Қоғам

Төр Алтайды аралап қайттық

 

Төр Алтайды аралап қайттық

…Түу, шіркін! Тоқымдай жерде тоқсан түрлі гүл, ну орман, төбесі көк тіреген шыңдар. Жер бетіндегі жұмақ жер осы шығар, – деп таңданған Нұрманбет ақсақал Солдатқұлаған асуынан Бұқтырманы жағалай жатқан елге көз тастады. Арғысы Маңғыстаудан, Оралдан, Ақтөбеден, Түркістаннан, бергісі Алматы, Астанадан келген фотосуретшілер жанталаса жан-жақтарын шырт-шырт еткізіп суретке түсіріп жүр.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайым бастаған бір топ фотографтардың көздегені Төр Алтайды суретке түсіріп қайту еді. Жай ғана суретке түсіріп қайтпай, Шығыстың шырайлы табиғатын сапалы фотосуреттерімен әлемге танытуды мақсат етті. «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Берел қорық-мұражайы ұйымдастырған фотоблог турға келген фотографтар алдымен Өскемендегі этноауылды аралап, әр ұлттың салт-дәстүрінен сыр шертетін үйілерге бас сұқты.

– Этноауыл дегенге қаланың қақ ортасында 120 гектарды алып жатқан алып аумақ деп ойламаппын. Керемет! Фотосуретшілер үшін таптырмас орын ғой, – дейді астаналық фотограф Ербол Ерденбек.

Этноауылдағы саяхаттан соң, фотоаппарат ұстаған жастар үшін «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер фототілшісі Нұрманбет Қизатұлы және басқа да кәсіби мамандар шеберлік сағатын өткізді.

– Биыл елімізде «Жастар жылы» деп жарияланғандықтан, «Киелі Алтай: Берел-2019» фотоэкспедициясына келген фотографтардың басым бөлігі – жастар. Олардың ішінде әлеуметтік желі арқылы көзтартар туындыларымен танымал болып қалған Досжан Балабекұлы да бар, – дейді Асылхан Әбдірайым.

Ал шеберлік сағатында сөз алған «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадрахов:
– Табиғатты түсіру үшін жан-жақты зерттеу керек. Ол үшін баратын жердің суреттерін ғаламтордан қарап шығып, «Кім түсірді?», «Қалай түсірді?» деген сұрақтарға жауап іздеңіз. Өз басым көздеген жерімнен жақсы кадрлар түсірмейінше бірнеше рет барамын, – деп фотографтарды ертеңгі саяхатқа дайындағандай болды.

Ашық аспан астында өтіп жатқан шеберлік сағатына белсенді қатысып, фотографияға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген жастарға «Фотоөнер» ҚБ-ның атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Солдатқұлаған

Ертесінде он бес фотограф артынып-тартынып Төр Алтайға, Катонқарағайға жол тарттық. Бұралаңы мен асуы көп Өмеш асуын басып өткен шағын автобус Васильев өткеліндегі паромға тұмсығын тіреді. Кейбіреуі үшін бұл паром да таңсық еді. «Неге әлі күнге Васильев өткелі?» деп сұрақ қойғандар да болды. Мұндайда аузыңа құм құйылады екен.

Фотоаппарат асынғандар түс ауа Алтайдың тұмса табиғатынан бір-ақ шықты. Шыңғыстайдың тұсынан қос «УАЗ» мәшинесімен өткен ғасырда Аустрия-Венгрия тұтқындары салған ирек жолмен Солдатқұлаған асуына көтеріліп келеміз. Бұл жолдың бас-аяғы жүз шақырымға жуық. Алтайдың теріскейінен басталған жол арғы беттегі Ұранхай ауылынан бірақ шығады. Көнекөз қариялардың айтуынша, ескі Аустрия жолы стратегиялық мақсатта Қытайға асу үшін салынған көрінеді. Ол тұста атпен асатындай ғана соқпақ болған екен. Кейін трактормен кеңейтіліпті. Әр биікке ирек жолмен көтерілген сайын ауыл-аймақ төменнен мұнарлана берді. Біз Солдатқұлағанға жеткенде, алтын шапағын шашқан күн ұясына еңкейген. Кейбір тұстан Мұзтау менмұндалады. Фотографтар үшін бұл – алтын уақыт, сәтті кадрлар түсіретін кез. «УАЗ» көлігінен жапа-тармағай түскен олар жан-жаққа жүгіре жөнелді. Ыңғайлы нүкте іздеп, маңайдағы сұлу табиғатты суретке басып алу үшін ширақ қимылдады. Әй бірақ мұншама сұлулықты әп-сәтте суретке түсіріп алу әсте мүмкін емес. Ол үшін Алтайда айлап, апталап жату керек, асықпай аралау керек. Дегенмен Солдатқұлағаннан қоржындарын панорамалық суреттерге толтырды-ау деймін. Қараңғы түсе төменге асықтық. Күре жолдың бойында Берелге апара жатқан автобусымыз күтіп тұр…

Берел

Төр Алтайды аралап қайттық

Таң атар-атпастан фотоапараттарын арқалап, Берел-қорық мұражайының маңындағы төбеге шығып кеткен Досжан мен Бекбол ентігіп етекке түсті. «Аю жүр», – дейді екеуі жарыса сөйлеп. Олардың айтқанына аса мән бере қоймаған осы жердің күзетшісі:

– Е-е-е, аю жүре береді. Қонжығымен жүрген аю болмаса, адамға шаппайды, – деп екеуінің үрейін басқандай болды. Досжан Балабекұлы «таукезбе» фотограф болғанымен, Алматының тауларында мұндай жабайы жануарлар кездесе бермейді дейді.
Фотографтар бір үйдің баласындай таңғы астарын ішкен соң, сақтар мен түркілердің заманындағы жәдігерлермен, обалармен танысты.

– Берел-қорық мұражайы174 гектарды алып жатыр. Бұл жерде Сақ дәуірі және Түрік дәуірінің адамдары жерленген. №11 обаны естіген шығарсыздар, 1998 жылы осы жердегі қазба жұмыстары кезінде әйел мен ер адамның және он үш жылқы табылған. Жерленген ер адамның жасы 35-40 жаста, ал қасында жерленген әйел адамның жасы ер адамнан 30 жас үлкен болған. Ғалымдар оларға генетикалық зерттеу жасап, анасы мен баласы екенін анықтаған. Басынан жарақат алған ер адамға сол заманда ота жасалғаны да белгілі болды, – дейді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Жания Сегізбаева.

Көне мәдениетпен танысқан фотографтар қараңғы түскенше құнды жәдігерлерді, тоң басқан обаларды таспалап алуға тырысты. Бір тобы Берел ауылының тыныс-тіршілігінен де тұрмыстық фотолар түсірді.

Көккөл

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Киелі Алтай: Берел-2019» фотоблог турының үшінші күнінде арнайы жасақталған «Урал» мәшінімен Мұзтауды маңдайға алып, Қаракөлге жолға шықтық. Қаракөлге нағыз жол таңдамайтын көлік болмаса, былайғы джип сымақтар да шыға бермейді.

Көбігін атқақтата ағып жатқан Ақбұлқақ өзеніндегі көпірге таяй бере біз мінген «Урал» кілт тоқтады. Жүргізуші түсіңдер дегендей ишарат жасады. Тегі ағаш көпір қауіпті болса керек. Алып мәшін шегіншектеп барып, ағаш көпірден зу етіп өте шықты. Көпір сықыр-сықыр ете қалды. Біз жаяу өттік. Кейбір тұсындағы тақтайлар ойылып кетіпті. Жүрек жұтқан жүргізуші жолаушылардың қауіпсіздігін сақтағаны ғой.

Көп ұзамай Қарайрық ауылында аялдадық. Кезінде тіршілігі қайнап жатқан ауылдағы үйлердің көбі бос тұр, төрт-ақ отбасы қалыпты. Әрі қарай ерекше қорғалатын Ұлттық парктің аумағы. Ақысын төлеп, постан өттік. Таудың тас жолымен келе жатқан көліктің дауысы ышқына түсті. Өр. Жолдың қос қапталындағы қалың жыныста қабан көп жүреді екен.

Язовое сарқырамасының тұсына келіп тағы бір аялдадық. Сарқырама сондай биік болмағанымен, сұлулығымен көз тартады. Фотографтар шырт-шырт еткізіп суретке түсірді де, қайта көлікке жайғасты. Ұзақ жүрген жоқпыз, бір асудан асқан соң, мөлдіреп Қаракөл көрінді. Қалай дегенмен де, адам аяғы аз. Көл маңайы көкмайса шөп. Жаздың он төрт күні ғана ашық тұратын Мұзтауды бұлт басып тұрды. Түсірілім тобы көл жағасына аппараттарын тізіп қойып, ымырт түскенше ақбас шыңның ашылуын күтті…

Үш күнде фотоэкспедиция мүшелері Алтайға бауыр басып қалғандай көрінді, қимай қоштасты. Берел-қорық мұражайының директоры Жангелді Ахмадиев топ мүшелеріне алғысын айтып, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер фототілшісі Нұрманбет Қизатұлына, «National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-фотографы Ерболат Шадраховқа қазақтың дәстүрімен шапан жапты. Топты бастап келген Асылхан Әбдірайымға да ерекше ілтипатын білдірді. «Киелі Алтай: Берел-2019» фотоблог турын ұйымдастыруға атсалысқан «Шығыс-Ақпарат» басшылығын Алғыс хатпен марапаттады. Келген қонақтар да «Берел-қорық мұражайына» естелік ретінде кәдесыйларын табыстап кетті.

Ал сіздер фотографтардың Төр Алтайда түсірген жауһар туындыларын Алматыда, Семейде, Өскеменде өтетін көрмеде тамашалай аласыздар.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button