. Қаржы жетпеуіне байланысты жүзеге аспады. Келесі жылы бұл нысан республика балансына берілуі мүмкін. Қысқасы жолдың мәселесі келесі жылы шешіледі.

-Өскемендегі трамвай паркі «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өтсе де басынан қарыз арылмай келеді екен. Берешек ай сайын ұлғаюда. Бұл мәселеге облыс әкімі де араласып, тиісті тапсырмалар бергенін оқыдық. Трамвай паркінің ендігі тағдыры не болады?

– Облыс әкімі Даниал Ахметов мәселені шешудің жоспарын құруды тапсырған болатын. Бұрынғы трамвай паркінің мүлкін «Ертіс» ӘКК сатып алғанын білесіз. Соған сәйкес, Өскемен қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығы «Ертіс» ӘКК-ге ай сайын 64 млн. теңге төлеуі тиіс. Қазір трамвай компаниясының табысы ондай төлемді көтере алмайды. Сондықтан ай сайынғы төлем мөлшерін төмендетуді қарастырып жатырмыз. Ал келесі жылдан бастап трамвай паркінің шығындары мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Субсидия көлемін жыл соңына дейін нақтылаймыз.

-Өскемендегі негізгі жеті автобус паркінің иелері мен қалалық әкімдік арасындағы келісімшарт 2018 жылдың аяғына дейін ғана жасалыпты. Бұл аталмыш тасымалдаушылар жаңа жылдан бастап жұмысын тоқтатады деген сөз бе?

-14 қараша күні облыс әкімдігі, Еуропалық даму және қайта құру банкі, Өскемен транспорт компаниясы арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Содан кейін транспорт компаниясын ЕДҚБ қаржыландыратын болады. Ал келесі жылы Өскемендегі қоғамдық көліктің барлығы электронды билет жүйесіне көшуі тиіс. Қазір жүйені енгізетін компанияны анықтау үшін конкурс жарияланды. Осыдан кейін тасымалдаушы компаниялар да жаңа талаптар бойынша конкурс арқылы іріктеледі. Оған сіз атаған жеті тасымалдаушы да қатыса алады. Жолаушылар тасымалын басқару орталығы 2019 жылы 85 жаңа автобус сатып алмақшы. Жекеменшік тасымалдаушыларға да өз автобустарын жаңарту талабы қойылып отыр.

-Өскемендегі І.Айтықов атындағы көше арқылы өтетін жылу құбырын қазған соң, жолды тегістемей кетті. Қазір көшеде көлікпен де, жаяу да жүру қиын. Осыған шара қолдансаңыздар екен.

-Бүгін түстен кейін І.Айтықов көшесіне грейдер жібереміз. Көшені тегістеп береді. Ал бүлінген асфальттың орнына жаңасын төсеуге ауа райы мүмкіндік бермейді. Күн суып кетті. Жаз шыққанша тегістеп, амалдай тұрамыз.

-Семей-Байтаңат жолын қашан жөндейсіздер?

-Бұл жолды екі кезеңмен жөндеу жоспарланған болатын. 0-23 шақырым аралығына 1,5 млрд. теңге қарастырылып қойған. Қалған бөлігіне де қаржы бөлінуі тиіс еді. 2013 жылы жөндеу жұмыстары басталып, бірінші бөлікте 628 млн. теңге игерліген. 925 млн. теңге қалған болатын. Екінші бөлігіне 614 млн. теңге игерілді. Өкінішке қарай, бұл жұмыстар 2015 жылы тоқтап қалды. Ал қазір ол жоба ескірді. Жөндеу жұмыстарын жалғастырмас бұрын жобаны қазіргі бағаға сәйкес түзету керек.

-Өскемендегі автобус аялдамаларында ілулі тұрған кестелердің жазуы тым ұсақ. Үлкейтуге болмай ма?

-Биыл үлгермейміз. Келесі жылы бұл өтінішіңіз ескеріледі.

-Астана көшесін кеңейткендеріңіз жақсы болды. Бірақ көшеге аулалардан шығатын жолдар сол күйінде қалды. Екі көлік қарама-қарсы келіп қалса, бір-бірін күтіп тұрады. Басқа көшелерді кеңейткен кезде осыны ескеріңіздерші.

-Талап бойынша аулалардан көшеге шығатын жолдың ені үш метрден кем болмауы керек. Астана көшесінде расымен ондай мәселе бар. Бұдан былайғы қайта жарақтау жұмыстарына осы талапты техникалық тапсырма ретінде енгізейік деп отырмыз.

-Семейде автобустар тәртіпке сай тоқтамайды. Әсіресе, Колхозная көшесінде, базардың алдындағы аялдамаларға келген автобустар екінші жолаққа тұра салады. Осының кесірінен кептеліс пайда болады. Осыны реттеуге болмай ма?

-Бұл мәселе бізге таныс. Автобус иелеріне жазбаша ескерту де жібердік. Апта сайын жергілікті полициямен бірге рейдтер жүргізіп тұрамыз. Осындай бассыздыққа куә болсаңыздар, Семей қаласы бойынша 52-13-27 нөміріне, Өскемен қаласы бойынша 24-97-41, 26-66-00 нөміріне хабарласуларыңызға болады.

-Семейдің автобус парктерімен түнгі сағат 22.00-ге дейін қызмет көрсету туралы келісім жасағандарыңызды естіп қуанып едік. Алайда көптеген автобустар ерте тоқтап қалады.

-Ол келісімшарт күшін жойған жоқ. Кешке қарай көшедегі автобустар азайып кетеді. Өйткені, күндізгідей қозғалыс жоқ. Автобустардың интервалы ұзарғандықтан көбірек тосуға тура келеді. Кейбіреулер үмітін үзіп, автобус тоқтап қалды деп ойлауы да мүмкін. Біз Infobus бағдарламасына әрбір бағыт бойынша ақпарат енгізіп қойдық. Телефонға осы бағдарламаны жүктеу арқылы қай автобустың қашан келетінін бақылап отыруға болады.

-Семейдің Ә.Қашаубаев, М.Дулатов, Ә.Найманбаев көшелерінде жауын-шашынның суы көлшік болып қалады. Арықтар жасауға болмай ма?

-Ә.Найманбаев көшесіне биыл орташа жөндеу жүргізіп, арық салдық. Биыл 12 көшеде осындай кемшіліктер жойылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.
-Семей қаласының Әуезов және Первомайка көшелерінің қиылысына, Энергетик шағын ауданына бағдаршам орнату керек.

-Әуезов және Первомайка көшелерінің қиылысы әжептәуір кең. Сондықтан ол жерге бағдаршам қажет жоқ деп шешкенбіз. Бірақ ұсынысыңызды жергілікті полиция өкілдерімен бірге талқылаймыз. Ал Энергетик ауданына бағдаршам орнату келесі жылға жоспарланған. Ондағы бірнеше көшені кеңейтіп, көшелердің арасын жалғау жобалары бар.

– Семейдегі Қабанбай батыр және Әуезов көшелерінің қиылысындағы бағдаршам халыққа түсініксіз. Қызыл мен жасыл бір мезетте жанады. Әсіресе, жаяу жүргіншілер шатасып жатады.

-Бұл мәселе бізге таныс. 2019 жылы ауыстырамыз.

-Өскемендегі №55 автобуста таңертең және кешке адам өте көп. Сығылысып тұруға тура келеді. Адам қарасы көбейетін уақытта интервалды жиілетсе деген тілегіміз бар.

– Бұл маршрутқа он автобус бөлінген. Интервал уақыты – 15 минут. Жуықта автобус санын көбейтеміз. Өйткені осыған ұқсас шағым өте көп айтылып жүр.
-Өскемендегі автобустар мүгедек арбасындағы адамдарға ыңғайсыз. Өте биік. Астанада зағип адамдарды ертіп жүрген адамға да жол жүру жеңілдігі қарастырылған. Бізде неге сөйтпеске?

-2019 жылы Өскеменге 85 жаңа автобус сатып аламыз. Тасымалдаушыларды жаңа талап бойынша іріктеп алмақпыз. Осы кезде автобустардың арнайы пандуспен жабдықталуы басшылыққа алынады. Мүгедектерге жеңілдікті жеке тасымалдаушылар ұсынады. Олардың тізбесінде мүгедек адамды ертіп жүрген адамға жеңілдік қарастырылмаған.

-Семейдің Бастаев көшесінде, №16 мектептің тұсында жаяу жүргінші жолағы орнатылғанымен, көліктер өте қатты жүреді. Кесірінен адам өлімі тіркеліп, менің қызым мүгедек болып қалды. Осындай қауіпті жерлерге жылдамдықты шектеу белгісін неге орнатпасқа?

-Биыл қыркүйек айында шаһардағы балалар көп өтетін жолақтардың барлығына талдау жасадық. Барлық мектептердің тұсында жылдамдық шектелетін болады. Әрине, ол үшін қаражат керек. Бұл іс келесі жылы шешімін табуы тиіс.

-Семейдің жылу құбырларын жөндеу кезінде қазылған көшелер сол күйінде қалады. Зардабын халық шегіп жатыр.

-«Теплокоммунэнерго» компаниясы былтырдан бері осындай кемшіліктерді көп жіберген. Біз ол компанияны сотқа беріп, жеңіп шықтық. Қыркүйек айынан бастап қазып кеткен жолдарды жөндеп жатыр. Кезек сіздерге де жетеді.

-Рысқұлов, Глинка, Би Боранбай көшелерін жөндеу жоспарда бар ма?

-Глинка көшесінің теміржолға дейінгі бөлігін биыл жөндемекші болғанбыз. 86 млн. теңге қажет болатын. Ақша жетпегендіктен, келесі жылға қалып отыр. Қалған көшелер де назарымызда. Тек қаржы қажет.

-Бородулиха ауданының орталығында бірде-бір бағдаршам жоқ. Адам көп жүретін қиылыстарға тым болмаса, жаяу жүргінші жолағын қойсаңыздар екен.

-Бұл мәселеге қатысты аудан әкімдігіне сұрау салғанбыз. Жуықта халық қажет деп көрсеткен көшелерге жаяу жүргінші жолақтарын орнататындарын хабарлады.

-Өскеменге жаңа автобустар сатып алып, электронды билет жүйесін енгізбекші екенсіздер. Осының кесірінен жол жүру ақысы қымбаттап кетпей ме?

Трамвай паркі субсидияға зәру

Электронды билет жүйесі енгізілген соң, екі түрлі баға болады. Электронды карта арқылы төлейтіндер үшін жол ақысы 90 теңге көлемінде қалса, қолма-қол ақша төлейтіндер үшін тариф қымбат болады. Әзірге тарифті өсіру жоспарда жоқ.

-Семейде №30, 14, 52 автобустар маршрутты сақтамайды. Кейбір аялдамаларға тоқтамайды да. Мұндай бассыздық қашанға дейін жалғаспақ?

-Ондай фактілер бар. Батпақ пен шұқанақтарды айналып өту үшін кейбір автобустар діттеген жерден ауытқып жатады. Сол үшін кейбір аялдамаларды автобусқа қолайлы тұсқа ауыстыруымыз мүмкін.

-Семейдің Мичурин көшесінде, Өскеменнің Грузинская көшесінде түнде қараңғылық орнайды. Жүру өте қиын.

-Мичурин көшесінде жөндеу жүріп жатқандықтан, жарық уақытша үзілген. Жөндеу біткенде жарық та болады. Ал Грузинская көшесінде шамдар бар және толық жұмыс істеп тұр.

-Өскеменнің маршруттық автобустарында таңертең және кешке инешаншар орын болмайды. Бұл қаншалықты заңды? Аталмыш кезеңде автобустар санын көбейтуге болмай ма?

-Шағын автобустарда 16 орындық бар. Одан артық адам алуға болмайды. Бірақ ол талапты сақтау мүмкін емес, халыққа да тиімсіз. Ал жолаушы нөпірі көбейген сағаттарда қосымша көлік шығаруға жүргізушілер келіспейді. Олар үзіп-жұлып жұмыс істеуге көнбей отыр. Болашақта шағын автобустардың барлығын үлкен автобустармен алмастырсақ деген жоспар бар.

Дайындаған – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button