Шығыстың жеті бренді

Төр Алтайдың кербезі – кәсіп көзі, ем де өзі

Бетпақ даланың бейбақ бөкені, Сарыарқаның желден жүйрік жезкиігі, Тұранның қағы үшін тағы шайқалмас хан ұлына қарсы шабар құланы сынды Алтайдың да аяулы аңы, кербез де керімсал төлі бар. Оның аты – кербұғы. Оған жануартанушылар «теңбіл бұғы» деген ат берсе, қарапайым халық жай ғана «марал» деп жалпылама атап жүр. Осынау кербұғылар тек Шығыстың ғана емес, Қазақ елінің бетке ұстар белгісі болуға әлеуетті.

Төр Алтайдың кербезі – кәсіп көзі, ем де өзі

Балта ұстаған мұжықты
байытып «мүйіз мұжытты»

Ғалымдар барлық бұғының арғы атасы мамонт пілдерінің дәуірлестері – алып бұғылар екенін айтады. Олардың алыптығы сондай, бойлары уық бойына жетсе, екі мүйізінің арасы есік пен төрдей болған екен. Бүгінде алып бұғылардың біздің өңірді де мекен еткенін айғақтайтын қаңқалар жергілікті мұражайлардың көркіне айналып отыр. Осы күнгі кербұғылардың мүйізінің ұзындығы 120 см-ге дейін барады. Оның құрамында 25 түрлі амин қышқылы мен минералды тұздар, органикалық заттар, дәрумендер көптеп кездеседі. Күйі жақсы болып, жағдайы келіссе, бір бұғы 14 келіге дейін панты береді. Мүйіздің қатая қоймаған түкті қабығы – панты таза күйінде де, қоспа ретінде де қан айналымының, жүрек-қан тамырларының, жүйке жүйесінің, мидың жұмысын реттеуге пайдалы.

Бұғылардың да еркіндігі Алтайға балтасын асынған мұжықтардың келуімен сап тыйылып, өрісі тарыла түсті. Оған дейін тұрғылықты халық таудың бұлт үйір биіктерін ғана шалып, қынаны талғажау еткен жануардың қанына құмарта қоймаған. Мүйіздің шипалық қасиеттерін білмегендіктен емес, онда бар пайдалы қуат көздерін шүйгін шөптің нілінен, бұта-қарағанның бүрінен, төрт түліктің сүтінен, тамырсыз тастың түгінен алған. Ал Алтайдың кербұғысын табиғат пен адам арасындағы нәр тасушы ретінде құрбандыққа шалу үрдісін ескі нанымдағы шоқыншылар әкелген. Марал асырауды өңірде ең бірінші болып Ресейдің Түмен өңірінен Бекалқаға бас сауғалап қашып келген Савелий Ушанов есімді ескі діншіл қолға алады. Солайша 19-шы ғасырдан бастап, кербұғылар бастағы мүйізімен қоса еркіндігінен айырылды.

Қалай жүріп-тұрарын, қайда жусап, қайда өрістерін өздері білгенімен, қоршаулы шеңберден шыға алмады. Қыста екі аяқтылар сүрлем салып, Алтайдың қызылшұнақ аязынан қорғаған болады. Есесіне мамыр ортасынан ауа бұлардың бойындағы бар асылы – жаңадан жан бітіп, түкті қабығына нәр жиналған мүйізін кесіп алады. Керімсал жануардың осы тірлігі ой салды ма екен, Оралхан Бөкей қазақ пен кербұғыны табиғаттың тағдырлас перзенттері ретінде бейнеледі. Қазақ тәуелсіздік алып, түндігін түргенімен кербұғылардың тағдыры өзгермеді. Сол Оралхан Бөкейдің «Алтайдың кербұғысы он тоғызыншы ғасырдан бері азайған үстіне азайып келеді» деп қаққан дабылы әлі құлағымызда ойнап тұр. Керек десеңіз, дүбірі бұрынғыдан да қаттырақ. Олай болатыны, кербұғының саны тоқтаусыз азаю үстінде. Кеңес кезінде де олардың қатары бұлайша ойсырамаған екен.

Шаруашылық неге шатқаяқтап тұр?

Алайда марал санының азаюын панты өндірісінен іздесек, қателесер едік. Пантыны экспорттаудан алдына жан салмай отырған Жаңа Зеландияда әуел баста марал деген атымен болмаған екен. Ақылға сыйымды жобалар мен қауқарлы тетіктердің арқасында бүгінгі күні арал-мемлекеттегі марал саны миллионнан асып отыр. Демек, гәп басқада.

Бұл туралы облыстық маралшылар қауымдастығының төрағасы Нұрлан Тоқтаров айтып берді. Оның айтуынша, елімізде шығарылатын панты өнімінің 95 пайыздан астамы шетелге сатылып жатқан көрінеді. Бір келі мүйіздің бағасы мың долларға бағаланған кеңес заманынан бастап пантының бағалы өнімдері Мәскеу асып, өзімізде тек жарамсыз қалдықтары қалып келген. Сол ұстаным тәуелсіз ел болсақ та өзгеріссіз қалып отыр. Бұғы шаруашылығының білгірі Нұрлан Тоқтаров бұл біздің марал шаруашылығының игілігін көру саясатында жіберген қателігіміз болса, оның өндірісін дамытуда да кемшін түсіп жатқан тұстар бар екенін айтады. Кеңшарлар тұсынан бері қолданылып келе жатқан техниканың тозығы жетіп, қоршаулар ескірген.

Жемшөп пен арнайы қоспалы сүрлемдер дайындау кәсібі тоқырап тұр. Ал күтімі қиын кірпияз кербұғы мал жейтін жемнің бәрін жей бермейді. Бұрын азықтың көбі шеттен келген екен. Бүгінде оның бәрін жергілікті шаруашылықтарда дайындау талабы туындап отыр. Біздің табиғи жағдайда дайындалатын, сапасы ең жоғары өнімдеріміздің бағасы соңғы жиырма жыл көлемінде 5-6 есеге арзандап кеткен. Есесіне өндіріске қажетті керек-жарақ 3-4 есеге қымбаттаған. Осы бір тенденция шаруашылықтың шатқаяқтауына әкеп соқтыруда.

Нұрлан Тоқтаров басшылық ететін «Катон-Қарағай бұғы паркі» өз өнімдерін германиялық инвесторлармен бірге әлем нарығына шығаруға талпыныс жасап та көріпті. Алайда өнімді жарнамалау мен түрлі рұқсат, сертификаттар алуға кететін қаржыны қалта көтермеген. Сондықтан да Қытай мен Оңтүстік Кореяға шикізатымызды арзанға беріп, қымбат бағаға дайын өнім ретінде алуға мәжбүрміз.

Табысы мардымсыз болғандықтан маралдың күтіміне жауапты мамандар да бұл кәсіптен шеттеп кеткен. Аяғын томар түгіл көлденең бұтаққа шалдырмайтын, төзімді де жырынды аттарды бабында ұстаудың да өз шығыны бар. Осындай кедергілер бірқатар шаруашылықтың бас көтеріп, серпілуіне кері әсер етіп отырған жайы бар. Жайылымдардың тарылуы да марал басының азаюына тікелей себепкер болып отыр.

Жағдайды түзеу үшін маралшыларға жергілікті билік көмекке келіп, аталған салаға тұңғыш рет субсидия бөлінді. Өткен жылы асыл тұқымды марал шаруашылықтарын қолдау бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 38,5 млн. теңге бөлінсе, биыл 40 млн. теңге бөлу көзделген. Бұл шаруашылықты қолдауға республика қоржынынан да қаржы бөлініп отыр. Биылға бөлінген 6 млн. теңге сатып алынған бір маралдың күтіміне 30 мың теңгеден үлестірілмек. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, осындай қолдаудың арқасында бір жылдың ішінде 5,5 тонна панты өндіріліп, оның 85 пайызы экспортталған. Осыған дейін тоқтаусыз құлдырап келген марал саны да қайта өсе бастаған. 2013 жылдың басында облыс бойынша 10001 бас марал саналған. Асыл тұқымды марал шаруашылықтарының саны 11-ге жетіп отыр.

«Жасартқыш тұнба» – ұлт саулығының кепілі

Ұлан ауданы, Привольное ауылында орналасқан көпсалалы «Багратион-2» шаруа қожалығы марал мүйізінен құрғақ күйдегі «Пантомарал» биологиялық белсенді қоспасын өндіруге көшті. Аталмыш өнімдерге Қытай кәсіпкерлерінен бөлек мемлекет назары ауып отыр. Өйткені тибет медицинасының тарихында панты өнімдерінен «жасартқыш тұнба» алынғаны жайындағы аңыздың шындыққа жақын екені дәлелденіп отыр. «Пантомарал» жобасының авторлары кезінде қытай көсемдері аңсап кеткен «жасартқыш тұнбаны» бұғы мүйізінен алу мүмкін екеніне сенімді. Оның технологиясын ойлап тауып, жетілдіру үстінде.

Алайда осы пайдалы өнімдерді шипасы, оның қандай ауруларға ем, бағасының қолжетімді екеніне қарапайым халықтың назарын аудару ісі кенжелеп тұр. Бұған қала дәріханаларын аралау барысында да көз жеткіздік. Дәріхана сатушылары панты өнімдеріне деген әкетіп бара жатқан сұраныстың жоқ екенін растады. Тек панты өнімдерінің үш-төрт түрін ғана көбіне ер адамдар алатын көрінеді. Ал Оңтүстік Корея мен Жапонияда панты өнімдерінен жасалған қоспалар дүниеге келген нәрестені ширатып, босанған әйелдің ағзасын қалпына келтіру үшін берілуде. Бұл тәжірибенің өңірімізде қаншалықты ескеріліп жатқанын облыстық ана мен бала орталығының директоры Рая Жанғалиқызынан сұрап білдік.

– Панты өнімдерінің қоспаларының құрамы күрделі болғандықтан оны медицинада пайдалану үшін әр адамның ағзасы жеке ескерілуі қажет. Оны бірыңғай қолдана беруге болмайды. Оның үстіне облыста біздің сала үшін ең өткір мәселе қан аздық болып отыр. Сондықтан кәрістер мен жапондардың тәжірибесін облысқа икемдеу жоспарымызда жоқ, – деді Рая Жанғалиқызы.

Бұғы мүйізінің қабығы сылынып алынғаннан кейін одан қалған қалдық та жерде қалмайды. Панты бұлауы осы қалдықтардан дайындалады. Мүйізді қайнатқан кезде шығатын сорпаға түсу — буын аурулары мен жүрек-қан тамыры, тері ауруларына жақсы көмектесетін бірден-бір ем. Шипажайлардың мәліметіне сенсек, облыс бойынша жылына мың адам ғана осындай бұлауға түсетін көрінеді. Оның бағасы қызмет сапасына, сеанстың ұзақтығына қарай үш мыңнан 30 мың теңгеге дейін барады.

Марал шаруашылығын бұдан әрі дамыту үшін не істеу керек? Маралшылар қауымдастығы ең әуелі шығарылған өнімді сыртқа сатуға әуес болмай, ел игілігіне жарату керек екенін айтады. Халқының денсаулығын нығайту үшін Оңтүстік Кореяда әр адам жылына 75-100 грамм панты өнімін қабылдайтындай жағдай жасаған. Ал бізде бір жылда өндірілетін пантының көлемі орта есеппен бес тоннаның айналасында. Бұл 16 млн. адамға шаққанда жан басына 0,5 грамнан келеді деген сөз. Соған қарамастан өнімді өз ішімізде іске жаратуға қажет деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Бұл – біз ашқан жаңалық емес, маралшылардың жанайқайы. Расымен де азын-аулақ ақшаға қызығып, қолдағы байлықты сыртқа асырғанша, дені сау ұлт қалыптастыруға жұмсасақ ұтарымыз көп болар еді. Ал панты өнімдерінің ауыр өндірісте жұмыс істейтін адамдарға пайдасы орасан. Ресей ғарыш агенттігінің кербұғылардан алынатын панты өнімдеріне тапсырыс беруі соның айғағы. Экологиялық аймақ саналатын Өскемен тұрғындарына панты өнімін күнделікті пайдалану қажет-ақ.

Марал шаруашылығы Катонқарағайдан бөлек, Ұлан, Зайсан, Зырян, Көкпекті аудандарында да дамып келеді. Сондай-ақ, Алматы, Ақмола облыстары біздің маралдарды алып, өздеріне өсіріп жатыр. Алайда жерсіндірілген бұғылардың бойынан Алтайдың аңына тән кербездік, сұңғақтық көру қиын. Керісінше жанарынан салғырттық, бітісінен бүгежектік байқау оңай. Мың жерден жағдай жасап, бейімдегенмен Алтайдың кербұғысы тек Алтайда ғана керімсал өмір кешіп, сапалы өнім бере алады.

Маралдың мүйізі ме, әлде, бұғының мүйізі ме?

Сөз соңында бұғы мүйізіне қатысты жаңсақ атаулар орын алып, тілімізге сыналай еніп бара жатқанын қозғап өтуді жөн көрдік. Бүгінде «маралдың мүйізі» деген тіркес қалыпты ұғымға айналып барады. Осының салдарынан марал мен бұғы екі бөлек жануар екен деген түсінік қалыптасуда. Көзі қарақты қазақ марал бұғының аналығы екенін білуі тиіс. Төрт түліктің жылқы, қой, сиыр, түйе аталуы сияқты бұлардың да жалпылама түрде марал аталуы тосын емес. Алайда олардың аналығында, яғни, маралда мүйіз болмайды. Мүйіз тек аталығында, яғни, бұғыда ғана болады. Сонда «жас маралдың мүйізі» деп атау, «мұрты тебіндеген бойжеткен» дегенмен пара-пар ұғым.

Тілдегі мұндай үрдіс орыс тілінде Алтайдың кербұғысын жаппай «марал» атауымен де байланысты. Олар «марал» еуропалық асыл тұқымды бұғының бірі деген анықтама береді. Ал қазақ танымында марал Алтай кербұғысының аналығы болуы шарт. Бұл мәселе ең әуелі басты брендіміз – панты өнімін жарнамалау кезінде ескерілуі қажет.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button