Трактор құрастырып, шеге жасайды
Көлденең ауылында трактор құрастырып, шеге шығаратын станок жасаған бір адам бар деген жақсы жаңалық естіп, ауыл әкімі Сайлаухан Истемесов екеуміз шебердің үйіне келдік. Сайлаухан бауырымыз осы ауылда туып-өскен жан болғандықтан, Құлахмет аға туралы бар білгенін жайып салды.
Көлденең ауылының тумасы Құлахмет Лепесовтің көп сөзі жоқ, томаға-тұйықтау жан екен. Ағамыздың өзі заманында электрмен дәнекерлеуші, өзі ұста, автоэлектрик, аккумляторшы, бір сөзбен айтқанда, бесаспап механизатор болған көрінеді. Өзі қазір зейнет жасында, жетпісті алқымдап қалыпты. Ағамыздың тек трактор мен шеге станогын ғана емес, есігінің алдын тазалау үшін үш фазалы қар ұшыратын шағын қондырғы мен астық тазалайтын «ЗАВ-20» жасап шығарған, тағы басқа өнертапқыштығы да бар.
Жалпы, бір кездері Аксаковка деп аталған бұл ауылда өзге ұлттың өкілдері көп тұрған. Солардың ішінде Құлахмет ағамыздың үнемі мерейі үстем болып жүретіндігін жыр қылып айтады мұндағылар. Қолы шебер, темірден түйін түйген жанмен санаспайтын, онымен есептеспейтін тұрғын болмайды. Ол тұста көктем, күз айларындағы қой төлдету, тұқым себу, жиын-терін секілді науқандық жұмыстардан механизаторлар мен автомобиль жүргізушілері қашқақтап, бармай қалатын. Ал Құлахмет аға «мені науқандық жұмыстарға жіберіңдер» десе де, оны ол жаққа қадам бастырмайды. Өйткені, машина-трактор шеберханасындағы қат-қабат шаруалар барысында бұл кісіден ақыл, кеңес сұрайтындардың саны арта түсетін-ді.
Құлахмет аға өз ауласында тұрған «ДТ-75» тракторының рамасына дөңгелектер орнатыпты. Артқы иіні -комбайндікі, коробкасын ескі «Зил-130» автокөлігінен алса, үстіне «К-700» маркалы трактордың кабинасын қойған. Алдыңғы, артқы гидравликаларының бәрі кәдімгідей істеп тұр. Сондай-ақ, ол кісінің жасаған «Т-25» маркалы тракторы да осы жерден орын алған. Оның артқы иіні мен қапшығын «Газ-51» автомашинасынан алса, моторы өзінікі көрінеді. «ДТ-75» тракторының шынжыр табандары табылмайды және тым қымбат болғандықтан, колхоз төрағасы болған Николай Горевойдың ұсынысы бойынша жасағанын айтады Құлахмет аға.
-Тоқсаныншы жылдары алмағайып кезеңде дүкен, қойма сөрелерінен бәрі жоғалды емес пе? Ауылдағы көп жоқтың қатарына енді шеге де қосылды. Сол кезде колхоз төрағасының ұсынысымен шеге жасайтын станок жасадым, -дейді ол кісі. Ол тұста ауылда кәдімгі сым темір көп. Жүрген адамның аяғына оратылады. Редукторлы станок қой ол енді. «ДТ-75»-тің иінді білігін қиып, поршеннің орнына сымтемірді мыжитын құрылғы орнаттым. Айналып тұратын ораманың бойынан шыққан сым темірді зырғыма шыйыршық сырғанап түзетіп тұрады да, қажетті өлшемде қиып отырады. 80,100,120,140 сантиметрлі құрылысқа арналған шегелер шығарамыз. Бір минөтте бір келі өнім шығады. Кәдімгідей басы үшкір, қалпағында тор көзі бар шегелер шығардық.
Ағамыздың атағы осы тұста тағы бір аспандап, көрші ауылдардан келіп, бұл кісіге «құда түсушілер» көбейе бастайды. Бірақ колхоз төрағасы ондайлардың бәріне тыйым салып, тоқтатқан.
-Айтпақшы, сол өнертапқыштығыма ұжым шаруашылығының әкімшілігі 1000 теңге сыйақы берген,- дейді ол күлімдеп.
Осындағы Титов атындағы орта мектепті бітірген Құлахмет Қанапияұлы Ленинград,Мәскеудің Бологое деген жерінде әскери борышын өтепті. Алғаш осы техникаға үйірсектігі де әскер қатарында жүрген кезінде басталған сыңайлы. Сол жердегі орталық оқу комбинатында электр станциясы компрессорының моторисі болған ол қызығушылығының әскер қатарында бастау алғандығын айтады.
Тарбағатайдың бір қойнауында мал баққан марқұм Қанапия ақсақалдың баласы Құлахмет ағамыз осылайша өзі қоян-қолтық жұмыс істеген өзге ұлт өкілдеріне қазақ баласының да «темірден түйін түйетіндігін» дәлелдеген жан.
Бүгінде Құлахмет Лепесов зайыбы Бәтима Жұмаханқызы екеуі екі бала, бірнеше немере тәрбиелеп отыр.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.